Әңгіменің мәнісі

 

Қазақ баласы тумысынан әңгімеші. Кейде екі-үш адамның басы қосылса шеберлеп әңгіме айтпайтын қазақ кем. Қай жастағысын алсаңыз да біздің қатарда пәлен деген әңгімеші болып еді, майын тамызушы еді-ау деп бастаса таң қалмайсыз. Осы ауызша әңгіме айтуды кәсіп етпей-ақ, отыра қалған жерде бірдеңе айтар-ау деп біреудің аузына қарай қалу әр қазақтың бойында бұрыннан бар әдет. Яғни адамды тыңдай білу. Біреудің әңгіме айтқанына қарап ішкі дүниесіне үңіле қалу зерделі жанның өзінше қасиеті болса керек. Иә адамның көбі ішін ашып, бастан кешкенін мінеки деп алға салып, өмірде жеген таяғын, зәбір-жапасын зарлана шертіп айтып жатпайды. Оған да сөздің тігісін жатқызып, өрнегін келтіретін әңгімеге шерте білумен қоса айтушыны тыңдай білу, ішкі сырға ортақ боп тыңдаған нәрсеге көңіл қою, ортақтаса жетелеп,  сөйлеген адамды түсіне аларлық сергек көңіл күй болуы өзінше бір ойдың сұңғыла тереңдігін керек қылады екен.

Егер әдебиетті кәсіп қылған жазушы болсаңыз онда адаммен сырласа, сөйлесе білу, тіл табыса алу сияқты ерекше қасиетті пайдалансаңыз  бойыңызға сөйлескен адамнан көп білім, көзқарас, ішкі мәдениет сияқты рухыңызға керекті нәрселерді молынан жинауға тура келеді. Адамдар бір-бірін жағымсыз жағынан сөз етіп жүргенде сол арқылы ортақ тақырып таппағанын, ішкі сыры бір-бірінен алшақ кеткенін, немесе ортақ көзқарасы болмағанын көрсетеді.

Бүгінгі әңгімешілердің онда-мұнда шығып жүрген «әңгіме» деген атпен жарыққа шыққан дүниелерін қарап оқи қалсаңыз ауызша әңгімешіде болатын сергек көңіл, жетектеп отыратын оқиға, қызыға тыңдап ақырын білгенше асығатын бүтіндікті байқай алмайсыз. Себебі оқиға қызық болса да оны баяндаушы ұзақ-сонар суреттеуге, баяндауға түсіп өзі ала-құла әдеби стилге түсіп бүлдіріп алады. Тіл деген сіресіп жатыр. Әшейінде жүйрік тіл мұндайда тұсаулы аттай текіректеп, тайпалған жүрісінен жаңылып қала береді. Ауызша әңгімешіге мұндайда тыңдаушының өзі көмекке келеді.

–Иә, сонымен әлге кейіпкеріміз не бітірді өзі,– деп әңгіме ауанын басқа жаққа, керекті бетке бұрып жібереді. Жазушы байғұста ондай қолдаушы жоқ. Қаламына сүйеніп алып, қиялдың жетегімен «әдеби шеберлікке» салып, таудың сурет екі бет, кейіпкердің бет-әлпетін үш бет суреттеп оқушысын мезі етіп, енді оқиғаға келгенде іші пысқан оқырман ызасы келіп, кітапты жаба салады. Әбден жалыққан оқушы осы да әдебиет болып па деп мұндай нәрседен ат тонын ала қашады.

Мұндай жазушылар саны біршама. Жазғаны оқылмайды. Оны оқыған адам тәуір, татымда пікір айтпайды. Жылы сөз естімей оқырманнан тауы шағылған әлгі қаламгеріміз енді сыншыларды жағалап, өзінің жазғандарын солар арқылы оқушыға түсіндіріп бағады. Бұған құр-босқа емес ақысын алатын болған соң сыншекең оның кемшіліктерінің өзін жетістік қылып, шұбалаңқы, созалаңқы тұстарын алып тастау орнына шеберліктің белгісі ғып танытады. Әдеби тұрғыдан шала дүние өстіп беделді сайт, табақтай газет бетінде оқушысын күтіп қақиып тұрады.

 

                                              ***

 

Қазақ халқының өткен өмірін ауызша әңгімелеп, небір оқиғаларды сөзбен өрнектеген бұрынғы ертекші, жыршы, термеші, әңгімешілердің тарих алдындағы жүзі жарқын. Олардың сарқыты, ескі көзі, ізін жалғаушылары ел арасында әлі баршылық. Ел басындағы небір қилы оқиғаларды әңгімелеу арқылы олар әдебиетті, сөз өнерін ғана дамытып қоймай, қазақ өткенінің сақтаушысы болып, тіліміздің байлығын дамытып келеді.

Осы ерекшеліктер бүгінгі жазба прозамызда сақталған ба десек ойланып қалатынымыз рас. Жазылып жатқын дүниелердің ішінде тәуір, жақсы, есте қалатындары да баршылық. Бірақ шіркін-ай дегізерлік дүниелер сирек. Ал, тәуір, жақсы, озық деген дүниелердің көшірмесі болып жүрген жалған әдебиеттің қатары молайып барады.

Қазір жақсы дүниелерді былай қойып, нашар дүниелерді көпе-көрнеу марапаттап, көкке көтере мақтау өнердегі ауа жайылушылықтың белең алғанын көрсетеді.

Тарихи тәжірибесі мол қазақтың ауызша әңгіме шерту дәстүрінен жастар үйрене білсе бүгінгі жазба әдебиетті бірталай кінәраттардан арылтар еді.

 

                                                   ***

 

Әңгіме шерту дегеніміз –адаммен сырласа білу, оның ішкі дүниесіндегі құпияларымен бөлісу, адам бойында көркемдік ойлау жүйесін қалыптастыру сияқты абзал қасиеттердің жиынтығы. Жақсы әңгімені айтқанда оны сүйсініп, қоштап отыру, оқиға барысындағы түрлі көңіл-күйді адами тұрғыдан сезіну сияқты әсерлік дүниелер сөздің көркемдігі арқылы қол жеткізуге болатын нәрселер. Көркем әңгімені оқығанда оқырман өзін адами, рухани тұрғыдан жан-жақты, биік сезінуі тиіс. Шығармадағы эстетикалық әсердің молдығы оқырманның таным деңгейін көтере түседі. Бұған кейіпкер бойындағы сұлу, тұлғалық, ерекше сипаттарды қосыңыз.

Әдебиеттегі оқиғалар кейіпкердің адами, сұлулық, рухани болмысынан шығады. Ондай болмыс пен кейіпкердің тұлғалық қасиеттері жазушының қаламынан ғана емес, ішкі ойынан, адамшылық қасиеттерінің жетілген ерекшелігінен туып отырады. Оқырман шығарманы оқу бырсында оқиғаны, кейіпкер мен өмірді ғана емес жазушының аңсар-мұратын да толық ұғынып шығуы тиіс. Біздің бұрынғы әдебиеттің ең іріктелген, ғасырлар сүзгісінен өткен классикалық талаптары бүгінгі әдебиеттің алдына да осындай биік мұраттар қояды. Халқымыздың рухани жетілуіне арналған бүгінгі көркем шығармалардағы ұстанымдардың түп негізі классикалық әдебиетімізде жатыр.

 Халқымыздың өміршең қасиеттерін сипаттайтын көркем әдебиет жоғары сапалы болуға тиіс.

                                                                                                     08.05.2021.

 

 


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here