Тастандының жазығы не?!

Көбіне алдамшы – өмір, алдамшы-сезім, алдамшы -үміт деген сөздерді жиі қолданамыз.Неліктен? Шынына келсек сол алдамшы жағдайларға сені де, мені де итеретін айналамызды қоршаған өзімізге ұқсас адамдар. Адам арқылы сен үйренесің жиіркенесің, күресесің, мүжілесің, күйінесің….Өмір сүресің!.

Баяғыда бір жігіт ғұламадан сұрапты; – өміріңізде неден қорқасыз? – деп, ғұлама «өзімнен» деген екен.

Әр адам өз ойына иелік етіп, күнделікті жасаған өз іс – әрекетіне есеп берсе, бұл дүниеде қиыншылық аз болар ма еді, әлде мүлдем болмас па еді?

Кейінгі кездері қоғамда көше бойына, қоқыстарға жаңа туылған сәбилерін тастап кету белең алып тұр. Бұл қазақтың ата салтында бұрын болмаған жағдай. Кейде жиілеп кететіні сондай, пенденің құлағына әбден сіңіп, адамдық сезімінен жұрдай болып кетуден қорқатын болдық.

Кешегіге қызығып, кешегіні үлгі етіп, кешегідей болады ау деуің мүмкін, бірақ кешегіден үміттену ол – далбасалық,.Мүмкін сол кешегінің дәстүрін санасына әбден сіңіріп өскен кейбір аңқаулардан шыққан жағдай шығар бұл. Неге десеңіз, қазақ оң босағада отырып дүниеге сәби әкелуді намыс көрді, ондайларды «талақ» етті. Өз сенімінің құрбанына айналған әйел байғұс, ата-анасының атына кір келтірмеудің әрекетін қалаған болар немесе сол ата-анасы «көзіңді құрт» дегеннен де шығар. Не десек те біріншіден өзін өзі жеккөру мен құрсағындағы балаға деген салқынқандылығы қынжылтады ақ.

Жақсы көрген жан жеккөре де алады, біріншісі – қиялдан, екіншісі-пейілден.

Иә, өкінішке қарай адам баласы жүрекпен сезініп, қиялынан зардап шегеді. Өзі сүйген, сенген адамын ақтап та, мақтап та әуреге түсетіні сондай, өз сезімінің өзі – құлына айналады.Бір сәтте барлығының күл-талқаны шыққан да, ол бүкіл әлемге өкпе артып, өзін – өзі бір қараңғылыққа апарып қамап тынады.

Өзіңдегіні өзгеден іздеу-қателік, өзгеден таптым деу-адасу!.

Қарап тұрсаңыз барша адамзаттың қалайтыны бір-ақ нәрсе, ол – жылылық, мейірім, махаббат. Ең бірінші ол, сол жылықты өз отбасынан іздейді, отбасының жылығын қоғамдағы қарым – қатынас арқылы жалғағысы келеді. Дос табады, жар табады, жанашыр табады. Өкінішке қарай сол іздеген ізгіліктен, ол көбінесе таяқ жейді. Біреуі өтірік аяйды,екіншісі өтірік достасады, үшіншісі алдап тынады….Маңдайына аямай тиген соққыдан кейбіреу құлаған орнынан бойын тіктеп тұрып кетеді, кейбіреуі сол құлаған орнында ақ құрдымға кетеді.

Сол кезде адам баласы екі амалға үйренеді, біріншісі қарым – қатынас заңы,саған қалай, сен де оған солай, екіншісі – жалғыздық.

Тағдырдың жанарына тіктеп қарамасаңыз, адамдар сізді таптап кетеді, сол себепті өзіңді-өзің құрметтесең, саған қандай қарым-қатынас болса, сондай қарым-қатынаспен жауап беріңіз. Себебі кейбіреулер сыйлауды, аяуды, жақсы көруді, жақсылықты – әлсіздігің деп біледі. Тағдырдың өзі күштілерді мойындайды. Әр пенденің қиқарлығы мен қисық сөзіне мән берсеңіз, күніңіз де зая өтеді. Өмірде біреуді қорғаудан бұрын, қорғана білген абзал. Сонда ғана ұтасың!.

Сәбиін көше бойына тастап кетіп, өзін әрі қарай «бақыттымын» деп айта алатын әйел заты жоқ шығар бәлкім. Оны не қинады, не мәжбүрледі, не итермеледі?. Ешкімде ол жағына бас қатырып ойланбайды. Барлығы сүттің бетіндегі қалқыған көбігін ғана көреді. Айыптайды,кінәләйді,жазғырады, жазалайды…

Менің көргенімді сен көрген жоқсың деп ещкімге де айтпа, себебі оның осы өмірде не көріп жүргенін сен білмейсің!….Сезбейсің…Бұны бір сөзбен айтсақ қоғам соты дейміз. Бір оқиға, миллион пікір. Біреулер; – е, қайбір оңған қыз, көшеде тәнін саудалап жүрген жезөкше шығар десе, екіншісі; – обал ай, алды артын ойламастан бұндай әрекет қылғанына не себеп болды екен? – деген тұжырымдар қылады. Иә, жоқ емес ол да бар, қоғамда тәнін саудалап, интернет желілерінде тыр жалаңаш денелерін көрсетіп ар мен ұятты ұмытқан міскіндер жетеді бүгін. Олардан не үлгі, оларда не парасат, не қадір-қасиет? Бірақ, олар да Алланың жер жүзіне қыбырлатып жаратқан пендесі шығар. Ақ пен қараның, адал мен арамның,жақсы мен жаманның айырмасын байқап көр деген болар бәлкім?!.

Бірақ…Пенденің кемшілігі мың күнгі шаттықты бір күнгі уайымға алдыруы, немесе жүз күнгі жақсылықты бір күнгі жамандыққа жеңдіруі…Біздің осал тұсымыз осы негізі…Жақсылықты тез ұмытып, жамандықты санамызға қаттап аламыз. Осыдан келіп

Адам өмірінде ең үлкен қателік жасайды,ол қателік кіналау, кінәліні табу, кінәліні іздеу, тек кінәлі болмау…

Сүймейтінім – өтірік, екіжүзділік, сатқындық дейсің бе сен, бірақ осының барлығын да сол сен сияқты екі аяқтылар жасайды ғой жарқыным!…Екі аяқтылардың үйренетін қулық сұмдығына қарапайым жан иесінің кейде санасы да жетпейді. Өкінішті…Сол себепті, кейде бізге

Жамандыққа, надандыққа таңқалуға болмайды, адамдыққа таңқалыңыз, себебі ол екінің бірінің қолынан келе бермейді деуімізге тура келетіндей ме қалай өзі?!…

Неге десеңіз, көше бойына тасталған тастанды баланың анасының өміріне ашық көзбен, адами түсіністікпен,аса бір ыждахаттылықпен қарауымыз керек болар бәлкім…

Біреу жайлы қатты білгің келсе, ел сөзімен баға бермеңіз

қасыңызға жақын ұстасаңыз жетіп жатыр деген сөз бар ғой осы.

Адамның ойындағысы тілінде, тіліңе ие болмасаң иманыңның айнасы көрініп тұрады. Рас, иман демекші кейде бір қалтасында қос дипломы болса да кеудесін керіп, танауын шүйіріп, жасанды мәдени көрініп, ақылдымсып қалған ақымақтар бар ғой қоғамда. Керсінше көшеде домалап арақ ішіп жатқан, адам баласының аузынан толғандыратын сөз шыққанда шындап таң қаласың. Адам қандай жаратылыс өзі?, адам бірінікін бірі қайталаушы ғана. Байқасаңыз, адам дүниеге келеді, есиеді, оқуға түседі, қызмет жасайды, үйленеді, бала өсіреді, бірақ әр адам осы жағдайларды бір бірінен өзгермелі түрде қабылдап алады. Қайталаудың тағы бір түрі бар, ол өте қауіпті, ол енді ғана есейіп келе жатқан – жас буын. Олар мынау күніне қырқ құбылған қоғамнан, өзіне не ала алады? – деген ой келеді кейде. Халқы енді ғана 18 миллионға жеткен қазақ халқының кейбір жағдайы шынымен де алаңдатарлық. Соның бірі қазіргі таңда жыныс ауыстыру мәселесі болып тұр.Бұны неге айтып отыр дерсіз? Кешегі тастанды нәресте ертеңгі күні қайда тәрбиеленіп, кімнен барып пана табады?. Анасынан бір қалып өмір соққысын алған ол да, ненің жақсы ненің жаман екенін айыра алмай қалуы да әбден мүмкін ғой…Әлде қазағымның тұнығын лайлау «біреулерге» керек болып жүр ме? Саяси астар бар ма? Жер жүзінен ұлт болып жойылып кетпесімізге кім кепіл? Бұл жай күдігім ғана болар..Бірақ бұрынғы қазақ жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған халық еді. Сахара даласында жетімхана мен қарттар үйі деген атымен болмаған. Қазір не болып барамыз? Өзгеріс пе, төңкеріс пе,алғырлық па,азғындық па? Ей адам,бір жерде құлауың мүмкін шығар, жылауың мүмкін, іштей өзіңді – өзің жегідей жеп, ешкімге мұныңды айтпауың мүмкін, біреуді кіналауың, жазғыруың, соныңа қарай өмір сүрмеуің мүмкін емес қой!. Тұруың керек, ұмтылуың керек, асығуың керек, қалайда жеңілмеуің керек. Сенбейміз деп тұрып, сенуіміз керек шығар. Ең бастысы өзімізді өзіміз сүюіміз керек шығар! Сөз соңында айтарым, адами қадіріміз жоғалмаса екен,көңіліміз тоналмаса екен!..


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here