Оқшау ойлар

Осы күні біреуге сөзің өтіп, тыңдалу үшін ол қандай адам болса да сені жақсылап құлақ ассың десең әлдебір жолын табуың керек. Әсіресе, ол не мансапты, не азды-көпті атақ-дәрежесі бар адам болса. Ойы ортақ, пікірлер, замандас болсаң да сөзіңді тыңдай қоярлық адам табу бүгінде қиын іс. Тіпті кешегі бір жүрген замандасың да айда-жылда сәлемін зорға беріп әрең жөн сұрасады. Қуыстанса керек. Үйіңе барайық, не болмаса әлдебір әңгіме айтып өзімді бас изетіп қойып, кейін куәгер етеді деп. Жұрттың бәрі қошемет етіп, құрмет иесіндей көруге басыңда кем дегенде коттедж, астыңда қымбат мәшине, қық дегенің қанағат бола қаларлық қызметің болмаса жай пендеге ешкімнің назары түсе қоймайды. Жиынға барсаңыз жалғыз жүресіз. Топта сөйлесеңіз сөзіңіз өтпейді. Тізім құрылса ең соңында тұрасыз. Сонда деймін өз басым іріктеле-іріктеле келіп жиылғандағы  қазақ оқығандарының жеткен жері осы кішкене ғана бақай есептің маңайы болда ма екен деп. Осы күйінде бар қазақ оқығандарын жинаса қанша жақсы сөздер айтылып, керемет құрмет көрсетіліп жатса да бір-біріне деген шын сыйластық деген орнамаған екен-ау.

                                                          ***

Қазақтың жақсылығы да, жаманшылығы да азды-көпті талқыланып айтылып жатады. Мен басқаны талқылайтын кіммін дегендей өзіңе ие болып оңаша жүру де осы күні өнер болды. Енді жай пенде айырып, қазақтың жақсысы кім, білімдісі қайсы, үлгі аларлық дұрыс жолдағысы кім дегенге жауап беруге қиналатын болды. Бұл кәдімгідей қиын сұрақ. Былай қарасаң бәрі жақсы. Бәрі атақты. Адамдығына қарасаң көбіне қарның ашады. Бұл неден деп ойлансаң көбінде бұрынғы ата қазаққа тән мұсылмандық қадір-қасиет, алланы танып, адамды жақсы көру, өмірді дұрыс танып, өзін айналамен жақсы қатынаста ұстау сияқты қарапайым  қасиеттер кемшін екен. Мұндайда Абай атамыздың «адамнан ұял, алладан қорық» деген сөзі еске түседі. Бірақ алласын тани алмаған адам одан қалай қорқып, имене қойсын.  

                                               ***

Жазушы халқы ел алдында. Кітабы шығады. Кәзитке, жорналға сөз жазады. Білген ақылын, жиған білімін береді. Олар да қате жіберіп, талқылап жатады. Бірақ соны үлкейтіп, дабырайтып, жұрт көзіне бақырайтып берген құмарпаздар жай уақытта «өздерінің» адамына келгенде  «мейірбан, кішіпейіл, кешірімшіл-ақ». Олар мұны асқан шеберлікпен істейді. Қандай қалтура жасап жүрсе де оны таланттар сүрінген уақытта, айбар шеге алмайтын сәтте асқан әккілікпен мақтайды. Әлгі «жазарманда» аспандағы бұлтқа отырғызып, арғымақтың жалына түнетіп, кемеңгерліктің көліне шомылдырып рахатқа батады. Атаққұмарлықтың бұдан өткен сорақы түрі жоқ. Ең өкініштісі осының бәрін ешкім сезбейді деп ойлайды. Мұның тағы бір аянышты жері адал көңілді мыңдаған оқырманды шындықтан алыстатып, ел бармайтын айдалаға әкетіп адастыруында.

                                                    ***

Қазақ кинасының жағдайы айтылып та жүр. Оған миллиондап бөлінген қаржының қалай игеріліп жатқанын баспасөзден қараймыз. Журналистер батыра айтып жазып та жатады. Бірақ айылын жияр киношылар көрінбейді. Әлгі киножобалар көбіне тапсырыспен, керек тақырыпқа жасалады. Бірақ қарап отырсаң ішінде бірде-бір белгілі жазушы, прозашы жоқ. Тіпті, рецензент, не кеңесші қылып та алмайды. Бұл киносериалдардың көбі шикі, тілі орашолақ, тілі енді шыққан ерке баланың түсініксіз сөздері тәрізді бірдеңе. Тіпті белгілі шығармалардың ізімен кино түсіруге де осы қаламгер қауымы қатыстырылмай үнемі шет қалады. Тілі шебер, оқиғасы қызықты киноға сұранып тұрған талай әңгіме, повестер жабулы жатыр. Бір реттен кейін екінші көруге жарамайтын жобалардың рәсуа болған қаражаты кімнің мойнында. Оны іске асырған басшылар мен тиімсіз жобаны қаржыландырған министрліктегі бір шенеуніктің жазаланғаны жөнінде ақпарат кезікпейді.

                                                   ***

Әкімдер, министрлер, әр деңгейдегі басшылар елдің алдына шығып есеп беріп жатады. Сөзіне қарасаң сол ауданда, облыста іске асып жатқан барлық жұмыс басшының арқасында, бір адамның қолымен атқарылып жатқандай. Сол істерге маңдай терін салған мыңдаған жұмыскер, жай адамдар әшейін жүрген нансоғарлар, құлдар тәрізді аты да аталмаған күйі қала береді. Ол құрылысты сызған жобашы, құрылысшы, прораб, дәнекерлеуші туралы сөз жоқ. Облыс әкімінің оған уақыты жоқ шығар. Онда аудан, ауыл әкімі білсін өзінің жұмыскерлерін қалқының немен айналысып жатқанын. Өтірік ақпаратты беріп, кейін бәрі өзі істегендей болып жүретін басшылар нағыз бөспе нансоғарлар. Халықты алдап жүрген Өтірікшілер де осылар.

                                               ***

Қалайда биліктің көзіне түсіп, соны жақтап, соның көлеңкесінде жүруді қаламгерлер кеңес үкіметі кезінде жақсы меңгерді. Мұның өзін жылпостық, жағымпаздық ауруы десе де болады. Сөйтіп жүріп-ақ өзіне тиесілі емес сыйлықты алып кету, түйені түгімен жұтса да танитын басшысын адал деп ант-су ішіп баспасөзге жазу осындай қулардың жанкешті әрекеті. Мұндай қаламгерлерге ешбір шарасы жоқ басқа ақын-жазушылар билікке сүйкімді көрініп, әдебиетті былғап жүргендерді еркелетіп, «элитный ақын-жазушы» дейтінді шығарыпты. Бұларды елге құрметті, таңдаулы жазушы емес, қайта әдебиеттің денесінде паразит болып жүрген тоғышар, жағымпаз, қалтұршық қаламгер деуіміз керек.

                                                  ***

 

 

 


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here