ӨРІКБАЙДЫҢ ӨМІРІ

                                                                                                           

         Өрікбай бұрында ұзын бойлы, сіңірлі келген қарулы жігіт еді. Әке-шешесі ерте өліп, бала күнінен қара жұмысқа пісіп өскен. Ауылда әркімнің есігінде бір жүретін бала есейіп қалаға келгенде де депоның паровоз жөндеушісі, жүкші, қалып құюшы, шопыр болып, ылғи бір бейнеті мол, ақысы аз ауыр жұмыстарда жүрді. Әкеден жалғыз болған соң соңынан еретін інісі, іздеп келетін қарындасы жоқ, салт басты, сабау қамшылы тірліктен жалығып, өзі сияқты бап тілемейтін кедейлеу адамның қызына көп шығындалмай-ақ үйленіп алған. Көп жыл көрінбей кетіп, ауылға үйлі адам боп көшіп келгенде едел-жедел туған үш ұл, екі қыздың алды он бір, он екілер шамасында еді. Баладан қолы босамайтын әйелі ыдысы жиналмайтын салақ. Бес баланың асырауы аз болып жүргендей кейін тағы екі бала тапты. Қолы бос боп үйін жинамайды деп көрші қолаң сыртынан сөгіп жатса да әлгі әйелдің сөзде, елде жұмысы болмайтын. Өрікбайдың осы бақытын көп көргендей бар тауқыметті жалғыз басына үйіп-төгіп, әйелі елуге келмей дүние салып ерте қартайтып кетті. Қара жолдың шаңын шұбалтып, қысы жазы совхоздың егіні мен құрылысында табыс соңында жүруге ендігі жерде жағдайы көтермей шопырлықты тастап, ауыл төңірегінен ұзамайтын құрылыс бөлімшесіне ауысып алды. Мұндағы кәсіпті де қолы білуші еді. Кірпіш қалау, еден салып, әйнек кесу, ағаш өңдеуді ерте үйренген. Қолы білген соң ауылда құрылыс салғандар бұл шопыр боп жүргенде-ақ  көмектес деп, дем алыста үйге тұрғызбай қолқалап алып кететін. Тас қалаушы, сылақшы, ағаш шебері болып біраз жыл істегенде Өрікбай жай ғана құрылысшы емес, таңдаулы  не істесе де ретімен істейтін мақтаулы шебер құрылысшы болатын. Осындай ел аузындағы құрылысшы өзіне үй сала алмаса ұят сықылданып, аяғы бес-он жыл жүріп меншік үй де тұрғызды. Меншік үй деген аты болмаса ол үйдің шегесінен бастап шатырына дейін совхоздыкі. Ұқсата білгенге дауа бар ма?                        

         Ауылдың  бас жағындағы қалың таудың ішінде жалғыз тұрған оңаша үй бар. Үйдің қасындағы кішкене төбеге шыққанда бүкіл ауыл алақанға салғандай анық көрінеді. Ауылдың қай шетінен келсе де Өрікбайдың үйі шатыры ағараңдап байқалмай қалмайды. Қорасының өзі бөлме-бөлме, кірген адам есікті тауып шыға алмайды. Өрікбай құрылыс бөлімінде жалғыз емес, елуге келіп қалған Әбілда бар. Бір көзін қысып жүретін қисық Қаламсап, жастардан: қарулы жігіттер Бейсенбек, Әлі, Даңғыл, Тұңғыштар. Жаз шықса үй салған, баз жөндеген құрылысшылар қаптайды.

Орталықтан он шақырым кірпіш заводында кавказдық шешендер, әзірбайжандар кірпіш күйдіреді. Ал жаздай күн астында қап-қара боп қаңғыбас орыстар, үй-күйсіз айықтыру орнынан шықпайтын ішкіштер, құжаты жоқтар осында. Айлап-жылдап құрылыспен алысып жүріп, тапқанымыз ылғи күнкөріске жетпейді деп құрылысшылар наразы болса, айтатын әңгімелері шешендердің миллондап табатын көп ақшасы. Прораб, мастерлер елге ақша қосып жазып, совхоздың көл-көсір материалдарын таратып, көлденең табысқа батады. Әлі қағаз жүзінде тұрған, салынбаған үйді бітті деп жазып, екі-үш прораб жұмыстан қуылды. Бастықтар жегіш келе ме, әлде ертең кететінін біле ме, қолына бірдеңе тисе-ақ жеп, байып қалуға тырысатын ауру шықты. Басқа елден бастық көшіп келсе, өзімен бірге он-он бес семьяны ерте келеді. Аққайнар совхоз болғалы жиырма-жиырма бес жылда оннан аса директор ауысты. Олардан қалғаны ыңыршағы шығып жүдеген ауыл, әр басшының соңынан ілесе көшіп келіп тұрақтап қалған «келгенбайлар».

Сол басшылардың ішінде төмендеп келгені бар, біреудің сүйемесімен жүргендері бар, өрге домалаған небір пысығы бар әйтеуір уақытша күн өткізіп, елді уысына берген соң бос билікті аясын ба. Әдетте мұндай жандар өте мансапқұмар, жоғарғы жаққа жаққыш келеді. Олар үшін ауыл құлап қалмаса, мал басы түгел болса болды. Осы жағын реттеп қойып, өз амалын түгендеп отыра береді. Тіпті кейбірі белсеніп те көрді. Онысына еліге қойған, сене қойған ешкім жоқ. Баяғыдан елге аты шыққан сол белсенділер ғана жүреді. Әттең бірақ қанша бастық ауысса да өз елінен ешкім шықпаған соң бәрібір келген адамдар тұрақтап қала алмады. Қандай молшылық жылы қарызға белшесінен батты да отырды. Ауылды сол қарыздан шығарам деп талай бастықтың мойны үзілді. Талайының ішіп-жеп елді алауыз, жік-жік қып кеткенін көрген соң арызқойлар шығып, жоғары жаққа тынымсыз арыз айдап, қылп еткенін көрсетіп, елдің де, басшының да қадырын кетірді.

Өстіп жүргенде елге басшы да емес, башыға қосшы да емес, өзімен-өзі күнін көріп жүрген Өрікбайдың басы саудаға түсті. Тападай тал түсте совхоздың директорын жағадан алып, өктем сөйлеп әкіреңдегеніне шыдамай, қылқындырып көптің көзінше галстугінен тартып сүйреген. Сол үшін он бес күнге қамауға түсіп, баяғы ақ пен қызылдан қалған ескі түрмеге  жабылды. Балаларынан басқа артынан іздеп келген бір жан жоқ. Тергеушінің айтуынша үстінен арыз қатталып сотқа жіберілген. Мынау әшейін жай  сауықтыру сияқты алғашқы шара ғана. Қаталы кейінірек болады. Он бес күнде Өрікбай қатты жүдеді. Қараңғы үй, қатықсыз көже, қара шай, қатқан нан бойына жұқпай жүрегін тесті. Апарған жұмыстарын жақсы атқарып, әйтеуір кескен кесінді уақыты ың-шыңсыз өте шықты. Күндіз көше сыпырды, бастықтардың құрылысын салды, кешке шаршап келіп құлайды. Он бес күннің қалай өткенін білмеді. Он алтыншы күні таң ата камералар сарт-сұрт ашылып, бұзақылар, қаңғыбастар, ішкіштер аулаға шығарылды. Жұмысқа баратындары бөлек жіберіліп, Өрікбай аула ішінде жалғыз қалды. Сағат тоғызға таман адыраңдаған сары милиционер келіп, құжаттарын қолына беріп, темір есіктің түймесін басып тұрып:                                                      – Жолыңыз болсын, ақсақал, – деді. Өрікбай он бес күн қашан өтеді деп күн санап жүретін. Он алтыншы күні қуанып бостандыққа шықтым-ау демеді. Басында қисапсыз көп шаруалар, әйтеуір қайда барсаң бір міндет, жұмыс, біреуге бағыну, әлдекімнің айтқаның істеу. Шаршаған сияқты. Күз таяп қалды. Көк атты арбаға жегіп алып демалыс күндері жайлауда өзен бойларын қуып шөп шабады. Ол бітсе отын, көмір деп қысқа әзірленеді. Мектепке баратын бала шағаға киім-кешек, дәптер, қарындаш, қаламсап керек. Үлкен ұлы үйленіп, бөлектеніп қалаға көшті. Төсек жаңғыртып әйел алуға енді қалған төрт балаға қандай жан ана болмақ. Сыйса жақсы, үйлесіп тұрса жақсы, бірер жыл отасып, дәм-тұздары жараспай ажырасып жатса о да әңгіме.

         Автобусқа отырмай, қала сыртына жаяу шықты. Үлкен жолдың бойы, ауылға бұрылатын айрыққа келіп көгалға жантайып жайғаса кетті. Таудан жел соғып тұрған сияқты еді, бір қалғып оянса, күн көтерілген екен, терлеп қапты. Түс мезгілінде өткінші автобустың біріне отырып, ауылға жетті. Бір-екі жұмадай өзіне өзі келгенше үйде жүрді. Арбаның дөңгелектерін салып, майлады. Шөп шабатын машинасын жөндеп, орақтарды шегелеп әзірледі. Мектеп бітірген кіші қызы үйге ие. Жанашыр туыстар, дос-жарандар жұмыстан қолы босағанда біртіндеп келе бастады.

  • Бәрі сол жүз грамның әсері болып тұр ғой, әйтпесе Біркеде нең бар сенің? – деп, болған іске берік бол дегендей сабырға шақырған.

Төребек деген аталас, балаларға, шаруаға бос-көз боп жүретін ағайыны бар еді, бір күні кешке келіп:         

– Біркенің түрі жаман, сені соттатпақ, он бес күн аз, айдатам деп тағы қудалап жатқан көрінеді. Жарбұлақтағы Бақтажарға қатынаған біреуден сәлем айт, әйтпесе өзің барып осылай да осылай деп жағдайыңды білдір. Басшы адамдар өздері бітісе жатар. Кешірім сұрап екеуінің де алдынан өт деген. Түрмеде он бес күн отыруды қорлық санап жүргенде Өрікбайға мынау одан бетер батты.

      Өрікбайдың тасы өрге домалаған алыс ағайындары баршылық еді. Солар тұрғанда мені кім алады дейсің деп көңілінде өзін тоқ санайтын. Әйелінің ағасы көрші совхозда бөлімше меңгереді. Үшінші ұлы соның қолында. Төребектің туған інілері әскери шендегі үлкен қызметкер. Екі бірдей аталас бауыры алыс ауданда шаруашылық басқарады. Оларды да кейін біліп танысты ғой. Туыс керек қылған адамша «біз жақын адамдармыз ғой» деп кезіккен жерде күлімсіреп қалатын. Осындай үрім-бұтақты адамды, жерге қаратып соттатып жіберу оңай ма? Ертең олар естісе, ағайындық етіп ара түсу борыш қой. Біркеге:      

         – Шырағым, еркек емессің бе, ер азаматтар арасында бола беретін бірер ауыз айғай-шуға бола бұның не десе, ондайға-әй бармас дейді бір ойы. Көңілінде тағы бір нық санайтын тіреніші– партиялық билет. Өрікбайды Аманбай деген партком үйінің шатырын ауыстыртып, пешін салғызып, погребін қаздырып жүріп «үлгілі жұмысшысыз, сіз өтпегенде партияға кім өтеді» деп өз қолынан коммунист жасап шығарған. Жұрттың айтуынша, коммунистерді соттауға болмайды. Тіпті он бес күнге жатқызуға да заңсыз. Бірақ заңға қарайтын Бірке емес. «Заң дегенің – мен!» деп столды бір ұрғанда осал адамның жүрегі жарылады. Өрікбай жағасынан алып сабай жаздаған күні бірден аудандық милиция бастығына шығып, бірінші хатшының рұқсатымен қаматып тастаған. Осы жетер демей, басқаларға сабақ болсын деп, он бес күн отырып келген тентекті тағы қудалады. Үйіме келіп, ағайын туыстарын салып, кешірім сұратпады деп қырсықты.                    Адамның ішкі қырындасымен әуресі жоқ саясатқа шорқақ бірбеткей жұмыс адамы нені білсін, «жазамды алдым ғой, осымен біткен шығар» деген іштей. Партия ұйымының хатшысы іздеп келіп жиналыс болады, сізді партияда қалдыру, қалдырмау мәселесін талқылаймыз дегенде не істерін білмей даң болды.

         – Япырай, сонша не бүлінді, – деп ойлады. Бірке келіп:

         – Ей, – деді құрылыс алаңында жүрген бұған. – Неге мына жерді жинамайсыңдар?! Өңшең жалқаулар, арамтамақтар.

         – Жинайтын адам жинайды, – деген бұл жақтырмай.

         – Давай, сен жинайсың! – деген Бірке сұқ саусағымен мұны көрсетіп.                                                                          

         – Кімсің, сен сволыш!                                                                            Өрікбайдың басы айналды. Түскі бір-екі сағат үзілісті пайдаланып сиыршы Кішімнің екі-үш кез еденін ауыстырған. Құрдас деген сол, түс мезгілі ғой деп Кішім зорлап отырып болмай бірер жүзді тартқызып еді. Соның буы ма, Біркенің астамшылығы ма Өрікбайдың ашуы лезде басына тепті. Бастықтың балағатына шыдамай:               

–Өліп кетсем де сені көрейін, – деп Біркенің жағасына жармасқан. Жұрт у-шу боп жапатармағай  арашалап алды. Бастықтың галстугы, түймесі Өрікбайдың қолында қалды. Ол аз болғандай, арашалағанға бой бермей: – Итше тепкілейін! – деп кіжінді. Қарап тұрса, кінә екеуінен де бар. Екеуінікі де мінез емес, миы толмаған жас баланың әрекеті. Өрікбай ойлап-ойлап «е неғылар дейсің, жиналыс болса, жиналыс шығар» деп оған да көнген.

 Ауылда не көп, жұмыссыз көп. Жандайшап шолақ белсенді көп. Жандайшаптар Өрікбайды Біркеге байлап берді. Жиналыста қаралап, партиядан алып, арызды қаттап, суға батырды. Кеше жиналыста партиядан шықсын деп отырып алғандар істің насырға шапқанын біліп іздерін жасырып бұғып қалысты. Біреуі үй үшін, бірі қыстық жем-шөп үшін, бірі қызмет үшін Біркеге көмек қылғандар Өрікбай айдалғанша көлеңкелерінен қорқып, өздерінен өздері қуыстанып жүрді. Өрікбай сотталып тынған. Арада үш жыл салып елге қайтқанша, ағайындарының қолында қалған топты балалары ержетті. Өзі де есейіп, ес жиды. Аққайнардың сегізінші директоры Бірке бастық ауданға өсіп сол жақта жоғарылап барып құлады.

Одан кейінгі екі-үш директорге жандайшап болғандар заман өзгеріп кетіп, өз күндерін өздері көруге мәжбүр болды. Енді Аққайнарда директор де, жандайшаптар да жоқ. Әркім өз әлінше шаруа құрған. Ал қуғын көрген Өрікбай шал сол баяғы тау ішіндегі үйінде аман-есен ұрпақтарын өсіріп жүріп жатыр.                                                                                                                                                                                                                             

 

 


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here