Зейникамал Зейнел-Ғабиқызы

                              Әкем көркем мінезді жан еді…

          Мен әкем мен шешемнің тұңғышы едім. Менен бұрын туған ұл бала аз күн тұрып шетінеп кетіпті. Ол кезде әкем жиырма бірде, шешем он жеті жаста екен. Әлгі баланы әжелерім бағып екі күндей жылап жатып өліп қалыпты. Апам өкініп отыратын, «Балаға жақындауға, емізуге  үлкендерден ұялып, баладан айрылып қалғанына қатты өкінетін.

          Көп ұзамай мен дүниеге келіп қайғыларын жеңілдетіппін. Әкем көбіне мені тұңғыш дейтін. Ғалым, данышпан, батыр дейтін. Маған қатты ренжісе «ей, кәпір» дейтін. Әжем марқұм мүлде жаман сөз айтпайды екен. Қатты ренжігенде «көк ешкің жоғалмағыр немесе ниетіңе қарқ бол» дейді екен.

          Мен ес білгенде әкем әлі жазушы емес еді…

          Есімде білгенде әкем төсек тартып жатқан болатын, апам оның жанында безектеп жүгіріп жүремін. Тамағын дайындайды, дәрісін береді, жұбатады. Маған шулауға, бірдеңе сұрауға, жүгіруге  болмайтынын білемін. Қиналамын. Апамды аяймын, себебі әкем көбіне қазымырланып ұрсып жатады. Апам жылайды, сонда да шаруасын істейді, малын бағады, бізді маңдайымыздан сипайды. Кейде колхоздың жұмысына алып кетеді. Ол кезде мен әкемнің жанында отырамын. Әкем маған кітап оқып береді. Маған оқу мен жазуды да үйретті. Бес жасымнан өздігімнен оқи бастадым.  Әкемнің мәз болғанын көріп одан сайын ынталанатынмын. Үйде де, түзде де шаруаға ерте араласа бастадым. Кейде бірдеңені бүлдіріп алып апамнан таяқ жеп те қалатынмын.

          Бірде апам әкеме:-  Типмәк жейсің бе?- деп сұраса түсініп қалады екенмін, сонда кәмпит деген сөзді соңынан оқып «типмәк» дегенде де екі жастағы кезім, не деп отырғанын біліп қойыппын. Содан өзара күлісіп маған да кәмпит берген екен. Осындай бал шағымда әкемнің  маған арнаған «Бөбек жыры» деген өлеңі бар екен.     Онда:

Отырмын жалғыз бөлмеде,

Тербетіп қалам оңаша.

Қиялым кетед әр неге,

Қаптайды ойлар тамаша.

 

Кіріп келді бал бөбек,

Кішкене қызым Шәйкенім.

Тұрды бір қарап еркелеп,

Ұққандай сырын әр ненің.

Сырқаттанған көп жылдар,

Жүдеу тартқан өңіме.

Қадала қарап ойлана,

Айтпақ болды әлде не.

 

-Әке деді – жақындап,

Осынша неге жүдедің?

Әлде сырқат меңдеген,

Таптырмай жүрме бір емін?

Білім алсам оқысам,

Бас дәрігер мен болам.

Аурудан ол кезде,

Бейнет көрмес еш адам!

 

Қуанып бөбек сырына,

Бетінен сүйдім құшақтап.

Келсейші сол бір жақындап,

О, аңсаған болашақ! – деп әкем арманды ойларын өлеңінде жазған екен. Бұл 1950 жылы болатын.

Әкемнің жүрегі жұмсақ еді. Жаңағы Күлзейне әжемді жесір қалды деп мал-дүниесімен үйге көшіріп әкеліп шешеме бақтырды. Өз мал-жанының мехнаты аздай  бейнетіне бейнет қосылды. Сонда апам жастығы ғой, қабақ шытпай  сол кісілерді мал-жанымен күтеді. Әрі науқас күйеуі, өз бала-шағасы дегендей… одан қалды колхоз жұмысына жегіледі.

Мен сол кездегі  әке-шешемнің кеңдігіне қайран қаламын. Одан қалды Базар атамыз малдың басында болды да төрт баласы біздің үйде тұрып бастауыш мектепте оқыды. Бәрін жуып-шайындырып, киімін жуып, тамағын істеп, сабағына қарап шешем бәйек болып жүретін. Атамның Қайыржан, Жамбосын, Қалихан, Уәлихан деген балалары біздің үйде өсті, өйткені Базар атамдар Қаратал аулындағы қоста отырды да мектеп болмай біздің ауылдағы төрт жылдық бастауыш мектепке балаларын оқытты.

Әкемнің қаламгер ретінде аты шыға бастағанда алыстан іздеп келетін  ақын-жазушылар, журналистер баршылық еді. Сырттан ат басын бұрып келер қонақтардың жөні бір басқа. Қонақ келсе апам бізді қарсыда тұратын нағашымның үйіне жіберетін. Сары биенің қымызын сапырып, жаз болса сүр етін асып, сары бауырсағын дәмдеп пісіріп  қонақ күтер еңбекқор қайран анам-ай! Сенен де өтті-ау бұл дүние…

Мен бала кезімнен кітапты көп оқыдым. Мен кітаптың желісімен қызығып оқи жөнелгенде айналадағыны бір сәт ұмытып кетеді екенмін. Тіпті құлағымның түбіне келіп айғайлап тұрған апамның дауысын да естімейді екенмін. Ондай сәтте желкемнен түйіп жібергенде ғана есімді жиятынмын.

Әке-шешем де кітапты керемет оқитын. Бірімен бірі таласып, қайсы бір сирек кітаптарды тауып алып, ауыздарының суы құрып оқып жататын. Сіңлім Ботакөздің атын да Сәбит Мұқановтың «Ботакөз» романын оқығаннан кейін қойған болатын. Мен де бір жағынан жармасып қалыспай неше түрлі кітаптарды оқи беретінмін.

Бірде «Мың бір түнді» оқып отырып ұсталып қалғаным бар. Мұндай кітапты саған оқуға болмайды деп қатты ұрысқан. Жарайды, енді оқымаймын деп құтылғам. Бірақ мен оны баяғыда оқып қойғам, түк те түсінбесем де ертегі сияқты көргем. Кітапқа құштар Уәлихан еді. Ол деген тек қана оқып қоймайды, бәрін тәптіштеп айтып береді және қандай қызық қылып айтады. Оның жанында қазіргі телесериалдар түкке тұрмайды. Уалихан осы жолды ұстағанда Шекспирден де артық драматург болатын еді. Әкем Уалиханды жанындай жақсы көруші еді. Мен үшін де аса қадірменді бауырым.

  Уалихан Базарұлы Қаражігітов қазір еліне еңбегі сіңген дәрігер.

  Әкем сары биенің қымызын ішіп, Ілияс Омаровтың жіберген арнайы дәрілерін ішіп бірте-бірте жазыла бастады. Жазған еңбегі бағаланып, өнер мен әдебиеттің жанашыры, сол кездегі обкомның секретары Ілияс Омаровтың қамқорлығымен  1956 жылы жас қаламгерлердің мәслихатына әкем Алматыға кетті. Менің он  жастағы кезім. Марал мен София кішкентай, апам аяғы тағы да ауыр еді. Әкем жоқта қыз туып, бір ай аты қойылмай жатты. Неткен қиын күндер еді…Ел-жұрттың көмегімен әкемді қарсы алдық. Ол кезде қалаға жету бір қиямет болатын. Автобус, машина деген жоқ, ауылға қайту да қиыншылық тудыратын.

Әкем келіп бәріміз қуанып жатырмыз. Керемет сәнді киінген, жүзі жарқырап құшағын жайып тұрғаны әлі көз алдымда. Мен жүгіріп келіп құшақтай алдым. Екпінім күшті болды білем, әкем байғұс теңселіп кетті. Бір жері ауырып қалды ма, қабағын сәл шытқандай болды. Мен ұялып қалдым. Бірақ сәл кідірістен соң мені құшақтай алып бетімнен сүйді. Ол Алматыдан біз көрмеген әртүрлі ғажайып заттар әкелді. Маған құйып қойғандай жасыл пальто  әкеліпті. Алма, апельсин, мандарин, жүзім, кәмпит тағы да басқа тәттілерді бір чемоданға салып алып келген екен. Бәріміз мәзбіз. Ауыл адамдары келіп «ат-көлік аман ба?»- десіп, шәй ішіп базарлықтан ауыз тиіп кетіп жатты. Әкем бәрін де сағынып қалыпты, беттерінен сүйіп жатыр, қуанып көрісіп жатыр. Бетін қотыр басып кеткен туысқанымызды да бетінен сүйіп жатыр. Артынан «қотырды сүйгенде жеркенбедің бе?»- деп, апам қалжыңдап сұрап жатыр. Әкем болса «қотырын қайтейін, мен олар түгел ауылымның түтінін де, көшеде үріп жүрген итін де сағынып қалыппын» -дегені бар.

Тәтем келген соң дүрілдетіп той жасадық. Құтты қыздың атын Ардақ деп қойдық.

Алматыдан келген соң әкемді қалаға, облыстық газетке жұмысқа да шақырған, «әке-шешемнің жатқан жерінен кетпеймін» -деп, елін-жерін қимай өмір бойы туған жерін қимай осы жерде өмір сүрді.

1959 жылы алғашқы «Бастама» деген жинағы шығып қатты қуанды, жазушы атанды. Өзі де науқасынан айығып ширай бастады. Шаруаға да қолұшын беріп әлі келгенше қолұшын бере бастады.

1960 жылдары Ілияс Омаров ағамыздың  қолдауымен әкем екеуміз жаңа үйдің фундаментін құйдық. Шөп шаптық, отын әкелдік, қора-қопсыны жөндедік.

Әлі есімде, күні бойы шөп шаптық. Бізбен бірге Қайырбек жездем мен Бибіш апатайым. Самауыр қойып, қайнаған соң бауырсақ, сары май, бүлдіргенмен шәй іштік. Таза ауада ішкен ас дәмді болады емес пе? Шөлімізді қандырып алған соң қайта шөп шабуға кірістік. Әкем екеуміз қатар тұрып шалғымен шөп шауып келеміз. Әкемнің белі ауырады ғой, тез шаршап қалады. Жолымызды ауыстырып алып мен алға кетем, сосын қайта айналып келіп қуып жетемін. Әкем «менің сирағымды шауып кете жаздадың ғой, пәтшағар» деп, мәз болып күледі. Тағы жолын береді. «Әй, менің батыр қызым-ай» деп күледі. Мен одан сайын жігерлене түсемін.  Ең кереметі- көпенелерді арбаға салып, шөпті тиеп алып ауылға қайтқан сәт. Әкем алда отырады, мен шөптің үстінде шалқамнан түсіп жатамын. Мен аспанға қарап жұлдыздарды санамақ боламын. Әкем бір ғажайып әнді қоңыр дауысымен баяу әндетіп келеді. Мен күні бойы шаршағанымды ұмытып, ең бақытты бір сезімге бөленемін. Оралмасқа кеткен қимас балалық шақтарым-ай!…

Бесінші сыныптан бастап мен көрші Баян ауылына оқуға кеттім. Сенбі, жексенбіде келіп тұрамын. Бірақ ата-анадан алыс кетудің қандай қасірет екенін жан- дүниеммен сездім. Сол кезден бері жүрегімде терең бойлаған сағыныш бұл күнде зорайып кеткендей.

Үйге келгенде құшақ жайып қарсы алар әке-шешеңнің болғаны қандай ғанибет. Бауырларың жапырлап құшақтап жатса қандай бақыт?!…Бұның бәрі дәл қазір қол жетпес арман, сағынышты аңсауға айналған тірлік…

Алматыға барып келгеннен кейін әкем ауыл мәдениетін көтеруге атсалысты. Біз бұрын суды көлден алатынбыз. Әкем таза суды алудың жолдарын іздеп, ауылдағы үлкендермен ақылдасып құдық қаздырды. Біздің үйден алысырақ болғанмен суы тұщы болды. Ауылдың ортасындағы су кермек татып жұрт ішпей қойды. Алыс құдықтан иінағашпен су әкеліп жүрдік, қыста шанамен дегендей.

Әкем үй маңындағы қоқыс, малдың қиын алыстау жерге апарып жағып жіберу үшін көп тер төкті. Ауылда әжетхананы бірінші болып салып үлгі көрсетті. «Тазалық-жұқпалы ауруға жол бермеудің бірден бір жолы» – деп ауылдастарына түсіндірді. Көктем шығып, қар кеткенде көшелерді сыпырып, қоқысты жағып, 1-май мейрамына дейін  ауылды тазарту әкемнен қалған үлгі еді. Қоқыстан арылған жер құлпырып шыға келетін, қазот деген шөп кілемдей төселіп, жаз бойы жап-жасыл болып жататын. Балалар ойнап, үлкендер төсеніш төсеп қаз-қатар отырып әңгіме-дүкен құратын. Қалихан ағатайым патефон әкеліп, ауылдастарымыз ән-күй тыңдап, мәре-сәре болатын. Көктемнің сол бір күндері-ай!…

Әкеміз  Ілияс Омаров  ағамыздың ауылды көгалдандыру, әр үйде үй өсімдіктері, гүлдердің өсуі жайлы ақыл-кеңес бергені бар. Әкем  Ортақкөл аулының әр үйінде көшеттер отырғызылуына, үй гүлдерінің көптеп өсірілуіне атсалысты.

Әкем  жеке бастың гигиенасына аса көңіл бөлген жан. Ауылда монша салу, тістің, қолдың, аяқтың тазалығы, төсек-орынның тазалығы, үйде желдеткіштің болуы, дене  шынықтыру, үстел басындағы тәртіп, т.т. адамға пайдалы кеңестің тек отбасында ғана емес, жиналған жерде де насихат етіп айтып отыратын.

Әке-шешемнің жанына жақсы адамдар үйір еді. Есімде қалғаны, кешкілік біздің үйге жиі келіп тұратын  ағаларымыз әкем сырқат кезінде қора-қопсымызды тазалап, отын, шөп-сабан түсіріп  жанашырлық танытатын. Солардың ішінде марқұм Ермұқан, Нәси, Мырзахмет, Нүкен, Мәкен, Жағыпар нағашым, Қайырбек жездемнің  қамқорлығы ерекше еді.

Ағаштан қалап үй салғанда да бүкіл ауыл келіп қолұшын берген. Ол бір дархандықтан тұратын адамдар еді-ау…

Әкемнің рухани бай болғандығынан болар, біздің үйге   атбасын бұрып, бір әңгімелерін айтып келіп-кетіп жатқан жерлестеріміз көп болатын. Әкем маңайына шуақ шашқан, ақжарқын, көпшіл жан еді. Домбырасын шертіп әндетіп отыратын әкеммен сырласқан адам біраз уақытқа дейін сергек жүретін, бұл адамның рухына қажет азықты алғандықтан болар.

Мен Қарағандыдан демалысқа келгенде де ауыл адамдары не оқып жүргенімді сұрап әңгімеге тартатын. Адам анатомиясы жайлы айтқанымда бірде шешем қолымды қайта жууымды өтінген. Мен адам мүшелерімен жұмыс істейтінімді, зерттейтінім жайлы айтқанмын. Бізді бірінші курстан мүрдеханаға апаратын еді, сол жайлы айтқанымда жағаларын ұстайтын, кәдімгідей шошушы еді.

Мен институтқа түскен жылдар халық үшін өте ауыр болды. Хрущев жеке шаруашылықтағы малды азайту керек дегенде әкем бие мен тайды бірден сойып тастап, бір сиырмен қалдық. Сиыр қысыр қалып, дүкенде сатып алар ештеңе жоқ, жоқшылық басталды.

Қарағандыда нанның кезегі далада тұратын, бір қолға бір нан  немесе батон  беретін. Осы жылдары қорықпай әке-шешем оқуға жіберді. Апам қатарынан қалып қоймасын деп шешім қабылдады. Ақша мәселесі оларды қатты қинады. Апам не істерін білмей түні бойы түбіттен шәлі тоқып маған ақшасын жіберіп отырды. Посылка салады. Мен жағдайдың қиын екенін білемін. Ақша сұрап жиі мазаламаймын. Кейін әкем «күнім-ау, сен қалай оқыдың, ештеңе сұрамаушы едің ғой, кейінгілер ақша сұрап мазаны алады» -деп  таңғалатын. «Шәйкен бір сиса көйлекпен институт бітірді» – деген ел аузында аңыз бар. Бір жас қыздың «тәте, бір сиса көйлекпен алты жыл институтта оқығаныңыз рас па?» деп сұрағаны да бар. Сонда мен «ей, балам-ай, ол жай бір әсерлі сөз ғой. Мен оқыған кезде әке-шешеммен үшін барын салған. Каникулға келіп-кеткенде үр жаңа киіндіріп жіберетін. Жыл сайын пальто, шапка, етік жаңадан әперетін. Ол менің төзімділігінің, ештеңе сұрамайтындығымның нәтижесі, әрқашан барға қанағат ететінім өзіме көп пайдасын тигізді. Жақсы ат әперді. Әке-шешем маған әрқашан риза еді сол үшін…

Әкем менің мықты психолог еді. Әр баланың мінез-құлқын бақылап, зерттеп кімнің қандай қабілеті бар, қай мамандыққа бейім екенін байқап отыратын. Соны балаларының санасына жеткізуге тырысатын. Әрқайсымыздың бойымызда қандай кемшілік бар, соны ескертіп отыратын.

Менің бірде мақтанып кетіп біреулерді кемітіп отырғанымды көріп былай деді:- Апасы, осы мен мақтаншақ адамдарды жек көремін. Қалай ойлайсың, адамнан адамның қандай айырмашылығы бар? – деп жорамалдап сұрады. Мен өз қателігімді бірден түсіне қойдым. Сонда апам:- Әрине, мақтаншақ адамды ешкім жақсы көрмейді. Адамгершілігі, білімі, тәрбиесі бар адам мақтануды ұят көреді. Айырмашылығы сол болу керек,-дегені бар.

Әкем бірде қиялға кетіп «Менің тұңғышым профессор, академик болады» деді.  Ол кезде мен әлі мектеп қабырғасында оқитынмын. Үздік оқушымын. Сосын айтқан болар. Біраздан кейін ойланып тұрды да, «болмасаң да еркің, бірақ адам болу міндетің» -деді. Мен де сұрақ қойғышпын:

–         Әке, адам болу академик болудан да қиын ба? Ол үшін не істеу керек?

–         Ие,- деді қайран әкем ол қиын да емес, сондай ақ оңай да емес.

Әкем әр баланың келешегінен үміт күтетін:

Шәйкен- ғалым-дәрігер, Ботакөз-данышпан-ұстаз, Марал-өнерпаз, әртіс, София- сәулетші, Ардақ-өнерге бейім, Алтын-әнші, ойшыл, еңбекқор адам болады деп отырушы еді. Соңынан екі ұл еріп, Қуанышты майкөтен қыз деп еркелетті. Әкем осыдан кім шығады деп отыратын еді. Зейін-құдайдан бұршақ салып сұрап алған ұл. Ел мақтайтын азамат болады деп үміт артушы еді. Ол жоғары білімді инженер-құрылысшы. Кіші ұл Зейнұрды жанындай жақсы көретін. Тіпті оқуға жібермеймін, қасымда болады деп алысқа жібергісі де келмеген. Әйтсе де Алтынның көндіруімен Алматыға келіп, Ауылшаруашылық институтының агроном факультетін бітірген. Қосымша Халық шаруашылық  институтын бітіріп, экономист деген мамандықты да алған. Зейнұрды әкем шаңырақ  иесі деп дәріптеп отыратын. «Шаңырақ иесі келді, енді өлсем арманым жоқ» – деп баласын үйлендіріп, қуаныш үстінде жүргенде әкем екі-үш айдың ішінде дүние салды.

Ең кішкентайымыз Аяжан апамның кенжесі, қызығы болды. Бала кезінен өнерге, өлеңге бейім болып өсті. Орыс мектебін бітірген соң әкемнің шығармаларын орыс тіліне аударып біраз жұмыс істеді. Қызылжардағы университеттің  филология факультетін бітірерге екі ай қалғанда тұрмысқа шығып, диплом ала алмай қалды. Өте өкінішті. 

Әкем бізді қыз  екен деп кемітпеді. «Мен бір қызымды сендердің он ұлдарыңа  айырбастамаймын» -деп  отыратын.       Жуырда сіңлім Софияға «Зейнел-Ғабидың көп қыздарының бірімісің»- депті біреу. «Әкеміз көпсінбеген балалары едік, бұл қалай болды?»- деп ренжіп қалдық.

Әкем марқұм мені әрқашан ілгері басуға ынталандырып, жігерлендіріп, әр іске бел бууға, тәуекелге ұмтылуға бастап отырушы еді.

Әлі есімде, маған бірінші курста оқу өте қиын болды. Әкеме хат жаздым: «Орыс тілінен түк білмеймін, ылғи екілерді алып жатырмын, оқи алмайтын сияқтымын. Не істейін?»-  деп жыладым. Сосын хат күттім. Үйге қайт десе тұра тарпақпын. Сағынышым күшті. Бір күні хат келді: «Жарайды үйге қайта ғой, дәл қазір іштің қазақтары ұлдарына қыз іздеп жүр. Солардың біреуіне беріп жіберейін» – деді. Мен оған қалай келісе алайын. Жылап- жылап үйреніп кеттім ғой, әйтеуір. Әкем, сөйтіп, намысыма тиіп, шымбайыма батырмаса оқып кете алмас едім. Бірінші сессияны екі төртке беріп келгенде де қабағын түйді.

– Болашақ дәрігер беске оқу керек. Бұл жарамайды- деді. Әйтеуір Жағыпар нағашым араша тұрып ақтап алды. – Бесті әлі әкелер, орыс тілін лям- мим деп білмейтін бала осындай бағалармен келгеніне рахмет айтайық,- дегені ғой.

Мен де кезінде әкемді бір іске ынталандырғаным бар. Бәди әжем, құдай рахмет ойласын, соғыс кезінде қалай балық аулағанын есіне алды. «Бір құлаш ауды қамысқа байлай салсаң, таңертең бір шелек балық аласың. Біз, сөйтіп, көлдің балығын да азық қылғанбыз» деді. Маған бұл іс ұнап кетті. Бір кішкентай ау тауып алдым да әжем айтқандай, жағаға жақын қамысқа байлап кеттім. Ертеңінде (ешкімге айтпай істеп жүрмін ғой) ерте тұрып көлге барсам, су мұздай, әрең дегенде ауыма барсам, балықтар жылтырап көрініп жатыр. Тоңғаным есімнен шығып кетті, қуанғанымда шек жоқ, абырой болғанда мықты он балық түсіпті. Үйге алып келдім. Апам таңқалып жатыр. «Қайдан алдың?»- дейді. «Өзім аулап әкелдім»- десем сенбейді. Келесі күні көбірек түсті. Сөйтіп жүргенде, бір күні қарасам, әкем көлдің жағасына келе жатыр, маған ұрсады шығар деп, қорқып кетсем, ол кісі бір ескі қайықты қарап жатыр. Сол күннен кейін қайықты жөндеп алып балық аулауға кірісті. Біз апам екеуміз ау тоқыдық. Бірнеше ау салғанда көп балық түседі, апам оны көршілерге таратады. Бәрі тамсана жеп мәре- сәре болып жатады. Кейін де бір қадірменді ағалардың естеліктерінде апамның пісірген сол балығының дәмі таңдайларынан әлі кетпегені жайлы айтқаны бар.

Мен медицина институтын ойдағыдай бітірдім. Сол жылы қатты ауырып ауруханада ұзақ жаттым. Сонда бір жігітті кездестірдім. Ақыры  ауылға дипломмен қоса Құрман есімді болашақ жарымды ертіп келдім. Бұл арада қазақтың салт-дәстүрін белшесінен бұзғанымды іштей біліп келемін. Ақталуға мұрша жоқ. Әке-шешем маған кейитін болды-ау деп іштей уайыммен келдім. Бірақ жағдай солай еді. Құда жіберуге жағдай көтермейді. Әрі өзім ұзақ ауырып келген соң менің аман келгеніме олар қуанды да  мал сойып, ел-жұртты шақырып той жасады.

Сонымен  мені  жолдама бойынша өз совхозыма жіберді. Ел-жұрт ауруханаға келіп емделіп жатты. Апам мен әкем де мәз. «Төбем көкке екі елі жетпей қалды» деп әкем қуанды. Жандарында болғанмен көмегім азырақ болды. Өйткені жолдасым Құрман Өскемендегі автожол институтының соңғы курсында оқитын. Бар жиған-тергенім сол жаққа кетіп жатты.

Әке-шешем бізге кешірімділік жасады, тіпті енемді балаларының қолына қарап отыр ғой деп құдалық жасауға, жолын  жасауға қыстаған жоқ. Құрманды ата-анаммен қоса ауыл жақсы көрді. Біз келгенде кезекке тұрып шақырушы еді. Әкем, апам, Құрман төртеуміз қатар түзеп қыдыратынбыз. Ол бір аса бақытты шақтарым еді…

Біз Алматыға көшіп кетерде әкем қатты қайғырды. Ол кісі «Бірде сағынып, жаным құлазып, көзіме жас алып жатып қалдым. Түсімде Құрманды көрдім. Енді ояна келсем, Құрман есіктен кіріп келе жатыр. Не болғанымды білмедім, «өңім бе, әлде түсім бе» деп абдырап қалдым. Содан құшақтап алып жыладым,- деп еді. Ол Құрманды менен артық жақсы көретін. Сен оған ұрсып, «мазасын алма, білем сені, қырсықтығың бір кісіге жетеді» дейтін.

Мен әкемнің бір-ақ рет туған ағасы Базар атам қайтыс болғанда жылағанын көргенмін. Ол өте қайсар болатын, ана мына қиындықтарға мойымайтын.  Бірақ, сағыныш қайғыдан да күшті болады ғой. Міне, бүгінде қайғымыз азайғанмен сағынышымыз үдеп кетті. Кейде ата-анамның бұл дүниеде жоқтығын ұмытып, ел жақта баяғыдай тіршілік етіп жатқандай күй кешемін. Сағынамын. Иә, о дүниеде де рухтары табысып жандары жәннатта болғай! Құдай рахмет ойласын! – дегім келеді. Осындай ерекше ата-анамның болғанына, бауырларымның амандығына, елім-жерім, бізді іздейтін жерлестерім болғанына, сондай-ақ өмірден көрген жақсылықтарым үшін аллаға бір да бір шүкір деймін.

Әкем марқұм екеуміздің арамызда аса бір тамаша сезімталдық бар еді. Ол кісі әрқашан менің өмірімде не болып жатқанын, ой өрісім, қандай әдет мінез, қандай бір ұстаным пайда болғанын байқап, өзіне тән әдіспен зерттеп отырған сияқты болушы еді. Мектеп қабырғасындағы кезде болсын, институтта оқып жүргенде болсын, жұмысқа кірген кезде де, үйге келгенде әңгімеге тартып ұйып тыңдап отыратын. Мен де барымды салып, ең бір қызық оқиғаларды майын тамызып айтатынмын. Кейбіріне таңқалады, кей бір күлкілі жерлеріне шек сілесі қатып күледі. Және жиі айтатын: «осы сен роман жазсаң, ел тамсанып оқыр еді» -деп. Мен: «ондайды істеу қолымнан келер ме екен, дәрігеріңіздің қағаздан мезі болған халі бар» десем, «е, е, әлі қағаздан да босарсың, менің сөзім де есіңе түсер» -дейтін. Сол кез жақындап қалған сияқты.

Бұл әкемнің маған берген тапсырмасы деп көптен бері ізденіп жүрмін, бірақ әлі ештеңе шығара алмай қиналудамын.

Әкемді соңғы рет көргенім әлі көз алдымда. Ол кезде біз Жезқазғанда тұрамыз. Сирек кездесеміз. Жылына бір рет демалысқа барғанда болмаса көрісе алмаймыз. Сағынып жүреміз. Хат алысамыз. Мен қатты ауырдым. Әл үстінде жаттым. Дәрігерлер мені ем қонбайды деп ауруханадан шығарып  тастады. Түрім адам шошырлық. Әкем мен апам келді. Олар қатты қорықты, әкем не айтарын білмей «сен өлгенше, мен өлейін» деп қайталай беріп, солқылдап кеп жылады дейсің. Мен де жыладым, әке- шешемді көріп қалғаныма қуанып жатырмын.

Біраз болды, содан соң үйге қайтуға жинала бастады. Қоштасып, жылап еңіреп мен үйде қалып қойдым. Жүруге хал жоқ. Жанымды қоярға жер таба алмай, бұлқындым ғой деймін. Орнымнан тұрдым, бірдеңе киім тауып алдым, такси шақырып вокзалға келдім. Бәрі таңқалды. Апам мен әкем вагонға кіріпті. Мені көріп әкем вагонның әйнегінен басын шығарып күліп тұрды. Поезд жүріп кетті. Сол менің әкемді соңғы рет көргенім. Дегенмен олар келіп кеткен соң мен ептеп – ептеп тәуір бола бастадым. Үш айдан кейін ойда жоқта әкем дүние салды. Әкем өз тілегімен маған өмірін сыйлап кетті. Менің бұған еш шүбәм жоқ.

Әкем «Осы Шәйкен жуас» дейтін. Мен көп сөйлемеймін, ешкіммен қарсыласпаймын. Қолымнан келген істі аянбай атқара беремін. Барымды ешкімнен аямаймын, бере саламын. Сол үшін ғой деймін. Жуас деген жақсы сөз емес қой, ол  менің көңіліме келетін. Бірақ әр нәрсеге ұмтылу үшін, жақсылыққа бет бұру үшін бір себеп, бір жігер керек қой. Әкемнің өкінішті қазасынан кейін мен де бұрынғыдай өмір сүруге хақым жоқ деп білдім. Өмірімді өзгертуге тырыстым. Москваға барып лазер медицинасын үйреніп келдім. Кейінірек тағы да Россиядан білім жетілдірдім. Үш баламды дәрігер мамандығын алуға көмектестім. Жекеменшік емхана аштым. Сөйтіп қолымнан келген барлық істерді абыроймен атқардым деп есептеймін. Осы істеген істерімде мені алға тартып, жігерлендіріп, желеп-жебеп жүрген әуелі алла, сосын  әкем марқұм ғой. Ол кісі әлі де баяғыдай менің жанымда жүргендей көрінеді, жақсы істеріме қуанып, қате кеткен жерлеріме ренжитін сияқты.                                                            2015 жыл

                                        

 


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here