ЖЕБЕ  ПАЛУАННЫҢ  ІСІ

 

         Өзен жағасы көк майса шөп. Жасыл желек киінген қайың, талдар сылаңдап, иіліп, төгіліп тұр. Көктемгі арыны басыла қоймаған тау өзені лайлана сарылдап ағып жатыр. Екі палуан жұрттың кеу-кеуімен жалаң аяқ, белдеріне дейін шешініп, көгалдың үстінде шап-шап етіп ұстаса кетті. Бірінші рет сонда көрді. Айбардың денесі шойындай ауыр, қолдары тиген жерін опырып түсіретін қарулы екен. Әдіске көп икемделмеген қара күш иесі мұны қапсыра құшақтап, бұрап әкеп, ырғап-ырғап көтеріп ұрды. Жебе қалай бұраса да сынбайтын тал шыбықтай, қалай лақтырса да жеңіл иіліп, аяғымен жерге дік етіп түседі. Айбар бойын қайта жиып үлгергенше, іштен іліп, әуп деп тастай береді. Жалма-жан орнынан атып тұрып, бұл абайсызда болды дегендей тағы бір-екі рет ұмтылып көріп еді Жебе күш салмай-ақ күліп жүріп құлатуға кірісті. Күреспек боп шығуы шығып алып, шыбықтай жігіттен гүрс-гүрс етіп құлай бергені, сөйте тұра күші басым болса да белдескен адамын бір мұқата алмағаны Айбардың намысына тиді. Оның үстіне күреске шығар кезде менсінбей, шекелей қарағаны тағы бар. Сөйтсе де ол намысына тырысып, алысып бақты. Жебені жықпақ түгілі ұстасуға келмей жел үрлеген қаңбақтай домалай беруі күлкі тудырды. Сөздерімен желеп-жебеп отырғандар бірнеше рет жеңілген соң, басу айтып қойдыру орнына Айбарды күлкі етіп, жынына тие бастады.   

         Айбар шындап ызаланды. Жебенің шаршағанына да, қой жарайды жеңілдім дегеніне де қарамай, қалай болса солай алысып, бұрап әкеп ұрып, тізесін, шынтағын батырып, қырқа шалған болып жіліншіктен теуіп, қояр болмады. Тіпті болмаған соң тентек палуанның арбиған денесін иығына іле беріп, сол көтерген бойы қол-аяғын тырбаңдатып өзен жағасындағы батпаққа апарып тастай салған. Үсті-басы, бет-аузы, жалаңаш денесі батпақтан қап-қара маймыл сияқты былғанып шыққан Айбар тырбаңдап қайта ұмтылды. Жігіттер қыран-топан.  

 

*   *   *

 

         Ентігін басып, дем алуға отырған Жебені жуынып келген Айбар ту сыртынан абайсызда аямай тепкен. Бір жағы жеңіліп қалғанына, бір жағы күлкіге ұшырағанына намыстанып, арақтың буымен еліріп, мұрны делдиіп, екі иығынан дем алып, ентелеп тұрды. Араға жігіттер түсіп еді, басылу орнына мүлде айғайлап, біреуін олай, біреуін былай лақтырып, бой бермей, олардың өздерін соғуға айналды. Ойда жоқта бәтеңкемен бүйірден тепкен соққыдан Жебе талмаусырап ұзақ отырды. Сосын осы арада ойламаған жерден өзіне деген үлкен бір өшпенділік пайда болғанын сезді. Орнынан тұрып, тез-тез киініп алды. Қайтуға жиналғандар кімді кінәларын білмей екеуіне басу айтып жүр.

 

*   *   *

 

         Жебе өзен жағасында отыр. Оң жақ көзінің ұшы қанталап, үстіңгі ернінің бір жағы дүрдиіп ісіп кетіпті. Кеудесінде намысы бар шын ерлерше айқаспай, өзінен бірер жас үлкен амалы жоқ қара күш иесінен таяқ жегенін жігіт басына қорлық санады. Киімін жағаға шешіп, кешкі салқын суға иіліп бетін жуды. Осыны күткендей бағанадан алқымына тығылып жүрген ашу көзінен ыстық жас боп құйылып жүре берді. Ол суды белінен келгенше жалдап барып, одан ары құлаштап жүзе жөнелді. Жолдас болып қасында жүретін төрт-бес жігіт мұның соңынан ілесіп бірге келген. Жол бойы әрнені айтып, Жебенің көңілін аулап, суға түсерде жағада әңгімелесіп біраз отырды. Сөздерінің төркіні әлгінде көздерінше болған төбелес.               

         Жебе сол түні қызуы көтеріліп, дөңбекшіп ұйықтамады. Кешкілік шай ғана ішкені болмаса, асқан еттен де, ыстық сорпадан да татып алмады. Шамның ала көлеңкесінде, көзін көлегейлеп, ернін тістелеп, үйдегілерге шекесінің шодырайып іскенін білдірмеді.               

 

*   *   *

 

         Жаз өтіп, күз келді. Ауыл балалары әскерге алынды. Мерзімі біткендер әскерден оралып, дүркіретіп той жасады. Ауыл жастарына күнде ырду-дырду. Бір күні әскерден пәленшенің баласы келіпті, үй-іші той жасап, өте көңілді өтіпті. Не жоқтың бәрі бар көрінеді. Бір күні түгеншенің баласы келіпті, тойында төбелес шығып, ананың басы жарылып ауруханаға түсіпті, – деп небір оқиғалар естіліп жатты. Жебе мен Айбардың төбелесі де ауыл ішінде үйреншікке айналды. Ол туралы сөзге жарайтын ауыл адамдары түгелге жуық естіп, оның неден шығып, қалай кетіп бара жатқанын сұрап, қызықтап біліп жүрді. Жебені көрсе Айбардың қоразданып: – Қане, палуан кетіп қал бұл жерден, – дейтінін кішкене балаға дейін  ойнап келтіретін болды.

         Бір жұма бойы Жебе үйден шықпай жатып алды. Түн ішінде мас болып келіп Айбар терезеден жекпе-жекке шақырып айқайлап, таң атқанша ұйқы  бермеді. Жебе төбеге қарап үн-түнсіз жатты да қойды. Үйлері еденсіз, төбесі аласа, сығырайып терезеден бозамық сәуле төгіледі. Төр алдында – темір кереует. Тыссыз жастық пен жыртығынан мақтасы шыққан көк көрпе көптен жиналмаған. Бұрыштағы көне алаша үстінде күпәйке жамылып жатқан Жебе үлкен шешім үстінде, қатты толғануда. Күні бойы киімін үтіктеді, айнаға қарап шашын қидырды, күлмеді, сөйлемеді. Тамақты да тәбетсіз ішіп, көңілсіз жүрді. Ыңылдап бір мезгіл өлең айтатын ескі домбыра да үнсіз.                      

         Содан неше күн үйден шықпады. Комсомол хатшысы үйге іздеп келді. Болған оқиғадан ештеңе естімеген екен, бірден,– жұмысқа шық, – деді. Жебе күрестен ауыл балаларына жаттықтырушы болып жүруші еді. Оны да сұрап алған өзі емес, осы комсомол хатшысы болатын. Совхоздың басшыларына айтып, оған мектеп қосылып, құрал жабдығын әперіп, осы үйірмені ашуға құмар боп, ақыры аштырып тынған. Жебеге де маза жоқ спорт залына ауыл балалары келеді де жатады. Айналасы әскерден келген екі-үш айдың ішінде неше рет ауданға жарысқа да қатысып келді. Бірақ осы істеп жүрген ісінде не жүйе, не қалыптасқан тәртіп жоқ, содан шаршап та жүр еді.

 

*   *   *

        

         Кеш түсті. Ауыл кешкі малдарын жайлап, шам жағылды.   Қырман жақ шеттегі көшеде той болмақ. Жастар жағы күндізгі жұмыстарынан келіп, жуынып-шайынып екіден-үштен кешкі ауаны жаңғырта әзілдесіп, күлісіп солай ағылды. Жебені іздеп келгендерді шешесі ауладан «үйде жоқ» деп қайтарды. Өзі де барсам ба, бармасам ба деп екі ойда. Барайын десе күндіз Айбарды сыртынан көрген. Бұрынғыша қызу. Қасында келіншегі бар, қолында – екі жасар ұлы. Тойға барса, тағы да Айбардың бұны көріп тек тұра алмасын білді. «Япырау, не жазығым бар» деп ойлады. Ойлаған сайын уайымға тереңдеп, көңілсіздігі меңдеп, өткендегі көрген қорлықтары есіне түсті. Есіне түсуі сол екен, қорлықтан құтылуға жол іздеді. Ойы шарқ ұрып олай талпынып, бұлай талпынып уайымнан шығатын жол таппады. Тығырыққа тірелді. Бір адамнан көрген қиянаты неше айдан бері шексіз қайталанып, өзін-өзі сол қиянатқа көндіруге, елеусіз көтеруге тырысса да, ішінде соған деген өшпенділік күн санап, сағат санап, тіпті минут санап ұлғая түскендей. Басында неше күн бұрын жылт еткен суық ой кетпей тұрып алды. Шам жағылмаған қараңғы бұрышта жатқан бойы сүйретіліп орнынан тұрды. «Мен қорқақ емеспін – деді іштей. Соны айтуы мұң екен. Бүкіл өне қалтырап қоя берді. – Мен бәріне төземін», – деді. Қараңғыда сипаланып жүріп тез-тез киінді. Сыртқы есіктің тетігін ағытып тысқа шықты.

        

*   *   *

 

         Далада күздің салқын желі соғып тұр. Үй-үйдің арасымен той болатын үйге келсе, есік алдында опыр-топыр халық, қызық көрген балалар, қазандық басында алжапқыш тартқан әйелдер той қамымен жүгіріп жүр. Адам көп, дені – жастар. Түннің бір уағы болғанға ұқсайды. Той иесі әйелі ерте өлген, ержетіп, тұрмысқа шыққан қыздары көп, солардың арқасында шағындап қонақ шақырып жатқан момын адамдар еді. Оны басқарып жүргендер де әлгі үй иесінің биыл мектеп бітірген кенже ұлымен жасты бозбалалар. Ауылдың беделді үлкендері мен шет жақтан сыйлы адамдар келгенде болмаса анау-мынаудан көп тартына қоймайтын ауылдың тентектері, тойға, ішімдікке үйір жастары мұндайда тіпті әдеттегіден де көп жиналып, жап-жақсы басталған қызық әртүрлі жайсыз оқиғалармен бітіп жататын. Осында пәленше деген отыр деп, қарулы жігіттердің бір-біріне жасаған қызметін айтып, осы қызық соңында бұрын болмаған айрықша бірдеңе күтеді. Жебе шет жақтан елеусіз келіп, ауыл  жастарына сәлем беріп, солардың ортасында тұр еді. Ойда жоқта, әлі беташар айтылмаған, жастар топтасып соған дайындалып тұрған кезде қасына Айбар жетіп келді. Өзінің баяғы езуінен күлетін тәтті күлкісімен жымиып, – жүрші сен бері, ана жаққа барып келейік, – деді. Оның ептеп қызу екенін, артынан бірге барса той басталмай жатып төбелес шығаратынын Жебе білді. Қасында сүйкімді қыз Қарлығаш бар. Екеуі топ ішінде жарасып, қасына да қыз-бозбалалар көбірек жиылып, біреудің әзілін тыңдап, күлісіп тұр. Айбар келіп тысқа шақырғанда қыз да соны жақтырмай, – сен оңаша шықпа, – деп қасынан жібермеді. Беташар бітіп, жиылған қонақтар түннің бір жеріне дейін отырып, бірінші үзіліске шыққанда бірталайы қызу боп шықты.

Жебе ішімдікке жоқ еді. Өзінен гөрі жанында отырған құрбыларын көбірек сыйлап отырды. Той басталғаннан бері Айбардан басқа тағы бірнеше жігіт келіп, құлағына сыбырлап кеткен. Оңаша шақырып, анау сөйлеспек сенімен, – деген сияқты сөздер. Өткен жолы өстіп жеке шыққанда қараңғы жерде бірнеше жігіт жабылып, Айбар күліп соған қарап тұрып еді. Жебе олардың біреуіне де тіл қатқан жоқ. Осы ыза қылды ма қонақтар ыстық үйден салқын ауаға шығып, аулада дем алып тұрған мезетте Айбар тағы келіп әй-шайсыз төбелес бастады. Екеуін айыратындай күш бұл жерде жоқ еді. Араға түскен бір-екі еркек таяқ жеп кетті. Әйелдер шулап, жақындауға бата алмай жастар айнала топырлап, бала-шаға жиылып, үлкендер де істер амалы болмай, – апырай, біреуі жазым болар ма екен, айырсаңдаршы бірің, – деп ауылдың әлді жігіттеріне айтып еді, ешкім белсеніп кірісе қоймады.

Ортаға шырылдап қыз басымен Қарлығаш кіріп еді, оны итеріп ұшырып жіберді. Айбардың ештеңеден тоқтамасын білген соң Жебе иығынан асыра лақтырып түсіріп, оң қолын шығарып жіберіп еді. Келесі сәтте оның қолында жылтылдаған бірдеңе пайда болды. – Ойбай, пышақ, – деді әйел дауысы айғайлап. Жебе пышақты ұшырып түсіріп өз қолына алды. Бірақ Айбарды ол да тоқтатқан жоқ. Қару кезеген адамға қасқайып қарсы жүрді. Жебенің қолындағы пышақтың жүзі бағанадан түскен шамның  сәулесімен жарқ етті. – Ойбай, қан, – деді біреу баж етіп.

Денесі серіппедей сіңірлі жігіт тастақ жерде жиырылып-жазылып қан боп жатты. Арада  бірер минут өтпей-ақ  беймаза тентек не болғанын білмеген күйі көз жұмды.

 

 

Notice: compact(): Undefined variable: context in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/post.php on line 3390

Notice: compact(): Undefined variable: file in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/post.php on line 3390

Notice: compact(): Undefined variable: post_mime_type in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/post.php on line 3390

Notice: compact(): Undefined variable: ID in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/post.php on line 3390

Notice: compact(): Undefined variable: filter in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/post.php on line 3390


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here