НАҒАШЫ

 

Үйге жөнді от жанбағалы екі күнге айналды. Қыс ең бір қаһарлы мінезіне келіп, бет қарыған аяздың ақырындамағанына апта болды. Қар биік түсіп, үй-үйдің арасын қар-жалдары алып қалған далаға шықсаң әр үйден соң бір бел болып, не шатыр, не мұржа, не будақтаған түтін байқалады. Бағаналар, оқтай тартылған сымдар, арса-арса болған ағаштар қырау оранған. Күн шуақта тұратын малдар да көрінбейді, әлдеқайдан босап шыққан бірен-саран суыққа шыдамы жылқылар қора төбесіне мойын созып, суырып шөп жеп тұрады. Маңайы мұз боп қатқан құдық төңірегінде мал суаруға жиналатын жұрт сиреп қалған. Мұндай күндері суды үйлеріне тасып жылытып береді, жылы қора маңынан малдар суық суды тітіркеніп ішкісі келмей, құдыққа айдасаң қорадан шықпайды, тіпті бір-екі күн су бермесең іздемейтіндей.

Шанасын, шаңғысын сүйретіп, тауда, мұзда, көшеде жүретін ойын балалары жылы үйден шықса аяздан тығылып қайта оралады. Беті қызарып аязға шыдағандар өздеріне құрбы таба алмай шанасын сүйретіп, жалғыз жарым ойнайды. Мектептегі сабақ та үзіліп қалып, оқушылардың барып-қайтуы қиын болған соң ата-аналары шығарып салып, алып қайтып екі орта жүр.

Күн кейде сығырая қарап ашыла қалады да, шаңытқан аязға ызғырық қосылып үріп берсе дүние күңгірттеу бір көңілсіздікке оранады. Мұндай қысқы күндер ұзақ-сонар, жабырқау. Адамдар әлденені күткендей, бөгде біреу келетіндей айналаларына қарап қояды, кешегі жолдасы бүгін қалың киінсе танымай қалады, бір-бірімен кезігіп қалса суық туралы, отардағы малдар туралы, аршитын суат туралы әңгімелейді. Соғым еттерін қазанға салып қойып, түннің бір уағына дейін әңгіме шертіседі, мұндай кездерде қыдырмашылар көбейіп, жұрт жиналып бастары қосылса, азын-аулақ ақшаларын салып карта ойнасады. Жиналуға сылтау таппаса балалардың туған күнін, сатып алған қымбаттау бұйымдарды елеп келе береді.

Осындай бір көңілсіз күндердің бірі. Кешкі аяз күшейе түскен, қорадағы малдарын жайлап, ел таңертеңге отын, көмірлерін кіргізіп алды. Шам жаққан мезгілде үсті-басын қырау көмген біреу ат шанамен Табылдың есік алдына келіп тоқтады. Қатты қардан шананың табаны сықыр-сықыр етеді. Танауынан буы бұрқыраған жарау, үлкен торы ат қораға барып басын тіреді.

Ұзын қара мұртына мұз қатқан, тамақты адамды ешкім қарсы алған жоқ. Ілесіп келген екі тазы ит “келдік пе” дегендей иелеріне қарап қояды, ауыл иттерінің тиісе қоймағанына разы тәрізді. Қонақ ауыр ішігінің жағасын қайырып, аяғына оратылған етегін кейін серпіп шанадан түсті. Баяу қимылына қарағанда тоңып қалғандай аттың да сылбыраған тұрысынан ұзақ, ауыр жол қинап тастағаны байқалады.

Бұл Табылдың тәуір көретін нағашысы Нысанәлі болатын. Салтама етігі сықырлап қора жақта тағы біраз жүрді. Есік алдын биік қар алып қалған, қораның үстінен жүрген қарды балалар арырақ күреп, айналасын ашыңқырапты. Аяз қатайып, көзінен аққан судан кірпігі жабыса береді, үстін қағып үйге кіргенше ешкім шыға қоймады. Киімі қалың болғанымен бойын суық ала бастады. Нысанәлі тымағын шешіп, тұлыбын сенекке іліп, үйге кіргенде үстел басында отырған іркес-тіркес төрт ұл есік жаққа қарады.

– Ал қарақтарым, аманбысыңдар!

Балалар сырт киіммен отыр екен, үй салқын, пеште жанып жатқан от байқалмайды. Табылдың ортаншылау пысық ұлы Кәден:

– Нағашы, Аяз ата сияқты бопсыз, – деді.

– Ұят емес пе? – деді кішілеуі.

Нысанәлі орталыққа келсе осы үйге түсетін. Жиені Табыл болса бала-шағасының көптігіне қарамай нағашысын қарсы алып жатады. Жайқоңыр, мінезді адамға балалар да үйір, қаладан келе жатса бұларға кейде базарлық та әкеледі. Нысанәлі келсе осы үйде айрықша қуанатын балалар.

Үлкен кісі сияқты адамның да, шаруаның да ыңғайын біліп қалған Қабден нағашысын шешіндіріп, киімін ілісті.

– Үй суықтау, әлгіінде от жағып едік, мал жайғастырып жүргенде сөніп қалыпты, – деп Кәден пешті айналдыруға кірісті.

Диван, стол, сервант тұрған шағындау бөлмеге кіріп, Нысанәлі балалардан әке-шешелерін сұрады. Балалар үндемеді. Кішілеу бір ұл арғы бір бөлмеге кіріп “тәтелеп” біреуді оята бастады. Үйдің көңілсіздеу сиқына қарағанда шешелері ауырып қалған шығар деп ойлады Нысанәлі, балалардың пешке қараған көңілсіз күйлерінен бірдеңе сезгендей. Ары-бері отырған соң, мана әйелі салып берген сәлем-сауқаты есіне түсті.

– Кәден сенектен қоржынды әкелші, – деді. Тамақ іштіңдер ме, бүгін?

Балалар бір-біріне қарады.

– Шай іштік, – деді кішілеуі.

Қоржында кешегі тойдың сарқыты бар болатын, Нысанәлі малдан бір күнге босап, төңіректегі жақын қыстаулардағы көршілерін қонаққа шақырған. Бес жасар ұлдан басқа өз үйінде бала да жоқ, жетінші кластағы қызы осы ауылдағы интернатта тұрып оқиды, мана әйелі тойдың сарқыты деп дәм салып беріп еді.

Нысанәлі қоржынды ақтарып, ішінен соғым етін, бауырсақ сияқты дәмдерді алып балалардың алдына қойды. Қалың күрдегінің қалтасынан өткір бәкісін шығарып, жазу жазып отырған үлкен ұлға:

– Мә, тура, – деді. Балалар дәмді имене отырып ортаға алды.                            

Пештегі от қыза түсіп, дүрілдеп жана бастады, үй жылынайын деді. Үй иесі әлі жоқ. Нысанәлі тағы сұрады.

– Әкең қайда, Кәден.

– Қартбайдыкіне тамақ ішуге кетті.

Адамды емеуріннен түсінетін Нысанәлі келген бетте балалардың жүдеу қабағын бірден таныды. Шешелері ауырып жатса балалары айтар еді. Нағашысы келсе малақайын аспанға атып қуанатын Кәден жазықты, кінәлі адам сияқтанып сөйлесуден тайсалақтай береді.

Қыстың түні ерте батады, әрі ұзақ. Нысанәлі ешқайда асықпады, несіне асықсын, ертең бірер шаруасын бітіріп кейін қайтады. Үйде Табыл болса бұлай отырмас әңгіме шертіп, түртпектеп мұның қалтасындағы азын-аулақ ақшасын картаға салғызар еді, бухгалтермен таласу қайда Нысанәліге қорғанумен болады.

Ақкөңіл Табыл нағашысын сыйламай жіберген емес, қазан көтереді, түннің бір уағы болса да тау астындағы ескі ауылдың сатушысынан қарызға болса да арақ алдырады. Бұл өзі кең жүруді ұнататын адам еді. Бірақ, шәлкестеу келетін мінезі болады, ішсе ұрынып қалып, бүлдіріп алып жатады. Тілі мірдің оғындай боп қалжыңнан бола ма, ойыннан бола ма тауып та жатады машақатын.

Мынадай жүдеу күндердің бірінде нағашысы келгеніне бала- лар аздап жылынғандай болды. Көңілдерінде үміт пайда болған дай. Осыдан екі күн бұрын үйде жанжал болды. Табыл мас еді, әйелінің көзін көгертіп, балалардың көзінше ұрып тастады, екі кішкене көрші үйдегі Қыдырменде атаға жүгірді. Еңгезердей, қызыл шырайлы шал күзеттен келіп, аяғын жылы суға жуып отыр екен, жылап тұрған балаларды көріп аяп кетті.

– Ол ит немене, мас па? – деді.

– Мас, ұрып жатыр…

Қыдырменде жуас адам, бірде араға түсем деп Табыл оны орындықпен жіберіп ұрған, абырой болғанда тимеді.

Бірінші класта оқитын ұл ескі ауылдағы Табылдың ағасына жүгірді. Биыл жеті оқып жүрген Қабден мен тоғызыншы кластағы үлкен ұл бұл жолы әкелерін аяған жоқ, мас күйінде жығып алып, қолын орамалмен таңып, аяғын жіппен байлап тастаған. Қыдырменде келмеді.

Таңсәріде Табыл – Қаден, – деді даусы қарлығып. Ұлы жүгіріп келді. –Су әкел, – деді әкесі. Бала ожаумен ішкізді. Әкесінің көзі қып-қызыл екен, қарауға жүрегі дауаламады. – Шеш қолымды, қайсың мені сабаған, қол-аяғымды байлап, мал құрлы болмағаным ба, сонша қорлап, – деп басын көтере алмай мүсәпірсіп қалды. Үйдің іші астан-кестең. Шашылған ыдыс-аяқ, шифонерді айнасы күл-пәрша болған, есігі жұлынып бұрышта жатыр, кресло төңкеріліп қапты.

Осы мезетте есіктен Табылдың жалғыз ағасы Құбыл кірген дауыстап:

– Қайда әлгі, жынды қара. – Құбыл келген бетте ай-шайға қарамай басын төсектен көтере берген Табылды жақтан салып-салып жіберді. Қирап жатқан орындықтың аяғын суырып алды.

– Ағатай, Қаба, Қаба, – деп Табыл мойнына асыла кетсе де Құбыл көпке дейін басыла алмады.

Балалар үрпиіп есіктен қарап тұр. Содан Қанипа орнынан екі  күн тұрмады. Табыл кешірім де сұрап көрді, жаутаңдап балалар жүрді, Қыдырменде шал келіп көп ақыл айтты.

– Қайтесіңдер қарақтарым. Балаларың өздеріңдей болды. Бір-біріңді түсінетін уақыт жетті. Табыл мас болса, қарсы шаппай біздікіне қона сал.

Қыдырменденікі жай сөз еді. Табыл Қанипаны іздеп таппай тынышталмайды. Төбелес шығатын күні мінезі біліне бастайды. Оны бірінші сезетін балалар, бар қорқынышты басынан кешіретін  де балалар еді.

         

 

*         *         *

 

Қанипаның орнынан тұрмағанына екі сөтке. Ол Нысанәлінің келгенін біліп жатты, шешесін тұрғызуға сылтау таппай жүрген ұлы келіп, бірнеше рет жұлқылап кетті. Қанипа қалың пальтоны жамыла түсіп, пеш түбінде жатыр. Үйге от та дұрыстап жағылмаған, ыстық тамақ жасалмағалы да бірнеше күн. Түннің бір уағында әлдеқайдан тамақтанып Табыл келеді. Балалардың түріне қарайды да, әйелінің тұрмағанын біледі. Күндіз бірер рет қуырдақ жасап берді, кеше ет асқан-ды. Бүгін өзі үйде жоқ.

Қанипа шыдамды әйел болатын. Тоғыз баланы асырау оңай ма, қайратты әйелдің еркек мінездері де болады. Бір жақсысы ол Табылға жолдас бола білетін. Үй демей, түз демей бар шаруасына жан салады. Табыл еркек боп үй шаруасына қарамаған пенде. Еркегімен емін-еркін бірге іс қылып үйренген Қанипаны кейде Табыл бойына шақтамай төмендетіп ұстағысы да келеді. Қанипа қайтпайтын әйел ғой, төбелес осы жерден туатын.

– Елдің әйелі, әйел сияқты, – дейді Табыл. Олардікі не істесе де білінген емес. Рас, Табылдың ақкөңілділігі болар, жұрт көзіне көп түсетін. Осылайша бәрін бүлдіріп алып, орнына қайтадан келтіру өмірінің көп жылдан бергі шарты сияқты еді.

 

*        *        *

 

Қызыл іңір әлетінде Табыл келіп нағашысының келгеніне ерекше қуанды. Қуанды да:

– Кемпір, тамақ ас, – дей жаздады. Сосын аман-саулықтан соң көңілі орталау болып әйелі жатқан үйге кірді.

Қанипаның ашу-өкпесі қалың еді. Осы екі күнде ол өткен өмірін жүз қайтара елестетіп, көрген тауқыметі  мен қиындық азабын мұң қып, шағып көп жылады. Алғашқы күні тіпті жылаудан көзі ісіп кеткен.

Оң жақ көзінің көгергені басылайын деді. Жатудан жалықса да тұруға, Табылдың тамағын жасап, киімін жууға арланғандай еді. Бүгін тұрмайын десе де, балаларын аяса да намыс жібермеген. Нысанәлінің келгеніне іштей қуанып та қалды, әсіресе, Табыл өзі сыйлайтын адамдардың алдында қатты ұялатын. Мынау ұялып кеп отырған беті еді.

– Тұр, Қанипа,  – деді.

Қанипа тұрмаса бүгін мына Табыл сыйлы адамының алдында жер болады. Қанипа орнынан шаршап тұрды. Байлауышының бір шетінен көзін көлегейлеп Нысанәліге сәлем берді.

Бұл кезде балалар нағашысын қоршап алып кезек-кезек дойбы ойнап отырған.

– Кәден, – деді Табыл.

– Ау.

– Нағашыңның атын доғарып, қораға кіргіз, шөп салып қой. Түп жақтағы көк шөптен сал.

Нысанәлі келген бетте бәрін іштей сезіп еді. Түннің бір уағына дейін тамақ асып, ескі ауылдағы магазинге балаларды жүгіртіп, әңгімелесіп отырып Табыл өз қылықтарын айтып қойған.

Бұл күні балалар кеш ұйықтады. Неше күнгі көңілдеріндегі жабырқау реніш бүгін аздап ысырылғандай. Олар нағашысының, жақсы адамның бүгін келгеніне разы еді.

Нысанәлінің ұлы бар, ауылда шофер болып істейді. Осында бір мұғалима қызға көңілі кетіп жүреді екен, сергек әке де оны байқап қойған сияқты.

Адамдармен үлкен-кіші  демей тез тіл табысатын Табыл:

– Үйге келсін, ертең жолықтырайын қонаққа апарып, – деді.

Көрші үйде төр алдында төсекті жерге салған төрт-бес баланың алды ұйқыға кеткен.

Қаден “естідің бе?” дегендей қасындағы ұлды түртіп қалды.

– Ғалия мұғалима нағашыма келін болады.

– Оның жігіті бар, – деді кішісі.

Далада қар борап, жел үдей бастаған, қиыршық қар терезені тысырлата соқты.

Балалар неше күнгі шыға алмаған биік таудан асқандай пысылдап, терең ұйқыға кірді.   

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here