1

Жылаған ата үңгірі туралы

поэмма

Қара таудың басында үңгір қалған,

Бақыт дарып, сол жерге қыдыр қонған.

Сәуле шашып маңына су келеді,

Өзегіңді қытықтап ғұмырлы – арман…

Сыңғырлаған сәбидің күлкісінен –

Тау шыңына ғажайып күмбір қонған…

Шыңдарына ол жердің қыран қонған,

Ой санада өткен күн мұнарланған.

Гүрзіханның дәуірі ед, мыңды айдаған,

Пенде жаны ғайыпқа құмар болған…

Дәурені өтіп, Гүрзіхан қартаяды,

Несібесі күн санап ортаяды…

Дәулетіне иелік етер кім бар?

Кім біледі,

қай бір күні жантаяды?!.

Бәйбішесі – Шаш Ана, шуақты – ана,

Тәңірінен бір күні сұрап – бала…

Төбесіне бір таудың көтерілді,

Тілек айтып, Құдайға жылап мана;

«Ей, құдайым – сен маған «бірдеңе» бер,

Жанымды нұрға бөлер, күнге бөлер!

Қолымдағы барыма ие болсын –

Керек емес үлде мен бүлде деген?!»….

2

Жалбарынып шал айтты;

«бірдеңе бер» –

Үмітім саған артқан гүлдене бер!

Не тілесең бұл тәңір соны беред,

Үндемеген дұрыс ау, үндемеген…

Бес уақыт намазын қаза етпеген,

Мұсылмандық төзді олар сынаққа да.

Шапағатшыл Алланың құдіреті ме,

Жүкті болды бәйбіше

бірақ, бала

Бір күндері туылды месіменен,

Құпияны жасырайын несіне мен?!.

Сол бір түні бір аян берді қызыр

Шаш анаға;

«қойма деп месіңе ден! –

Мына сәби Алланың аманаты,

Жасалмасын адамның қиянаты!.

Месті жарып шыққанша көтеріп жүр,

Келгенінше туылар салтанаты!.»

Осыдан соң өтеді күндер жылжып,

Кеш қарайып, төбеден түндер мүлгіп.

Гүрзіхан мен Шаш – ана көп жүреді,

Үміт кеміп, іштегі арман жүнжіп…

Бір өзеннің маңына келді екеуі,

Осыған дейін тәңірге сенді екеуі…

Ет сүйектен жаралған, тас емес ед

Белгілі ғой жаралған пенде екені…

3

Шаш айтады;

«қашанғы масыл қылам,

Кәрі есектей ортайған жасым мынау…

Арқа-белім сыздайды, аяқ талып

Қыдыр әлде, бостан бос шатылды ма»?!.

Осы мезет мес кетті қолдан құлап,

Арман деген шынымен жанған шырақ…

Айналасын сәулеге бөлеп сәби,

Тауға қарай бет алды ұшып құрақ…

Гүрзіхан мен Шаш ана шарқұрады,

Көз алдында бір сәуле жарқырады…

«Тоқта балам, тоқташы ата – анаңды,

Аясаңшы, күштері сарқылады!»…

Тоқта – балам қызығым, қуанышым

Қанбады ғой, әкеңнің жан құмары!.

Қолды – аяққа тұрмаған сәби жалғыз,

Тауға қарай ұмтылып, талпынады..

«Тас құдықтың» қасында тұрды бала,

Кенет бері дидарын бұрды бала….

Қолындағы таяғын жерге тастап,

Екеуіне ашты бір сырды бала…

Ата – анасын шөлдеді дедіме екен,

Жақпар тасты таяқпен ұрды бала…

Ойылған тас, құдыққа айналды да,

Шығарды сыртқа қарай суды мана.

4

Екеуі жақын келді баласына,

Қайырылып бір қарар деп анасына.

Сәби болса сол күйі құлдыраңдап,

Ұмтылды биік үңгір сағасына….

Тау басына асығыс ырғатады,

Ата – анаға былай деп тіл қатады;

«Әкетайым, анашым, паналарым

Шешіміммен келісіп бағалағың!…

Қырқы төзіп, қырқ бірін төзім етпей,

Арғы дүние болады сағаларым…

Соңдарыңа бұрылмай жүре бергің,

Мен сендерді сол жақтан табаламын!»….

Дегенді естіп жылады қос қария,

Қайырылмасын білгенде балаларын…

Жоқ, жоқ үміт сөнсін бе оңайымен,

Күдік барда табысты ол талайымен…

Есеккөлдің маңында көңіл қыймай,

Кері қарап, тастардың бауырайымен,

Төрден төмен лықсыған су ағады

Сол атаның болдыма ол жылағаны?!..

Гүрілімен бұлақтың бір құдіретпен

Тау мен тастың маңайы нұрланады….

Содан бері мінекей мың жыл болды,

Біздер үшін ол жерде бір сыр қалды…

«Жылаған ата» аталған сол үңгірде

Кімдер қалып, бүгінде кімдер барды….

5

Үкәшә ата жайында

аңыз

Болыпты бұл пайғампар заманында,

Мұсылмандық сіңгенде санамызға.

Алланы көтергенде төбемізге,

Құранды үйреткенде – балаңызға..

Намазға бес уақыт жығылғанда,

Ислам дінін жан мен тән ұғынғанда,

Болған десед, тылсым бір дүниенің,

Тылсым көзі әлемге сұғынғанда…

Мұхаммед пайғампардың бұйрығымен,

Санаға ислам дінін құйды білем…

Қазақтың ежелгі құт даласына

Үкәшә ата назарын бұрды білем…

Үкәша ата деседі ел – батыр болған,

Мұхаммедке жанымен жақын болған..

Мұхаммедтің мөрінен сүйген кезде,

Отқа жанбас, суға батпас асыл болған…

Діні жоқ, Құдайы жоқ, иманы жоқ,

Сол кезде болды «тобыр» тыйғаны көп.

Сәждеге басын иген пенделерді,

Соқыр, сақау қылған ед, құлағы жоқ,.

Ислам діні оңайымен тарамады,

Халықтың қараңғы еді барар жағы…

Мұхаммедтің елшісі – Үкәшә мүфти

Үміт отын жаққанды жанардағы….

6

Күндер өтті Алланы медет еткен,

Көбейді пенде саны кереметпен….

Алланың аманатын қабылдады,

Жүрекке сенім отын себелеткен….

Келгенше Үкәшә ата билік құрған,

Талайды еш жазықсыз қылған құрбан…

Сол тобыр сырттан үкім шығарады,

«Айырмасы жоқ деп

оның ешбір құлдан!»

Үкәшә ата намазға жығылғанда,

Арашашы жоқ еді шыбын жанға…

Бүкіл бойы әлсіреп, күш кететін,

Алланың қанатына тығылғанда…

Сол күні Үкәшә ата тағыда бір,

Бұрды бетті Алланың жағына бір;

Ей, Алла өлер болсам Мұхамедттің

Қабірімді ұмытпай жанына құр!…

Келді дұшпан найзасын жалаңдатып,

Мұсылман бауырларды алаңдатып…

Аспанда сатырлаған найзағайдан,

Құты қашып тұрғандай далам сасып…

Нөсерлеп құйды жаңбыр шелектетіп,

Аяусыз дұшпандарды безектетіп…

Сұм жендет қарияны сүйреледі,

Айбалтаның астына дедектетіп….

Сол кезде қақ айырылып кетеді аспан,

Қос періште бұлтпенен араласқан….

7

Ұшқан басын абыздың қағып алып,

Жөнелді еш артына қарамастан…

Найзағай бір жарқ етті ең соңғы рет,

Ойлады тұрған адам, құлады аспан…

Жай оты түскен жартас сынды үгіліп,

Қос періште басты алып соған тастап…

Көз алда ғайып болды сол бетімен,

Әлгі «тобыр» баяғы жендетімен…

Жартастың тұңғиығына сүңгіп берді

Таппаққа әлгі басты өз бетімен…

Содан бері ықылым заман өтті,

Ал құдық айнымаған келбетінен…

Ғажайыбын арнады, арнап келеді

Жұмбағын жасырумен жер бетіне…

Сол құдықтан су ішкен жазылады,

Сол құдыққа сан адам табынады,

Тілек айтсаң болады дейді қабыл,

Атаның қолдайды дейд аруағы..

Үкәшә ата құдығын көрдіңіз бе,

Құдіреттің күшіне сендіңіз бе?!…

Ұлы далам, ашпаған сырың қанша

Бізде сенен қалатын белгіміз бе!?

8

Қожа Ахмет Яссауи жайында

алқисса

1

Мұхаммед пайғампардың аманаты.

Қартайған пенде сұрар, нені көрдім?

Жас тұрады – біреуге елігермін,…

Өмір – көпір, көпірден өту парыз

Жетер бірақ, межелі жеріне кім!?

Жер бетінде Сайрам дер шаһар болған,

Сайрамның ұмтылмаған төріне кім?!.

Азанның үні келсе құлағыңа,

Бір беріктік сертіме сезінемін…

Сахаба, муфти менен шайыхтарың,

Пендеге ғибрат қылды ғайыптағын.

Өмірден қалап алды талай пенде

Бұйырғанын, немесе лайықтарын,

Сол кезгі ерлік пенен еңбек жолды

Бүгінде сақтап қалды тарих бәрін…

Исламның қанат жайған шағында бұл,

Мұхаммедттің жайнаған тағында нұр.

Ақ жолға шын құлшынған әр бір пенде,

Екінші Мекке жаққа ағылғанды….

Шайық пен сол шайырлар заманында,

Нұр жауды мұсылманның қадамына.

Көк пен жер айқасқандай,

9

тек кәпірлер

Көнбеді Мұхаммедттің талабына….

Алланың атын атап жатсаң болды,

Соңыңнан түсе тұғын шам алына….

Бірақта күші олардың жетпегендей

Әулиенің жасап кеткен амалына…

Сол қиын қыстау кезде Мұхаммед те

Ғибрат жолын таратты талайына….

Әз пайғампар

алпыстан асқан шақта,

Көз жіберіп осынау болашаққа,

Шәкірттерін қасына жиып алып,

деді былай;

Дәм тұзым таусылатын таяу күнім,

Азғындардың көп көрдік аярлығын!.

Алланың жолында да болдық құрбан,

Дін жайғанша әлемге жаялдығын!.

Бүгін міне,

тобымыз толыққандай –

Біліммен жыиғанымыз молыққандай!..

Мына құрма,

көрсетті қолындағын

Ұстаз жүзі көрінді торыққандай,

Ертеңіме тастайтын – аманатым,

Ертеңімде – «ерекше» бала жатыр!…

Сол балаға осыны табыс етер,

Біреу болса, арман жоқ – жамағатым!…

10

Сол кезде, сол уақыттың өзінде 100 ден асып қалған ең кәрі әулие – Арыстан Баб, Мұхаммедтің шәкірттерінің бірі, жүзін төмен салып біраз ойланып отырады да, топ ортасынан орнынан түрегеліп былай дейді;

Ей, Мұхаммед ұлының – ұлы құлы,

Басты боп тұр, ғұмырдың құбылуы!.

Үш жүз жыл нәсіп етсең, күтер едім

Алланың таусылғанша – ұлы күні…

Сол күні,

алар болса шыбын жанды

Болды деп ойлап өтем ғұмыр мәнді!…

Алланың қалауымен Арыстанның,

Сол сәтте бұл тілегі орындалды….

2

Арыстан Бабтың құрманы Ахметке табыстауы.

Жылдар өтіп Ибрайым – Қарашаштың,

Бесігінде бір сәби шырылдады…..

Куә болып көбіне «кереметтің»

Олар жүрді бұл сәби туылғалы....

Еңбекке еш қыры жоқ сол бір бала,

Ерекшесі болды ма – жаратқанның?…

Не боларын күн бұрын сезіп тұрды,

Ертеден ақ тылсымға талаптанды….

Жаны елжіреп тұратын адамдарға,

Көмек қолын созатын талай жанға.,

Емшілігі бір бөлек, ақындығы,

Үміт отын ойнатқан жанарларға….

11

Білімге жаны құштар бала – Ахмет,

Ойын ойнап, үйде де тығылмады…

Молдадан дәріс алып, намаз оқып,

Сәждеге басын иіп жығылғаны..

Молдаллардың – молдасы Арыстанға

Білімін жалғамаққа барды Ахмет.

Алланың адал жолын таңдамақ та

Өзіне қажеттерін алды Ахмет…

Санасы сәулеленіп молыққанды,

Ол меңгерді өз дінін толыққанды….

Көп нәрсені үйренді ұстазынан,

Ізденуден ешқашан жалықпады….

Таныс бола бастады сол кезден ақ

Түркінің ұлан ғайыр даласына…

Үнемі барып жүрді Сайрам тастап

Екінші Мекке – Ясы қаласына…

Бірде Ахмет, былай деп түс көреді,

Түсіңде таңғажайып іс көреді,

Аппақ шапан жамылған бір қария

Түсіндірмей жатып ақ ештеңені,

Былай деді;

Арыстан бабқа бардыңба,

Аманатты алдың ба?!.

Аманатты алған соң,

Атаңа сәлем салдың ба?!.

12

Ертең бесін кезінде

Жолың түссін көпірге!

Аманатты ал дағы,

Ислам дінін өшірме!…

Сол күннің ертесі Мұхаммедттің аманатын қабыл алуға Көпірге барған деседі. Сол жердегі көпір бүгінгі күнге дейін сақтаулы тұр. Арыстан Баб балаға құрманы табыстап, осы өмірден өткен деседі.

3

Ахмет Яссауидің – Яссауй аталуы…

Түркінің ұлан ғайыр даласында,

Құпиялар көп адам баласына,.

Ясы елінің патшасы – Яссауи шаһ,

Аңшылықтың жете алған бағасына.

Қасына ертіп алып нөкерлерін,

Белгілеп барар жерін, өтер жерін,

Қырға шығып мейлінше сайрандамақ

Бұнысын айтсам болад

«бекер» дегім…

Кес-кестеп жолын жатты тау – Қарашық,

Жайы жоқ кететұғын қырдан асып…

Шатқалдар, үңгір, тастар бөгет болды,

Адастырды асулар барған асып….

Ашулы Яссауй шаһ елге келді,

Жою керек қалайда көлденеңді.

Бір төбеге жыйнады даналарды;

«Сол өткелге жол тауып барсын деді

Жолымнан Қарашықты алсын деді.»

13

Әулие – әмбиелер ақылдасып,

Бір шешімге келеді мақұлдасып…

Жайнамазын жайды да тілек қылды,

Аллаға үміт күтіп жақындасып…

Үш күн, үш түн тіледі сахабалар,

Бір істерде тынбады арқа болар,

Ең соңында патша айтты;

Сарайыма –

Бар дананы жиыппын маңайыма!

Қалған біреу бар ма әлде мен білмейтін,

Шешім тауып қалатын орайыма?!

Сол кезде ортаға әулиелердің бірі шығып;

Ыбырайымның ұлы бар,

алдырмадық

Жас болған соң ақылға қондырмадық!

Ақындығы бір бөлек, ерекше жан

Емделсе шипа тапқан көп мұсылман.

Көріпкел ол, бірдеңе тауып қалар,

Қарашықты жолыңнан алып қалар!.

Жыйналған топ Ахметтен жәрдем сұрай келеді. Сол кезде Ахмет «ортаға шығатын мезгілім келді ме, келген жоқ па? ол жағын әпкем айтсын» – дейді

Әпкесі;

Барыңыздар әкемнің мазарына,

Көнеміз біз тағдырдың жазарына!.

14

Сол жерде үш бүктеулі дастархан бар,

Сол дастархан түспекші таразыға…

Егер де соны Ахмет жазып көрсе,

Онда қояр ортада талабы бар!…

Не болса да барлығы жөнеледі,

Ахметпен – Ыбрайым мазарына…

Сол күні орындалды тілек мана,

Мойнына арқалады сүннет бала…

Дастарханды ашты да, әкесінің

Пешпентіне оралды құдіретті ала…

Бір тілім нан алды да дұға қылды,

Фатиха сүресінен құп алынды…

99000 мың әулие – әмбиеге,

Бөліп берді сол нанды, ырза қылды

Дауыл соқты бір мезет сатырлатып,

Найзағай аспан төрін қақырлатып…

Шелектеп нөсер құйды жер бетіне,

Жайнамаздар малтыды көл бетіне,

Әулиелер Алладан медет күтті,

Жалбарынып жаны үшін сендетіле…

Бір мезет Пешпентінен шықты Ахмет,

Күн сәулесі төгілді жер бетіне…

Аңтарылды таба алмай Қарашықты,

Осы сәтте Ахмет дара шықты…

15

Яссауй риза болып жас балаға,

Баланың дарынымен санасыпты…

«Бүгіннен сенің атың – Яссауимен

Аталсын мәңгі бақи қабаттасып!»…

Деген тілек білдірді патша сол күн,

Келешек сені осылай адақтасын!.

Қожа Ахмет – Яссауй атанады

Оған деген құрметте асады әлі…

Кейбіреуі әдейлеп іздеп келіп,

Пір тұтыпты мәңгіге сахабаны….

4

Ақман мен Қараманның итке айналуы.

Ясыны Ахмет кейін мекендеді,

Ақыны, көріпкелі, шешендері…

Қол астына жыйналды талай жақсы,

Төбесіне көтеріп көсемдерін…

Ел алдында асты оның бағасы да,

Адамдардың түскендей таласына,

Дос сүйінді, Алла оны қалдырмады

Жаласына, дұшпанның табасына.

Той жасаса жұрт бірден шақыратын,

Ат қоюға туылған баласына.

Басқан ізін сайыды құдіреттің

Пенде үшін жіберген дауасына…

Тұсау кесу, сүндеті, үйленуі,

Көбигендей Ахметтің игеруі…

16

Біріне қабақ шытпай барып жүрді

Халқы да ақ батасын алып жүрді…

Сол Ясыда бір екі манап болған,

Ахметке дейін жандары жанат болған…

Ахметке дейін екеуі қадірлі еді

Бүгін бұны екеуі жәбір көрді…

Әзәзіл құлаққа кеп сыбырлады,

Басқаша болатұғын бұрын бәрі.

Сананы түрткіледі арам ойлар,

Пиғылдың жаман болар бұзылғаны…

Ақман Қараманмен ақылдасты,

«Мынау бізге напаха татырмасты

Қаңғыбасы – Сайрамның озып шығып

Ясының халқыменен жақындасты»….

Ақман айтты;

Қараман не қыламыз,

Ахмет бар да ел бізді шақырмасты?!..

Біз оны жұрт алдында қараласақ,

Ол пендеге айналад бақыр басты!

Не десе де, сол түні келді екеуі,

Буып алып бекем ғып белді екеуі,

Бір өгізді сойып сап асығады,

Сарайына Ахметтің жасырады…

Содан кейін Қараман той біткен соң,

Айқайға сап, бар жұртты шақырады,

17

Өгізіміз жоғалды ұры әкетті,

Не сойды оны, немесе тірі әкетті!..

Ешкімнен де көрмейміз ортамыздан

Ойламаған адамның бірі әкетті…

Талай талай жер кездім таба алмадым,

Ол қараны қайтейін баға алмадым.

Ей, халайық із кесіп көрсек қайтеді,

Табылғаны болып тұр, бар арманым!.

Ағайындар жыйналып іздеседі,

Әркімі өздерінше із кеседі…

Сол ізбен жүріп келіп Ахметтің,

Сарайына дөп келіп тұр кеселі…

Ұраны ашып қалса, жаңа сойған,

Өгіздің ет – терісі жылмаңдайды…

Ақман – Қараманмен сол бір сәтті

Пайдаланып ойбай сап айқайлайды;

Ей, жұртым

ақымақсың барлығыңда,

Адамның қарар болсаң ар қырына,

Әулие деп жүргенің – ұры болды

Қара ниетін сақтаған сандығына!..

Халық осы, қараласаң тез көнеді

Ұры деп жазғырғанда барлығы да,

Ахмет айтты;

Алламен ант етейін

Ұрлықсыз ақ разымын тағдырыма!

18

Егер де ұрлық қылсам ит болайын,

Осылай дәлел болсам барлығыңа,

Ит қылып өмірімнің соңына дейін

Қой демен қыйнап қойса жанды мына!…

Осы сөз айтылды да,

құп болғандай

Ұрылар ел алдында ұсталғандай.

Ақман мен Қараманың итке айналды,

Соларға өгіз еті тасталғанд ай,

Екеуі таласады екі жақтап,

Тойымсыз жұрт алдында көзі алақтап.

Бет – бетімен екеуі дала безді,

Сая таппай ешкімнен, тіл салақтап…

Біреудің тауығына ауыз салды,

Біреудің қой – қозысы бауыздалды…

Біреудің ұрлап кетті нанын алып,

Тоймады ол иттердің қарындары…

Ең соңында адамдар мезі болды

Екі иттің де өлетін кезі келді…

Қарамұртты бір аңшы Ахметке

Өтінішін білдіріп келіп еді…

«Рұқсатың бер, иттерді жоғалтайын,

Жұрттың жайын осылай оңалтайын!

Мезі болдық Ақман мен Қараманнан

Бет бұрмақпын дәл бүгін соған лайым!»…

19

Жұрт айтады, «біреуге ор қазба, өзің түсесің». «Біреуге жамандық қылсаң, сол жамандық алдыңа екі есе болып келеді» деп.

Сол күні Қарамұртты аңшы, ол екі иттің көзін біржолата жойып, жерге көміп тастаған көрінеді. Олардан мезі болған адамдар сұғанақ ақ ит пен қара иттен осылайша құтылыпты мыс. Сол иттер көмілген жерде қазіргі таңда – Қарамұрт деген ауыл бар екен дейді…


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here