Оқырманға жақсы кітап керек.

 

Қазақ кітабын оқитын оқырманның бір бөлегі шетел әдебиетін дәріптеп, бізде оқитын кітап жоқ дегенге келтіріп жүр. Оларды тіпті тегін жарнамашы дерсің. Әдебиеттің білгірінше сөйлеп, ұзақ-сонар авторлардың тізімін беріп қоятынын қайтерсің. Ал, қазекеңде ондай оқығыштарға бере қоятын пәлендей жауап жоқ дайын. Оқыса оқи берсін. Оқушының өз еркі. Әлгі оқығыштар байқасаңыз басқа елдің жазушыларын орыс тілді аудармалардан оқиды екен. Міне, қызық. Оған ақталғандай болып бірақ ақпарат құралдары белгілі жазушыларды сөйлетіп жатады. Бірақ баяғы сол әңгіме. Жазушылар жазып жатыр, оқырманға жетпей қалған деген сияқты ескірген дәлелдер. Ал, кітап жарнамасы деген пәлендей дамыған сала емес екенін бәрі де мойындайды.

Кітаптан байып, ақша тапқан, өзін-өзі сөйтіп қаржыландырған жазушы бізде жоқ. Неге бұлай? Бізде жақсы, мықты жазушылар ағылшынға аударылса бағы жанып кетер еді дейтін сылтаудың түбі шикі ме деп те ойлайсың. Себебі сол авторлар орысшаға, басқа да тілдерге аударылды ғой. Бірақ соған қандай сұраныс бары жұмбақ. Сұраныс жоқ па деп қорқасың. Біздің кино түсірушілер бірталай туындыларын шетелге апарып көрсетіп жүр. Әдебиетті өйтіп насихаттай алмайсың. Кейбір жазушылар өз кітабының жақсы оқылатынын іштей сезеді. Көптеп шығарса сатылымда өтіп кететінін де біледі. Бірақ оны қадағалай, іріктейтін баспагер жоқ. Бюджетке жабысып, таныс жағалап кеткен баспагерлер қазақта қандай жөні түзу жазушылар барын да біле бермейді.

Өз өмірімнен бірер мысал келтірейін. Әдебиет насихаттайтын түрлі сайттар шыққанда ондағы кейбір әдеби шығармаларды авторлары өтірік көтермелеп, көп оқырман жинауға тырысып, айналдырып көргені жасырын емес. Үнемі өйтіп «өтірік» оқырман жинаудың мүмкін емесін көбі кейін түсінді. Арада бірнеше жыл өткенде әдеби сайттарда жарияланған шығармалардың рейтінгін, оқылу дәрежесін бақылауға болатынын байқай бастадық. Жақсы шығарма ескірмейді. 20-30 жыл өткен соң оқырманға ұсынып көргенде оқылып жатса онда ескірмегені. Мұны тексеріп көру қиын емес. Егер әдеби сайтта жақсы әңгіме жарыққа шықса жапа-тармағай бірден оқыла бастайды.

Кейде өзің ештеңе ұсынбаған сайтта, сенің бірер дүниеңді көшіріп басқанын көзің шалады. Кештеу болса да көресің. Бірталай оқырман тауып тұрғанына қарап, тіпті қалам ақы да талап етуді ұмытып кетесің. Әдебиеттегі жарыс, жариялы түрде оқырманның ықыласына өз туыңдыңды ұсынуға мүмкіндігің болудың өзі бәсекелестік тудырып жатқан тәрізді. Бұл да нарық заманының жазушыларға берген өзінше қажеттілігі ме деп ойлайсың.

Кітапты да оқырман сұранысына, оқылу деңгейіне қарай жазу деген сол шығар. Бірақ қаламгерде одан өзге көңіл қалауы, талғам, шеберлікке жету, биік мақсаттарға ұмтылу сияқты өзіндік шарттар да бар ғой. Нарық жаңа заман әдебиетін қашап, жөндеп, тықсырып, қыспаққа салып өзі жасап жатқан сияқты.                                                                             

                                                                                                   09.03.2021.      


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here