Алматыдағы наурыз

 

Наурыз ғой мынау, наурыз деп тойға барасың

Көтеріп көңіл наурыздан рахат табасың.

Осындай тойдан  көргендей кейде боласың

Бармаған құрлық, түспеген теңіз жағасын.

 

Байлықтың түгіл шаттықтың-дағы шегі жоқ

Өмірге мынау қуаныш керек көбірек.

Көктемде ерте наурызбен бірге оянып

Той болып жатад жағалай көше, төңірек.

 

Алматы мынау гүлзарға шомып гүлденген

Адамдар қандай шомылып гүлге түрленген.

Көрісіп жатыр, сүйісіп жатыр күлісіп

Жүрекпен ұғып татулық сырын білгеннен.

 

Сүйем ғой мен де Алматым, мынау алаңды

Қуаныш толы үйлерде жүрген адамды.

Махаббат күні, наурыздың жыры айтылып

Билетіп жатыр көңілді мынау ғаламды.

 

Наурыздың тойы бітпесін солай тойлансын

Біріксін адам, көңілдер өсіп жайлансын.

Бір-бірін солай құшақтап тұрып адамдар

Қуанса өмір гүлденетінін ойлансын.

                                                       15.03.2016

                              ***

 

Көктем де келді жаңарар мезгіл жер мен көк

Жылына түсті шырайын күн де берген боп.

Қаншама көктем, қаншама күзді қарсы алып

Биылғыдай бірақ көктемді тосып көргем жоқ.

 

Көктемді тостым бірдеңе маған берердей

Кезікпей жүрген бақытым еріп келердей.

Құмарттым сонша құстардың үнін естуге

Ести алмасам үмітім сәтке сөнердей.

 

Осынша неге көктемге биыл асықтым

Мезгілден аттап, асығыс алға басыппын.

Қар жауған кеште көшеде келе жатып мен

Арнадан асып көктемгі судай тасыппын.

 

Көрсем деп күнде ағаштың бүршік жарғанын

Көктемдей сол сәт жасарған шығар арманым.

Түзеліп келед күннің де жарқын шырайы

Қалаймын солай өмір де жарқын болғанын.

 

Асығам ылғи, асығып келем көктемге

Қаладан шығып кетсем-ау шығып көк белге.

Қайырымсыз қыстан шаршаған жұртты құтқарып

Жеткізген шақ қой тіршілік деген өткелге.

 

Жазға да жетіп кеңшілік өмір басталса

Қылтаңды қиған қысылшаң шақтар тоқталса.

О, шіркін сонда далада атпен құйғытып

Той болып қырда ортаға көкпар тасталса.

 

Сезерсің сонда мезгілдің мырза кеңдігін

Ертерек ойлап, аңсаймын соны мен бүгін.

Наурыз да мынау жар салып жатыр дәл солай

Ұлысқа мәлім патша мен құлдың теңдігін.

                                                        22.03.2016


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here