ВЕНЕРА ҚАРМЫСОВА: «ӘКЕМ ӘННІҢ ӘУЕНІНЕ ЕМЕС, СӨЗІНЕ МӘН БЕР», – Әр жылдың көктемі басталысымен қарбалас жұмыстарға, өнер сапарларына қарамастан М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры актерлерді көрермендерімен көктемгі көтеріңкі көңіл күйде қауыштыру мақсатында «Театр көктемі» фестивалін өткізіп тұруды әдетке айналдырғалы қашан? Әсіресе, ғұмырларын өнерге арнаған театр қайраткерлерінің есімдерімен байланыстырып отырулары көңілге қуаныш ұялатады. Сол сияқты биылғы өнер фестивалі – КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты және театрдың іргетасын қалаушылардың бірі Камал Қармысовтың 100 жылдығына арналды. Осы дәстүрлі өнер байқауынан кейін атақты актердің қызы, қазақтың белгілі әнші қызы Венера Камалқызына жолығып әңгімелескен едік. Әрине, сұхбат та алдымен әке жайлы б­ас­­­­талды. – Сіздің ғана емес, бүкіл өнерсүйер қауымға әке бола білген Камал ақсақал қандай азамат еді? – Кез келген пендеңіз өз ата-анасы жайлы жағымсыз пікір айтпаса керек. Менің әкем керемет балажан болды. Көпбалалы отбасы болуы да сондықтан болар. Біз үш қыз, екі ұлмыз. Мен тұңғыштарымын. Көзімізді ашқаннан өнер адамдарының, әдебиет пен мәдениеттің мықты-мықты қайраткерлерінің арасында өстік. әкеміз ойнаған бірде-бір спектакль біздің назарымыздан тыс қалған жоқ. Ес жиып, етек жапқалы қазақтың марқасқалары ошағымыздан дәм татып, әңгіме-дүкен құрып, ұзақты күн гуілдесіп отырушы еді. Әкеміз ортасында беделді, сыйлы азамат болғанына тағы да көзіміз жетіп, жүрегіміз елжіреп қалды. Өзінің қара шаңырағы Мәдениет министрлігімен бірлесіп 100 жылдығын атап өтті. Театр басшысы Есмұқан Обаев, өнертанушы, сыншы Әшірбек Сығай, Сәбит Оразбаев мырзалар жақсы пікірлерін айтты. Ол кісі туралы деректі фильм көрсетіліп, сонау алыста қалған балалық шағымызға біз де қайта оралғандай күй кештік. Әкем осы Алматы облысының тумасы ғой, аты аңызға айналған Күләш Байсейітова, Шара Жиенқұловалармен бірге оқып, бірге өскен. Домбыра шертіп, ән салғанды ұнататын. Сондықтан да, бала жастан өнерге ғашық болып өстік. Оның үстіне анамыз Ханша да жергілікті жерден мәдениет колледжін бітірген (ол кезде училище ғой), қуыршақ театрының актрисасы болған. Менен кейін Мари деген сіңлім дүниеге келеді де, балаларға қарайтын адам болмай, көрші-қолаң қашанғы қарай берсін, күтімсіз қалғандықтан, әкем: « Екеуміздің біреуіміз өнерді таңдайық» деп талап қойыпты. Әрине, ер-азаматы солай деп тұрса, ақылды әйел ғана отбасына мойын бұрмай ма?! Сонымен, анамыз бойындағы өнерге, қазақтың кенже қалып бара жатқан қуыршақ өнеріне деген бүткіл махаббатын перзенттеріне арнаған. Әкем екеуі 59 жыл бірге ғұмыр кешті. Сыйластықтары үлгі-өнеге болды. Екеуі де тоқсаннан асқан шағында қайтты. Осынау ұзақ жылғы жұптасқан ғұмырларында бір-бірін еркелетіп, сыйласып өтті. Кейін ойласам, әкем де, анам да өз тағдырларына риза болып өтті. Бір-біріне деген махаббаттары мейірімді жүздерінен көрініп тұратын. Әлі күнге дейін сағынып еске аламыз. Жарына, отбасына ғана емес, әкем араласқан жора-жолдастарына да адал, әділ, ізетті болды. Әсіресе, қазақтың мықты актерларының бірі Сейфолла Телғараевпен достығы ерекше-тін. Өнер сапарларында үнемі екеуі қонақүйде бір бөлмеге түседі екен. Оның сыры да бар, өйткені әкем үй шаруасына өте икемсіз, ал Сейфолла аға пысықтау болса керек. Ұқыпты, жинақы. Екеуі бір-бірінің қабағынан ұғынысып тұратын. Анам марқұм, алыс сапарларға кеткенде Сейфолла ағаға табыстап, күліп жататын-ды. Шәкен Аймановпен де, інілерім деп Ноғайбаев, Жантөриндермен де жақсы араласты. Әсіресе, Ыдырыс аға өмірінің соңғы сәтінде әкемді шақыртып, бақұлдасыпты. Ал әкем қайтарда Әзербайжан Мәмбетов: – Камке, гастрольге кетіп бара жатырмыз, біз келгенше жазылып кетіңіз, – деп кіріп шықты. Сондағы ағаның жанарындағы жас әлі көз алдымнан кетпейді. Әкемнің бөлмесінен шықты да, дәлізде тұрып солқылдап жылады. Осы көріністен кейін мен де әкемнің ұзаққа бармасын сезіп, ішім қан жылады… Ертесіне мәңгілікке жүріп кетті… Венера апай көзіндегі мөлтілдеп келіп қалған жасын қол орамалымен сүртті де, әңгімесін жалғастырды. – Ата-ананың ықпалы, қоршаған ортаның ықпалы болды ма, біздің отбасымыздан үш музыкант шықты. Мен – әнші, інім Арыстан – кабой деген аспапта, ал ең кенже сіңілім Ақбөпе – скрипкашы. Екеуі де Өнер академиясының құрметті ұстаздары. Әкем аузынан айналайыны түспеген мейірімді адам еді. Жанының нәзіктігі, жүрегінің жұмсақтығы, мүмкін, өнерге тым ғашықтығынан болар, тіпті біреуміздің бетімізден қақпай өсірді. Ешқашан сендердікі дұрыс емес деп көрмепті. Мамандық таңдағанда да өз еркімізге салды. Бірақ біздің өнер жолын таңдауымыз, меніңше, іштей қуанышқа бөлейтін. Өнер, мәдениеттің төңірегіндегі үйішілік қызу пікірталастарда, әсіресе маған: – «Венерабай, «ң» мәселесі дұрыс болмай тұр. Ән текстеріне өте сақ бол, ақын-жазушылардың сынына ұшырап қаласың, әннің сазына да, әсіресе, сөзіне мән беру керек, – деп отыратын-ды. Республикамызда екі-ақ әнші, Роза Бағланова мен Зейнеп Қойшыбаева ғана таза, әннің әрбір сөзін анық айтады деп мақтап отыратын. “Көпшілігіңіз саздың әуенімен кетесіз де, сөзге мән бермейсіздер” деп ақыл-кеңесін, ой-пікірін ашық айтып отыратын. Шынында да, Люция Төлешова екеуміз қазақ әнін «орысша» шырқайды екенбіз. Өйткені, орысша оқыдық. Тіліміз шұбар. Осы күні «Алтын қорда» жазылып қалған әндерді анда-мұнда беріп жатады, сонда жіберген қателіктерімді байқаймын. Байқаймын да, әкем марқұмның пікірлері алдымнан шығады. Алматыдағы Виноградов пен Мир көшесінің қиылысында «Актерлар үйі» болды. Қазір үлкен ескерткіш тақта орнатылған. Өйткені, қазақ өнерінің майын ішкен ағайынды Абдуллиндер, Манарбек Ержанов, Қалибек Қуанышбаев, Құсайынов, Шәкен Айманов, Бикен Римова, Құрманғалиевтар тұрды. Бір үйдің баласындай керемет араласып дос болып өстік. Сол атақты отбасылардың ең кемінде бір-бір баласы өнерге жақын болып өстік. Бірнеше Мәдениет қайраткері шықты. Оның ішінде Андабек Қуанышбаев театртанушы, М.Әуезов атындағы музейде қызметкер. Майра Айманова, Сәуле Құрманғалиева – опера театрының әншілері болып шықты. Мен – филармонияның әншісі болдым. Бір ғана біздің отбасымыздан әкемнен басқа үш музыка маманы шықты. Әкем жақсы әнші болды дедім ғой, кез келген елдің әндерін нақышына келтіріп орындайтын. Бәріміз сол кісінің төңірегінен шықпай, екі көзіміз домбыраның шегінде, құлағымыз әннің әуенінде ұйып тыңдайтынбыз. Ұйғыр, өзбек, татар, орыс әндерімен қатар, шетел операларының арияларын да айтатын. Менен кейінгі Маридың аты да сол өзі жақсы көріп орындайтын британдық «О, Мари» деген әнді жақсы көретін, соның құрметіне атаса керек. Мари да тіл маманы, Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің француз тілі факультетінің түлегі, екінші курстың өзінде Францияның Сарбон университетінде бір жыл дәріс алып, тәжірибеден өтіп келеді. Қазір университетте профессор. – Тыңдау­шы­ларыңыз сіздің даусыңызды Қазақ радио­сынан жақсы таниды, әңгімені сол жыл­дарға қарай бұрсақ… – Консерваториядан соң облыстық филармонияда әнші болдым. 60-жылдар. Алғаш Құрманғазы оркестрінің сүйемелдеуімен ән салдым. Ол жылдары өнер ұжымдары іссапарға апталап-айлап жүретін. Облыс орталықтары түгіл, аудан, совхоз-колхоздарды, елді мекендерді аралап жүріп концерт беруші едік. Мәдени-үгіт шаралары солай жүргізілетін. Тұрмыс құрып, балалы болған соң отбасыңа да көңіл бөлу керек. Жолдасым Ғибадолла Мырзағалиев партия қызметкері, горкомның секретары, одан кейін министр болды. Келімді-кетімді қонақтарымыз көп болғандықтан, оның үстіне қолымда енем болды. Енеме бала тәрбиесі, қонақ күту қиын ғой. Көзінің ағы мен қарасындай жалғыз ұлы болған соң, соның қас-қабағына қарап, отбасының ұйытқысы болған енем аса ақылды, талапшыл, мінезді кісі болды. Өткір. Өзі де сөзі де өтімді, өктем еді. Бірақ 36 жыл бірге тұрып ешқашан бетіне келмеппін. Үнемі сол кісінің дегеніне көніп, ақыл-кеңестеріне құлағымды түріп, бір-бірімізге «сенікі дұрыс емес» деген айтылмай кетті. Қалада туып, қалада өскен, оның үстіне орысша білім алған мені нағыз қазақтың келіні етіп тәрбиеледі. Отбасындағы тіршілік-тынысымыз, үрдісіміз үнемі қазақтың салт-дәстүріне сай, қонақ күту, қонаққа бару, ел жаққа жылына ат басын бұрып тұру, үйдегі қарым-қатынас та бәрі-бәрі сол кісінің басшылығымен ұйымдастырылатын. Анам: «Екі балаңа алаңдамай апталап-айлап ән салып, өнерде жүргенің енеңнің арқасы» деп үнемі есіме салып отырушы еді. Ойласа, ақылдаса келе Қазақ радиосына ауыстым. Ондағы қызмет – жаңа әндерді эфирге дайындаймыз. Үштік деген болатын, ақын, сазгер, әнші талқысынан дұрыс баға алып өткен әндер ғана радиодан берілетін. Оншақты әншіміз. Зейнеп Қойшыбаева, Люция Төлешова, Рашид Мұсабаев, Лаки Кесоглу, Ескендір Хасанғалиев. Нұрғали Нүсіпжанов бір жылдан кейін Құрманғазы оркестріне кетті. Жолдасым қарбалас қызметіне қарамас­тан анасының да, біздің де көңілімізді тауып, уақыт бөлуге тырысатын. Өзі де өнерді қатты бағалады. Жұмыстан сәл босаса қолына қоңыр домбырасын алып, шертіп отырушы еді. Сосын Мари бастаған балдыздарын керемет жақсы көрді. Солармен бірге кешкі ас ішуге, жинап алып әңгіме-дүкен құруға асығып тұратын. Арман мен Арыс­тан, Ақбөпелер де жезделерінің осы сыйластығына үлкен құрметпен қарады. Олардың араларында әдемі туысқандық мейірімді де қалыптастырған енем мен анамның арасындағы қатынас дер едім. Екі құдағи бірі әпке, бірі сіңлідей сыйласты. Бұл қарым-қатынас та отбасына жақсы әсер етеді ғой. – Венера Камалқызы, енеңізді жақсы көріп, сыйлағаныңыз көрініп тұр. Өзіңіз қандай енесіз? – Әрине, адамның жақсы бол­мағы өзінің сүйкімділігінен, сыйым­ды­лығынан, ақылдылығынан. Енемді де жақсы көрсеткен осы адалдығы, бірбеткейлігі, мейірімділігі. Кез келген тірлікке салмақ салып ұшықтырмай орны-орнына қойып отыратыны, қонақ күтуде ғана емес, әйел адамның ошақ басының тазалығы мен дастарқан мәзірі жайлы айтатын ақыл-кеңестері, бәрі-бәрі тәрбие көзіне айналды. Үлкен ұлым – Еркін де К.Байсейітова атындағы музыка мектебінің скрипка класын, одан кейін Мәскеу консерваториясын бітірді. Келінім Нәзікгүл – тіл маманы. Дәуренім – мектеп қабырғасында жүріп ағылшын тілін жетік біліп шықты да, 90-жылдары еліміздің Сыртқы істер министрлігі ұйымдастырған шет тілін білетін жас жігіттер арасында байқаудан өтіп, содан өздері Венаға дипломатиялық академияға бір жылға оқуға жіберді. Кейін Қазақ Ұлттық университетінің философия және экономика факультетін бітірді. Келінім Марал да тіл маманы. Екеуі де ақылдасып, кеңесіп, білмегендерін сұрап жатады. Ал, жалпы, тірліктеріне араласпаймын. Өйткені, қазір жастардың бәрі сауатты, көздері ашық. Мәдениетті. Бірақ, көпбалалы болса деп ойлаушы едім, екеуінде де бір-бір баладан. Кім біледі, әлі жас қой… Өзім көпбалалы отбасында өсіп, тәрбиеленгеннен кейін осы жағы жаныма батып қояды. Өздеріне де айтып-айтып, ұрысып аламын. «Болады, болады әлі» деп жүр ғой. Венера апай сәл-пәл ойланып қалды. Туғаннан зор денелі, ірі, салмақты бауыры Арманның мына өмірден ертерек кетіп қалғаны жүрегін тағы бір сыздатып өткенін сезіп, біз де үнсіз қалдық. Қазақстанның спорт саласына біраз тер төгіп, еңбек сіңірген, кезінде «Қайратта» ойнап, Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы атағын алған Арманның тағдырын ойлап ойға батты… – Кейін әйелі де қайтыс болды. Құдайға шүкір, «орнында бар оңалар» дейді ғой қазақ, ұрпағы бар, балалары, немерелері солар аман болсын, осындайда еске қайдағы-жайдағы түсетіні бар ғой, – деп Венера Камалқызы әңгімесін өзі жалғастырып кетті. – Ал Арыстан талай жылдар симфониялық оркестрде қызмет атқарды. Қазір К.Байсейітова атындағы музыка мектебінде бөлім басқарады. Ақбөпе де Құрманғазы атындағы консерваторияның кафедра меңгерушісі, профессор. Екеуі де республиканың еңбек сіңірген қайраткері. Ол кісінің көңіл ауанын өнерге бұрғымыз келді. – Алғаш орындаған әніңіз? – Шәмші Қалдаяқов та консерваторияда оқыды ғой. Мен екінші курста жүргенімде: «Шолпашка, (мені осылай атайтын) саған өтірік айтпаймын, ең бірінші Бибігүл Төлегеноваға бергенмін, бірақ сен де «Қайықтаны» орындап көрші, «Қыз сыры» деген де әнім бар» деп ұсыныс жасады. Осы екі әнді радиоға барып жаздық. «Алтын қорда» бар. Ол заманда қазіргідей қаптаған сазгерлер жоқтың қасы, бәрі кәсіби, шебер композиторлар, бірінен бірі өтеді. Әндері де, сөздері де керемет. Бір орындағаннан тыңдаушының да санасына жатталып қалатын-ды. Әнді тікелей айтушы едік. Тірі дауыста ән салу деген жанның рахаты емес пе?! Тіпті жазып алмақ түгілі, эфирге тікелей шырқап жатушы едік. Қазіргідей жүз жазып, жүз өшіру деген атымен жоқ. Бүгінгі ақпарат құралдарынан оқып, көріп отырамын, осы бір фонограммамен ән салу деген соңғы кездері жиі сөз болып жүр. Қолға алса, кез келген дүниенің кілтін табуға болады. Кім білсін?!. Өзім Роза Рымбаеваның, Нағиманың (Есқалиева), әсіресе, Мақпал Жүнісова ән салғанда, айналайын, сүйсініп тыңдап отырамын. Сосын Бағдат Сәмединованың да репертуары ұнайды. Эстрадаға да, дәстүрлі, халық әндеріне де бейім. Анық, жатық. Сөзі мен сазы үндесіп, оған домбыраның даусы қосылып, керемет күйге бөленесің. Хабарласып ризашылығымды білдіріп тұрамын. Музыканттың қолындағы құралы – аспабы болса, орындаушының аспабы, оның – көмейі. Ал, көмейді үнемі шынықтырып, жаттықтырып отыру керек. Үздіксіз айналысу қажет. Мәселен, мен білетін Бибігүл апамыз Төлегенова осы күнге дейін күн сайын үш-төрт сағаттап көмейін шынықтырып, ән салып, айналысып отырады. Сондықтан да, даусы деген әлі сыңғырлап тұр. Бізде, әншілердің арасында «голосовой аппарат» деген термин бар, ол көмейдегі екі жіңішке, нәзік тамыр, ол ылғи жұмыс істеп, қимылдап тұру керек. Әйтпесе, май басып, не болмаса «өліп» қалуы да мүмкін. Көбіне даусын жоғалтып алып жататындар осындай күй кешеді. – Өзіңіз де талай жыл сахнада келе жатырсыз, бүгінгі шәкірттерге қандай талап қоясыз? – Ең бірінші өнерге келетін адамның даусы болуы керек. Ол шарт. Ал қабілет, талант, талғам, еңбек дегендерің екінші мәселе. Қанша бүгінгі ақпараттық-техниканың жасарған, жаңарғаны егер дауыс болмаса түк те істей алмайды. Мен талай жыл Ж.Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжінде вокалдан сабақ берген, әнші боламын деп талаптанып келгендердің даусын қоюмен айналысып келе жатқан жылдарымда байқағаным осы. «Өнерге әркімнің де бар таласы» болғанмен, жаратылысынан әуезді үнді, көмейлі болмаса, еңбектің бәрі бекер. Әрине, студиядағы үш жыл арада демалыстары, мереке күндері бар, тым аз уақыт. Бұл аралықта шәкірттеріңді толыққанды өнерпаз етіп шығарамын деу де ақылға сыймайды. Дегенмен, талапкерге алғашқы бағыт-бағдар, өнер деген үлкен әлемнің есігінен сығалатып, «шығар төріңіз, әне, анау» дегендей сілтеме жасауға бар күшімізді салып бағамыз. Облыстық филармонияларда қызмет атқарып жүргендері баршылық. Шәкірттерімнің ішінде елге танылып қалған Қилымхан Бибігүл деген екінші курстан республикалық байқауларға қатысып, жүлделі орындар иеленіп жүрді. Қазір «Қазақконцерт» бірлестігінде әнші. – Венера апай, сізге қарап отырып, жетпістің бел ортасына келіп қалды дегенге көзіміз де, көңіліміз де сенбей отыр. Қалай күтіндіңіз, асты талғап жейсіз бе? Венера Камалқызы риза көңілмен сылқылдай күлді. Өткен өмірге ойша сапарлау кім-кімге болса да бейжай қалдырар жағдаят емес екені аян. Біз де кейіпкерімізді бірнеше сағатқа созылған ұзақ әңгімеден шаршатып алмадық па деген пейілмен әңгімені де осы тақырыпқа бұрғанды жөн көрдік. – Осы уақытқа дейін ешқандай опа-далап жағып көрмедім десем өтірік болар, бірақ әуестігім жоқ. Шын сөзім. Бетке-қолға ерекше көңіл бөліп, күтім жасамаймын. Ал, әйел адамның қашанда жинақы болғанын қалаймын. Әсіресе, шаш күтіміне көп көңіл бөлемін. Әйел мейлі қоғамдық орында, жұмыс орнында, мейлі отбасында болсын тиянақты, жинақы болғаны дұрыс. 35 жылға жуықтады, шашымды бір ғана шебер жасайды, шаш күтімі менің керемет хоббиім, онсыз өзімді елестете алмаймын. Асты талғап, таңдап ішетінім рас. Өйткені, бала кезімнен асқазаным ауырды да, ащы-тұщы, майлы, кептірілген, тұздалған асқа зауқым жоқ. Ал сүттен жасалған тағамдарды шектемеймін. Сондықтан болар, үнемі бір қалыптамын. – Әңгімеңізге рахмет! Сұхбаттасқан Таңсұлу Алдабергенқызы


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here