Әке

 

   Асанның  жатса-тұрса көкейінен кетпейтін, ешкімге айтпаған өзі ғана білетін мұңы бар еді. Бұрын жастау кезінде оны ойлау ақы-лына келмейтін, аздап оң-солын танып студент болған кезде қол қысқа еді, енді міне, сол көкейінде көптен жүрген ойын іске асыруға қаражаты да, қайраты еркін жететіндей күнге де уақыт жылжи-жылжи келіп өзі әкеліп отырғандай. Бөлмеде оңаша қалғанда, немесе көп түндерде ұйықтай алмай жатып алыстағы туған-туыстарын ойласа көз алдынан жұпыны киінген, үнемі күйбеңдеп бірдеңе істеп жүретін, егде тартқан әкесінің суреті кетпейді. Кәдімгі туған әкесі. Мына сыртынан көрсе адам қызыққандай Асанның үйсіз-күйсіз біреудің босағасында жүрген әкесі бар деп кім ойласын. Жақын достарының көбі біле де бермейді, жан дүниесінде не қайғы жатқанын шешіп айтпаған соң олар да қайдан біледі. Тек сыртынан сырбаз мінезіне қарайды да төрт құбыласы түгел, ойлаған ойы іске аспай қалмайтын жолы болғыш бақытты жігіт ойлайды. Асанның бақытты екені де рас. Кейде үйдегі ескі суреттер салынған альбомды қолға алып, мынау – ата, мынау – апа, – деп балалары көріп отырғанда бүтін көңіліне жарықшақ түскендей бір жайсыз сезім тыныш жатқан тұнығын білдірмей оп-оңай лайлап жібергендей болады. Сол көрініс. Шашы ағарған қара шал ауылда өйтіп-бүйтіп, біреулердің жұмысын істеп, ақысыз-пұлсыз көлігін жөндеп, көңілін тауып кім ауырсынбаса соның үйінде жүріп жатыр. Ол өмірдің дәл анығын, егжей-тегжейін Асанның өзі де білмейді. Жастау кезінде асау, шадыр мінезі болған деседі. Еркіндік пен ішкілікті ұнатыпты. Шешелері де оң-солды білмейтін жалтармасы жоқ қатал еді. Дәм-тұзы жараспай ерте ажырасқанын үлкендердің өкініш, аяушылықпен айтатын қаға беріс әңгімесінен еститін. Әйтеуір білетіні есі кірген соң Асан бірде әжесінің, бірде Дәркенбай деген нағашы ағасының  үйінде жүріп бастауыш мектеп бітіргені. Ауылда кеңшілік, туыстардың тұрмысы дұрыс болған соң шешенің арқасында жетімдік, таршылық дегенді көрмеген. Жоғары класқа келіп қала мектебінде оқи бастағанда басқа балалардың әкесін, ағаларын, тату-тәті жайларын көріп іштей қызығатын. Әжесі қайтыс боп жерлеуге барғанда алғаш рет әкесін көрді. Қоңыр күз еді, жиын-терім уағы. Ауылдың үлкендері көңіл айтуға жиналған, көрші-қолаң көп. Кейбір, әңгіме үстінде үйге кіріп-шығып жатқандарға қызмет қылып жүрген Дәркенбай ағасы:

  – Әй, балам ана әкеңе сәлем бер, – деді. Қайсы менің әкем дегендей айнала тұрғандарға қарап еді, орындықта әңгімелесіп отырғандардың бірі мынау әкесін танымады-ау дегендей анадай жерде тұрған сида келген қара торы адамды нұсқады. Өзінің ыңғайсыз жайға душар болғанын сезіп кетіп қалмақшы болып еді, үркендер қасына алып, оны-мұны сұрап жібермеді.

 – Қайдан білсін бұлар, бала емес пе? Тағдыр ғой шатастырған. Әйтпесе әкесі де тәп-тәуір-ақ жігіт, – деп басынан сипап отыр-ғандарды бұған бала болса да таныстырып шықты. Әкесін алғаш рет сонда көрді. Бірақ әке боп ол да, бала боп бұл да жақын сөзге барған жоқ. Кейін талай рет әр түрлі жағдайда өстіп көп ішінен кезіктіріп жүрсе де әкем еді деп ешқашан керек етіп іздемеген. Арада көп жыл өткен соң осы сезімнің қайта оянып неге сонша мазалап жүргенін өзі де білмейтін еді. Бірақ ақыры ойына алған екен соны орнына қоймай тынбайтын әдеті бар. Сол әдеті бұл жолы да Асанды біртіндеп жеңуге айналып еді.

     Тамыз айының жалақысын алып Асан поезбен жолға шықты. Әкесін қайда жүрсе де іздеп тауып қайтпақ. Тым болмаса ендігі қалған аз ғана ғұмырыңды бала-шағаңның, немерелеріңнің қасында өткіз демек. Жолаушылар аз. Оңаша купеде келе жатып әкесімен қалай кезігіп, не айтатынын іштей неше рет қайталап, жаттап алды. Түнімен жөнді ұйықтамады. Ертесінде кеш түсе шағын стансадан жалғыз түсті. Перронда абыр-сабыр, ерсілі-қарсылы сабылған жолаушылар. Туып өскен таныс қаладан әкесінің қайда тұратынын сұрап білді. Жеңіл мәшине тас жолдан бұрылған соң тайғанақтап жүрісі өнбей қойды. Арқаның салқын кеші. Ойпаң жерлерді, су жайылған тұстарды айналып өтіп, көбіне қыратты бауырлайды. Ауылға бір кезең қалғанда су ағар жылғаның тік ернеуіне асылып мәшиненің үні өшті. Кезек түсіп, жер шолып, байқап келе жатқан денелі екі жігіт аяқ киімдерін шешіп, балақтарын түріп, кеш батқанша мәшинені шығара алмай әуреленді. Екі-үш шақырымдай жерде ауылдың сауын сиырларын айдап екі атты тепеңдеп барады. Маңайда қараған, тобылғы өскен боз төбелер, бедірейген таулар. Дөңкиіп жатқан сары адырдың арғы жағынан кешкі ауылдың шуы естіледі. Екеуі шаршап, көгалды темекі тартып отырғанда Нұрқан деген тракторшы келіп шұқырдан шығуға көмектесті. Тағы бір жерге байқамай отырып қаларсыңдар, – деп ауылға жеткенше артына тіркеп алды. 

    Ауылға келген соң Асан сұрастыра келіп әкесін Ғазиз деген тұрмысы ауқатты жамағайынның үйінен тапты. Ғазиз – жасынан кеңседе есепші болып, өмірі жылы-жұмсақта өткен пайдакүнем адам. Көп сөйлемейтін, кірпияз, оған қоса ойдан, қырдан жиналған қалталылармен карта ойнайтын. Ғазиз доғалдау болғанда, әйелі Шәкизат көпшіл, балажан жаймашуақ жан. Істейтіні күні бойы үй шаруасы. Әлдеқашан ержетіп, үйленіп, жеке үй боп кеткен бала-лары да, немерелері де үйге жиі келіп-кетіп, үнемі қонақ боп жатады. 

 Сонымен қызыл іңірде ел орнына отыра, Асан ауылға табан іліктірген. Өзінің не үшін келе жатқанын, әкесіне айтатын сөздерін – бәрін-бәрін ойынан өткізіп шықты. Иә, әкесін жат біреудің босағасына қаратпай қалаға алып қайтар болса, Асанның көңілі тынышталар еді. Бұл кезде ауылда туыс дерлік туыстар да азайған. Ескі көздер о дүниелік болған. Жастар жағы араласпаған соң бірін-бірі танымайды, жат. Осыдан жеті-сегіз жыл бұрын, студент кезінде Асан әкесін осы ауылдан тап бүгінгідей алып қайтқан. Онда жаңадан үйленген кезі. Жатақхананың бір бөлмесі. Асанның тауып берген жұмысын істемей әкесі Сейділда екі аптадан соң ауылға қайтқан. Қолының қысқалығына, үйінің жоқтығына Асан со жолы қатты ызаланды. Өзін бір түрлі сезінді. Енді, міне, үй де бар, күтіп отырған екі бірдей немересі бар. Иә, әкесін алып қайтады.  

Ғазиз түн боп кеткеніне қарамай мал сойғызып, қазан көтертті. Асан да кетер-кеткенше осы үйде болды. Қолында кенже баласы бар екен, бар шаруаны сол тындырып жүрді. Әкесі көп өзгермеген екен. Тек құлағының түбінен айқайлап отырмасаң жөнді есті-мейді, – деп Ғазиз Асанға әкесінің жайын түсіндірді. Сейділда бала-сының өзін іздеп келгеніне қатты қуанып, сандықтағы бір қабат тәуір киімін алғызып киді. Көңілі өсіп, қабағындағы айықпас мұң серпіліп, жүзіне қуаныштан қан жүгіріп, жанын қоярға жер таппады. Ауылдағы көрші- қолаң, ағайындардың қонақ қылуымен Асан екі-үш күн ауылда болғанда көрген жұрттың бәрі:

– Апырай, Сейділдәдан туды дейтін емес баласы жақсы азамат бопты. Іздеп келіп жүргенін айтпаймысың, – деп  әңгімелеп айтып жүрді. Екі-үш күн ауылда болғандағы Асанның іздегені үлкен аталарының ескі қорасы болды. Жер жағдайын жақсы білетін үлкендердің бірін алып, сенімді көлік тауып, әлдеқашан жер боп тегістеле бастаған қыстау орнын әрең іздеп тапты. Соған жақын жердегі қарағанды сайда аталарының тастан қаланған  бейіті бар дейтін. Ол да жерге кіріп, қалың қарағаннан көрінбей, мүлде отыра бастапты. Қасына ертіп алған толымды қария бертінде Қытайдан келген адам еді. Кең дауысымен күңіренте бастап, тізе бүгіп, құран оқыды. Асан кетерінде айналасына тағы бір шолып қарады. Осы маңайдың әр тасы, төменде ағып жатқан өзені, су жағалай өскен қалың ағаштары көңілінде өшпестей боп мәңгі жатталып қалды. Қайтар күн жақындаған сайын өз ойын әкесіне қалай білдіруді ойлап, ақыры ашық сөйлеспек болып оңаша бөлмеге шақырып алды.

– Әке, – деді дауысы толқи дірілдеп. – Сенің өстіп панасы жоқ адамдай жалғыз жүргенің менің жаныма батады. Алыста жүрсек те сенің осы дүниеде бар екеніңе қуанып, сыртыңнан сүйеніш тұта-мыз. Туған-туысқа, елге өкпең жоқ екенін, оларды қыймайтының-ды білсем де өзіңді қалаға алып кетуге келгенімді енді жасыруға бола ма. Арамызда түк болмағандай бөтен адамша жолға түсіп кете берсем ел не дейді. Әкесі барларға жаутаңдап, менің әкесіз өскенім аз ба, маған бұйырмаған қамқорлығың мен жүрек жылуыңды немерелеріңе қи әке. Бұл менің сізге өмір бойы айтсам деп армандап келген сөзім екенін ұмытпаңыз. Не де болса бір шешімге келіп, маған соны білдіріңіз, – деді. Баласының сөздерін үнсіз тыңдап алып, Сейділда өзінің қоңыр дауысымен:

– Балам, мені мазалап қайтесің, – деді сенімсіздеу сөйлеп. –Әкеңді осалдығы үшін қалай кіналасаң да орынды. Тек өткен-кеткенді бетіме басып, қазбаламағаныңа рахмет. Сенің қай сыныңа төтеп берем мен. Байғұс шешең мен сендердің алдыңдағы ұят өмір бойы мазалаумен, жанымды жегідей жеумен келеді. Пенде баласымын ғой, армансыз адам бола ма, мен де өзіңді бір көруді, кезігуді армандап жүруші едім. Енді сенің алдыңда өлсем арманым жоқ. Кеш қарағым сорлы әкеңді. Жүр десең қалаңа да барайын, тұра алмасам, елді сағынып қайтар болсам кісен болмассың.Осы күнге жетіп тұрып, жалынған сөзіңді жерге тастасам менің кім болғаным. Кеш құлыным сорлы әкеңді, – деді. Осыны айтып Асанды құшақтап еңкілдеп жылағанда, Сейділда көпке дейін тоқтай алмады.

 Ауыл-ел жағдайына, әкесінің өміріне қаныққан сайын бұрын ұмыт бола бастаған жүрегіндегі туған жерге деген сағыныш ұлғая түскендей. Осылайша өткен бірер күнде ауыл өміріне қайта көндігіп бауыр басқандай болды. Қайтатын мезгіл таяған сайын бір аумақты іс алдынан шығып, жүрер жолында бөгет болып тұрғандай көрініп еді. Әкесінің қалаға бару бармау жайы  белгілі  болған соң енді оған да алаңсыз сеніп, алдағы өміріне жаңа жол ашылғандай, өзін жеңіл әрі бақытты сезінді. Кетер күні осындағы ескіден келе жатқан ауылдың үлкендерін, көрші қолаңды, әкесінің қарызы бар адамдарды жиып жамағайынның үйіне қонақ етті. Атақты суретші, ел таныған үлкен азамат деп көпшілік сыйлайтын Асан өз өмірінің талай жылдан бергі ешкімге айтпай іштей үнсіз сақтап келген үлкен құпиясын картина ғып салуға құштарлық оянғанын сезді. Оның айтатын ойы  да, суреттейтін адамдары да, жазатын тақырыбы да туған ел, қасиетті  мекен туралы. Осы жердегі мәңгілік өмірді жалғап жатқан махаббат, адамдар арасындағы сағыныш туралы болмақ. Асан қалаға аттанғанда осындай суреткерлік үлкен шешіммен аттанып еді. Арада бір жыл өткенде адам табиғатын терең ашқан, туған жер туралы ”Атамекен” атты  атақты картинасы дүниеге келді. Бұл бір ғана сәт еді. Әлі жалғасы бар, мәңгілік өмірдің мезеті ғана.     

 

 


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here