Жұматай ақынға

Эллегия

 

Көктем келсе сыбдырынан жылғаның,

Ерке қыздың сырғаларын ұрладым!…

Құс ән салса, табиғатпен ымдасып

Сол бір қыздың әсем әнін тыңдадым!…

 

Өзен де ақты,

сәулесіне үңіліп,

Өз бейнеммен тұрдым сыртта бірігіп.

Жүрегіме жақын жанды іздедім

Бір жерлерде жүрген менен тығылып….

 

Аққулардың жұптарына қарадым,

Көңіл деген алай-түлей құбылып….

Толқығаннан жасқа толып жанарым

Өз-өзімнен тығылып….

 

Мен сезінген сүлулықтың – киесі,

Мен жасаған ұлылықтың – иесі!.

Сенде тұрды ей, бір жалған тез өтер

Мен алатын махаббаттың үлесі!..

 

Ей, ұлық күн – жылуыңа ұмтылдым

Жылылықты аңсамасын шіркін, кім!?..

Мені тәңір ғашық етті әлемге,

Әзиз жүрек, сен сондықтан бұлқындың!..

Иә, иә ғажабына жалғанның

Осы шыным, талай – талай арбалдым….

Тұла бойым тұнып тұрды сезімге,

Арманымның құдіретін аңғардым….

 

Жоқ, жоқ

ешкімді де жек көрмен

Пенде емес ем біреулерді жек көрген!..

Қиялымда – Мәжнүн болып күй кешіп,

Өз Ләйлімді таба алмадым еш жерден…

 

Иә,иә мен іздеген сұлулық

Кететіндей гүлдерменен жұлынып!..

Жас балаша қуып бердім соңынан

Қалмайын деп үзіліп….

 

Айдан көрдім, суық сұлу сырбазды

Ол несіне бір жылынбай сызданды?!.

Қолды созып жүргенімде аспанға

Тұңғиықтан әлде-бір үн тыңдалды….

 

Жоқ, жоқ

жаным сен іздеген жұмбағың,

Байқап қалдым, есік қағып тұрғанын!…

Суретші ойым, сүрет салып болғанша,

Бар сырымды айтып қойды жырларым!….

 

О махаббат, сен есімнен тандырдың,

Қашып менен баратындай жан құрбым…

Сағым далам арбап алып көзімді

Тіл жеткізбес бір пейссажын салдырды..

 

Жазың жайнап, күзің өтіп, қыс жетіп,

Бес күн жалған,

сен де ойнақ сап, лаң қылдың!

Жамандықтан жиіркенетін жүрегім –

қайтіп сені «зәм-зәм» сумен қандырдым!…

 

Сұлулықты қор қылатын кей пенде,

Жүрегіме жылу бермей тондырдың!.

Ұлылыққа талпынғанда өр кеудем

Жан санамды сыйқырлайды торғын мұң!..

 

Жай бір сөзбен ұқтыра алман күйімді,

Махаббатқа әзиз басым иілді!…

Мен ғашықпын, ес білгелі үйрендім

Бәрін, бәрін, барлығын да сүюді!…

 


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here