АҚЫЛСЫЗДАН СЫБАҒА

 

         Оның да кезегі келді-ау ақыры. Аралхан көптен аңсаған ісіне бүгін бел шеше кірісіп кетті. Кәсіподақ комитетінің дені әйел мұғалімдер еді. Еркектер ішінен бір жылдан бері орынбасар боп жүрген –Демеуқұл ғана. Босаға жақта отырған отыздардағы жұқалтаң аққұба жігітті жерге кіргендей ұялып, топ алдына шақырғанға қара жер болып қысылатын шығар десе, жүзінен онша мазасыздық байқалмайды. Демеуқұл жиналысты ашып сөз берісімен-ақ соны күтіп отырғандай Аралхан қолын сермеп-сермеп, мұрнына түскен көзәйнегін көтеріп қойып мектепте еңбек тәртібінің нашарлап кеткенін, бүгінгі жиналуға да себеп болып жұмыс істеудің орнына бас қосуға мәжбүр қылған осындай оқиға екенін айтып шықты. Еңбек тәртібін айтқанда Шәріптің емтиханға кешігіп қана қоймай, түсінік жазбай қасарысқанын, оның бүгін ғана емес бұрын талай кешігіп жүретін қылығын басшылар көріп ылғи  кешіріммен қарағанын, алайда одан нәтиже шығару орнына үнемі осы әдетін қайталаумен келе жатқанын, ондайларға әділ, тұжырымды, дұрыс, тек бір жақты баға беру керектігін тілі жеткенше өткірлей айтып түсіндіріп өтті. Оның түрінен басшы болса да қол астындағы адамға тілі өтпей, не істерін білмей қиналған адамның кейпі байқалады      

         –Шәріптің маған бағынбағаны былай тұрсын, енді ұжыммен есептескісі келмейді. Осы мәжілісті шақыруға да қарсы болды. Бұл енді мүлде шектен шыққандық деп білемін, – деп аяқтады сөзін. Комитет төрағасы Демеуқұл тамағын кенеп-кенеп ап, екі иығын қоқаңдатып тұрып:     

         – Кәне, кімде қандай пікір бар? – деді.  

         Бұл не мәжіліс екенін бағанадан түсіне алмай істің байыбына енді бара бастаған әйелдер жағы, қақ-соқпен ісі жоқ күйде қыз-келіншектер біртүрлі ыңғайсызданып отыр. Сөйлей қояйын деген ешкім болмады, өлі тыныштық орнап, кабинет іші құлазып тұр. Демеуқұл бұрын жиналыс болса керек мәселені сөз жоқ жерден сөз тудырып дамытып әкете қоятын әйелдердің үндей қоймағанына көңілі толмаған күйі, осынымыз қалай болар екен дегендей бастығына бір қарап алды: 

         – Онда өзіне сөз берейік, – деді. 

         – Сөйлесін, тыңдайық, – деп күңк етті Аралхан. Шәріп кешірім сұрап өкінер, тәртіп бұзбаймын деп уәде берер деп ойлаған. Өзінің кейбір қылығының өрескел кеткенін түсініп өкініш білдірер деп күтіп еді. Бірақ ол өзінің кемшілігін мойнына алып, кешірім сұрамақ түгілі сол кемшілікті жібергенін білмейтін адам сияқты, тіпті ол туралы айтудың өзі артық екенін білетіндей сырт көзге айылын да жимай өстігенде маған келіп-кетер не бар дегендей айылын жимай отыр. Осы қылықты көргенде Аралханның бір жағы бастық ретіндегі намысы аяққа түскендей болады да, екінші жағынан бұдан кейінгі қызмет адамдарының тәртібі одан сайын төмендеп жауапкершілік бетімен кетіп қалатындай болып қабағы түсе береді. Осы тәртіп бұзудың алдын алып қолданған шарасы іске асса бірдеңесі түзеліп бәрі дұрыс жолға түсіп кететіндей көрінеді. Бірақ бәрі бұл ойлағандай болмай керісінше шықты. Мұндағы көп жұрт Аралханды білетіні тәрізді Шәріптің де өтірік айтпайтынын, ешкімнің алдында көлгірсіп бас имейтінін, тәкәппар кіділігін сыртынан білетін. Сол тәкәппарлығын табанға салып таптағысы келгендер де болған. Айналасына ойлап емес, орындап қана отыратындарды жиып үйренген Аралхан да онымен алысқан бір жылда біраз сырына қанығып үлгеріп еді. Бірақ сонда да мұның сырт көзге көрсетпей тығып жүретін ішкі қоймасы, қазына ойы бардай. Бұл жолы да Шәріп Аралхан ойлағаннан әлдеқайда басқа адам болып, бейтаныс сипатымен көрініп отыр.  

         – Менің отбасы жағдайымды бәріңіз білесіздер, – деп бастады ол сөзін. – Мектеп директоры айтқандай жұмысқа кешігуге себеп болған жауапсыз қарау емес, үйдің жағдайы. Қаладан сағат сегізде келуге тиісті автобус он бірде келсе, оған жолаушыны кінәләуға бола ма? Екі емтихан арасындағы төрт күнде үйіме барып кір-қоңымды жуғызсам, ол жауапсыздыққа жатпайтын болар. Мен өзімді мұнымен ақтаймын деп тұрғам жоқ және өзімді жұмысқа нұқсан келтірдім деп те ойламаймын. Сол кінәні жұртқа жаю үшін бе, жоқ мұқату үшін бе, онсыз да уақыты аз адамдарды неге жиғаныңызды, директор мырза, мен түсінбей тұрмын? – деп Аралханның көзіне тайсалмай қараған Шәріп орнына отырды.

         Етжеңді денесі ауыр қозғалып тұруға оқталғандай оқыс қимылдап Аралхан орнында теңселе тыпыршып қалды. Көмекке дереу орынбасары келді. Сөзбен шарпысып, бір-бірімен ымыраға келе алмай тұрған екі жақты көздерінің астымен бағып отырған әйелдердің назарын: 

         – Тә-әк! – деген Демеуқұлдың қатқыл дауысы бөліп кетті. – Тәк, мен бұл жігітті көптен бақылап жүрмін. Мінезі өте шадыр. Мен де шадырмын! Шадырлығын қоймаса бұл менен таяқ жейді. – Ол қолын сермеп, тістеніп айқайлап жіберді.

         Шәріп таяу жерде тұр еді. Әйелдердің бірі төбелес туып кете ме деп араларына килікті.  

         – Иә, иә, несіне тесірейесің? Сабаймын, – деді Демеуқұл долданып.

         – Сіздерден ғафу өтінемін, – деді Шәріп әйелдерге қарап. Кабинеттен шығып бара жатты. Менсінбеген, сөйлескісі келмеген адамнан гөрі өстіп үнсіз құтылудан өзге амалы қалмаған шарасыз адамның кейпімен кетіп бара жатты.

                                                                                                                                                                                                                           *   *   *

 

         Аралханмен алысқанына аттай бір жыл. Бір қыс аңдысып арпалысты. Басында көп боп жабылып жаманатты қылам деп жиналысқа салған. Бірақ Шәріп Аралханның шымбайына батарлық соққы берді. Арпалысып ала алмасын білген соң үн-түнсіз қалып, Шәріптің сыртынан мәлімет жиып, өмірін зерттей бастады. Бұрынғы істеген жерлерінен пікір жиды. Әрине, оны ешкім мақтаған жоқ. «Сыйымсыз» деді, «аса білгіш» деді, «қалыпқа сыймайды» деді. «Бұның жақсы жері мынада» деген бір жан болсашы. Қуып жіберейін десе, өте сақ, жас жігіт боп қыздарға барып, той тойлап, арақ ішуді де білмейді. Томаға-тұйық біреу, жұрт сияқты біреуге олай, біреуге былай деп тіл табысуды да білмейді. Алғашында ел мұның жүрген жүрісі, тұрған тұрысына күлетін. Көзі шүңірейіп, жүдеп, күтімсіз, кейіпте, үнемі жалғыз жүреді. Білетіндер «кітапты көп оқиды» деседі. «Түнімен ұйықтамай жазу жазады» деседі. Әрине, не жазатынын ешкім білмейді. Ғылыммен айналысып жүретінін бірде Аралханға да айтқан. Аралхан «байғұс бала» деп, іштей күлген. Ақыры, осы жігіттің табандылығына, тазалағы мен біліміне біртіндеп басқалар назар аударды. Алматыда желтоқсан оқиғасы басталып, дүние алай-түлей болғанда жаңа көтерілген демократия толқынынан қорыққан Аралхан түкке түсінбей Шәріпке өзінің кейбір ойларын айтатын. Шәріп үн-түнсіз, сөзуарлығы жоқ  әдетпен оған үңіле бір қарап алып:

         – Баяғыда-ақ осылай болу керек еді, – деді. – Дүние жаңаруға тиіс.

         Бір сөзді екі қайталамайтын, ізденгіш жігіттің өзінде істеп жүргенін енді кейде мақтан санайтынды шығарды. Тіпті оның кейбір ымырасыз, тік мінездерін іштей жақсы көретін. «Маған бағынбаса бағынбасын, әйтеуір, жалпы ережеге бағынып, мектепке кір келтірмесе болды» деп ойлады. Ертең өз сабағыма қатысып жүрер деді ме, жыл бойы бірде-бір сабағына қатыспады. Мұнысы бір еркіндік боп тиіп, Шәріп жұмысқа жан сала кірісті. Тек басынан сөз асырмайтын кіділігі бөгеп, Аралханмен сәл нәрсеге ілінісіп қап жатады. Директордың  бойындағы бастыққа  тән астамшылық, құбыла салу, бүгін былай, ертең былай өзгеру Шәріпті қилы ойға қалдыратын. Осылайша кеп ойлана келе «сабақ болсын» деп, соңғы жиналыста бастықты Шәріп қатты сынаған. Мұнысы көптен ішіне сақтап айтпай келген шындық еді. Аралхан мұны өзінің қызметіне жасаған жала, көпе көрнеу ел көзінше беделін түсіріп көре алмай істеген жамандық деп қабылдады.

 

                                                         * * *

 

Оқу жылы аяқтала бере өзіне қызмет бабында сын айтқан болып тиген Шәріпті Демеуқұлдың шалт мінезімен ауыздықтадым-ау десе де көңілінде күдік көп еді. Ең үлкен күдігі – орнынан айрылып қалу. Қызметінен түссе бұны ертең кім керек қылады. Жаман-жақсылы болса да ауылға, ауданға сөзін тыңдатарлық директор. Он бес, жиырма жылғы еңбегімен, күш-жігері, тамыр-таныс жағалап, айла-әрекетпен қол жеткізген қызметтен абыройсыз айырылса, оған мұрындық болатын – тек Шәріп. Соны құрту керек. Тіл табыспақ, алдамақ, айласын асырмақ, қорқытпақ, тереңге батырмақ әрекет іске аспады. Шалт мінезді, Қодар пішіндес Демеуқұлға өткен жұмада арақ беріп отырып қызыл сөзбен намысына тие қыздырмалатқан.

         – Демеке, сіз болсаңыз елуге келдіңіз. Жақсылы-жаманды біраз қызметтің дәмін таттыңыз. Талаймен бақталас та, тақталас та болдыңыз. Бөтен елден қаңғып келген осы бір үндемеске тәртіп бұздырып қоямыз ба, жоқ сіз боп, біз боп бір жөнге келтіреміз бе? – деген.                   

Бет-аузы қожыр-қожыр әжім, безеу басқан ақ шашты, дөңес мұрынды Демеуқұл жорта күлген боп кетік тістерін көрсете:          

         – Ортаға алып көрейік. Жас қой, қайда барар дейсің, – деген.

         Оны айтқан себебі, Шәріптің тегін адам емес екенін біліп, Аралханды жамандап, оған дем де беріп қоятын. Көкейінде екеуі тоқайласып, қатты араз болып, орын босаса «өткен өмірім қаншама қараңғы болса да, менен артық кім бар бұл орынға лайық» деген жамысқы ой да бой көрсетеді. Бірақ Аралхан ұстамдылық көрсетіп, Демеуқұлдың қолымен от көседі. Тірі жаннан беті қайтпаған Шәріпке соққы бергенін Аралханның алдында алғашында мақтаныш санаса да, жүрегінің алыс бір түкпірінде жылт өткен ұят сезімі оянып, мазалап жүрді.                                                                                                                                                                                                                    

*     *     *  

                                                                                                                                                                         Демеуқұлдың ойда жоқ әрекеті Шәріпке қатты әсер етті. Екі-үш күннен соң оқу жылы аяқталып еліне қайтты. Қайтымы шапшаң Демеуқұл татуласпақ сыңай танытқан. Бірақ бір беткей Шәріп арам астан жиренгендей маңайына жоламады. Сөйтіп, Аралхан мен Демеуқұл Шәріпте кеткен ұпайларын түгендеп еді. Өмірдің әр қадамынан сабақ алып үйренген жас жігіт кейде шындық жолының неге ауыр болатынын, неге кесілетінін енді түсінгендей. Көкірегінде адам баласының пендешілігіне деген ыза да, кек те, жанкешті ашу да қалмады. Қызметте шындық айтылып, жүйелі тәртіп орнағаны ешкімге керек емес деп ойлады. Оны ешкімнің білгісі де келмейді. Оны талай адамдар мансапқа, атақ, дәрежеге жетудің баспалдағы деп қарайды. Өзі жетіп алған соң басқалар жетпес үшін шындықтың жүзін өтірікпен бояй бастайды. Қызметке ықпалы тиетін жол іздеу тоқтаған кезде адам өмірі мән-мағына, қызығы болмасына көз жеткізу үшін ойсыз пенделерге бүкіл бір ғұмыр берсе де аз екенін ойлады. Өзіне кері әсері тиетінін біле тұра басшы адамды ренжітер сөздерді несіне айтып, көңіліне тигені бекершілік болғанын ойлады.

                                                                                                                   

*  *  *

                                                                                                                                                                  Мектепте жас мұғалімдер көп еді. Дені қыздар. Сұлуы да, қараторы әдемісі де, жұлынған пысығы да табылады. Бұлардың демалыста жиылатын орны бар. Оған күні бұрын дайындық жасалады. Шарап, арақ та мол. Тамақ асылып, дастарқан жайылады. Кештің қызу ортасында дене шынықтыру мұғалімі үрпек сары жігіт Қали мен еңбек мұғалімі Сағит деген қысықкөз қара жігіт жүреді. Таңды-таңға ұрған жиын-тойда бұлар тосылып, шаршап, қиналып көрген емес. Есенгелді мен Сарқыт бала-шағалы, үйлі-баранды болса да осылардың ішінде жүреді. Ара-тұра Шәріпті де қосып алады. Біреулері ән салып, билеп, біреулері әзіл-күлкі соғып, біреулері карта ойнап, темекі шегіп, ию-қию, дырдумен түнді өткізеді. Көңілді топтың ортасында Шәріп те бар. Онда орынды-орынсыз әзіл айтып күлгендердің соңынан біреу күлді екен деп бос ыржалақтап күлу, әркіммен әзіл жарастырып ойсыз-қамсыз арзан қызыққа берілу жоқ. Елеусіз бір бұрышта ойынға қарап отырады. Кейде жігіттерге қол жетпесе карта ойнайды. Жалыққанда креслода отырып қалғып кетеді.

         Сол түні Есенгелді, Сарқыт үшеуі кештен қайтқан соң ұзақ таласты. Есенгелдінің әйелі ауруханада болатын, үйі суық, от жағылмаған. Күндізден бері ойын ойнап, бірталай сыра, ішімдік ішкен жігіттер оны елеген жоқ. Әңгіме жұмыс жайына ауысқанда Сарқыт Аралханның қызмет барысында екі сөйлейтінін, өзіне сабақ бермей кейбір орынсыз жасаған қысымшылығын айтты. Есенгелді де осы мектепке келгеннен бергі екі жылда бастықтан көрген түртпек пен естігенін, кейде қызметтен емес соның төңірегіндегі артық-ауыз сөзден шаршайтынын айтты. Шәріпке бұл ұнамады.  

         – Несіне сол қылығын өзіне айтпай сырттан сөйлеп жүрсіңдер? Өстіп көзі жоқта айтып көзінше жағымпаз қылық танытып, өздерің жаман үйреткенсіңдер ғой. Әйтпесе қызметін орнымен атқарып тыныш жүрген адамға ол не дей қойсын,  – деді.

         Намысқой Есенгелдіге бұл өрескел көрініп, Шәріпті жек көре қарады да, сен өзіңді бізден артықпын деп жүр екенсің ғой, онда сенімен былайша сөйлесейін дегендей қарулы саусақтарымен жағасынан бүріп алды. Шәріптің көйлегінің жағасы дыр-дыр айырылып, түймелері бырт-бырт үзілді.

         – Жібер, – деді Шәріп қылғынып.

         Бұлқынып босануға тырысты. Сарқыт араша түсудің орнына екеуін айнала жүгіріп әлек болды. Ызаға булыққан Шәріп жағадан алған қолды қағып қалды. Шеңгелдеп ұстаған қарулы қол жағадан босата салып көздің отын жарқ еткізді. Екі жақтан сермелген шойын жұдырықтарға қарсыласа алмай Шәріп:

         – Болады. Жетті, – деді ышқынып. Қараңғы көшеге шыға жөнелді. Әйтеуір үйге кіріп, төсекке жетіп құлаған.

         Содан Шәріп бір жұма бетіне түскен дақтан жұрт көзіне көрініп жұмысқа бара алмаған күйі үйде жүрді. Ертеңінде Есенгелді келіп Шәріптен кешірім сұраған:

         – Кешір, ашумен, қызулықпен білмеппін, – деп өкінді. 

         Шәріптің жұмылып кеткен көзіне қарап өрескел іс істегенін енді байқады. Жүрегіне «сотталып кетем бе?» деген қорқыныш ұялады.     

         Шәріп төбеге қарап қимылсыз жатқан бойы:  

         – Оңып тұрған қайсымыз бар? – деді бей-жай мұңды бір дауыспен. Есенгелді мұндайды мүлде күтпеген еді, Шәріпке өмірлік дос болуға ант-су ішті. Бірақ араларында достық та, жақын деп айтарлық сырластық та болған жоқ. Жаздай ауылында демалған Шәріп күз түсе Алтынқоғаның мектебіне қайтып барған жоқ. Өткен күндер артта қалып, алда келешек тағдыры тағы да тосып тұрды.                                                                                                   

 

 

 


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here