МӘКІЛДІҢ ЖАЗЫҒЫ

 

Көктем шыға ауылда Әлпейістің үйі тоналып, ұрланған заттар Мәкілдің иен тұрған қорасынан табылды. Учаскелік инспектор бірнеше күн ауылдан шықпай дерек жиып тергеу жүргізді. Қыстай жұмыссыз ағасының үйінде бос жатқан Мәкіл кінәлі деп табылып, ауданға жөнелтілді. Ауыл балаларының арасында елеусіз жүретін жуас жігіт әскерден былтыр оралған. Күзде бірер ай ағасымен бірге құрылыста қора жөндеп, суық түсе ешкімге бағынбай, қала кезіп ауыл мен екі ортада бос жүрген сотқар балаларға ілесті. Бұлардың алды әскерге барып қайтқан, кейінгісі мектепті енді бітірген. Әлдебір себептермен мектептің соңғы кластарын аяқтай алмаған он бес – он алты жастағы не жұмыста жоқ , не оқуда жоқ жастар еді. Аудандық милиция бөлімінде тергеуде отырған Мәкілді бұл күндерде ағасы Момыннан басқа ешкім артынан іздеп бармады. Бірлі-жарым алыс ағайындар мұның істеп жүрген қылығынан ұялды ма, жоқ естімеді ме, әйтеуір жамағайындар арасынан Мәкілдің жоғын жоқтап іздеушілер табылмады.

 

*         *         *

 

Екі айдан соң темір торлы көлікке салып тергеуші Мәкілді ауылға әкелді. Кеңсе алдында күндегідей темекі тартып тұрған әңгіме үстіндегі көпшілік темір тордың терезесінен сығалаған Мәкілді көріп, солай жылжыды. Біреулер жабық терезеден бұған айқайлап, ымдап сөйлесіп жатты.

– Мынау Мәкіл ғой, – десті алыстан көргендер.

– Бейшара балаға обал-ақ…

Зор денелі, қарабұжыр, жуан дауысты тергеуші бір уыс кілтін сылдырлатып есікті ашты. Мәкілді тордан шығарып кабинаға отырғызды. Қолындағы кісенді шешті. Мәкіл кісен батқан жіңішке білегін уқалады.

– Мәкіл давай! – деп мәз болып қолын бұлғаған бозбалаларға қарап ойсыз жымиды. Тергеуші зекіп тиіп тастады. Жұқалтаң, сарғая бастаған қарасұр өңді Мәкіл тергеушінің бұл қылығын жаратпағандай күңк етті. Етек-жеңін жиып түймеленіп алды. Тергеуші киноға түсіруші тәрізді бәрін өзі ұйымдастырып жүріп, Мәкілдің үйді қалай тонағанын, қай терезеден үйге қалай түскенін, ұрланған заттарды қалай шығарып, қалай ізін жасырғанын суретке түсіртті. Тау ішіндегі қалың қожыр  жартасқа барып, ұрлық заттардың қалай тығылғанын көрді. Мәкіл шаршаған адамдай сүлесапа, құр сүлдері ілесіп жүрді. Мұның әр қимылын көзден таса қылмаған тергеушіден басқа сырттарынан бақылаған ауыл адамдары, ойын балалары топырлап маңайға жиналды. Тергеуші істі бітіруге асықпады. Осының бәрін неғұрлым көбірек адамдар жиналып, көрсін дейтіндей, жүрісі алшаң-алшаң. Айнала күбір-күбір. Аяушылық сөздер. Мәкілдің екі иығынан белгісіз салмақ басып жерге тартты.

– Е, бұл не жиын десем Мәкіл екен ғой – деп сампылдаған қарасұр әйел жиылған топқа келіп араласты. Манадан бері күбір-күбір әңгімеден басқа жақ ашпаған көпшіліктің үнсіздігін бұзды.

– Тергеуші сен бе қарағым. Бұның айдап салушылары бар. Мәкіл көз алдымызда өскен, білеміз. Ол шыбын өлтірмейтін бала. Ана айдап салғандарды ұстаңдар. Солар. Талтаңдап қала мен екі ортада ұрлықпен жүрген. Айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылдының кері бұл. Әне соларды ұстаңдар, – деп біреулердің атын атады.

– Сен неге біреудің баласын қаралайсың, – деді әлем-жәлем киінген әдеміше келіншек. Қоңырау дауысы сыңғыр-сыңғыр етеді. Қарасұр әйел оған бет қаратпай:

– Туысың болған соң қорғайсың ғой, ал ана бейшараны кім қорғайды, –деп өршеленді.

–Нағыз тергеуші мынау ғой!

–Қасында болып па ең, –деп сенбегендер  келеке қылды.

–Елдің бәрі біледі. Сыбырлағанды құдай естімей ме. Бәрің бір-біріңе оқытып қойғандай, сайтандай сыбырлайсыңдар. Әйтпесе сол ұрылар тобымен Мәкілдің бірге жүргеніне жарты жыл болды ғой. Олардың да бірнешеуі ұсталып, әке-шешелері пара беріп өйтіп-бүйтіп шығарып алды емес пе.

– Ондай арыз бар, – деді тергеуші. – Бірақ, дәлел жоқ. Мәкіл мойындамай отыр. Өзім бәрін істеген дейді.

Екіден, үштен жиылып алшақ тұрғандар тосын бір жаңалық еститіндей жақындай түсіп, ауыздарын ашып тергеушінің маңайына жиылды.

– О, сорлы бала, – деді қарасұр әйел. – Бейшара болған сорлы бала… Самбыр-самбыр тынатын емес. Мәкілді жерден алып, жерге салды. Көзге түсіре тартқан қызыл жаулығынан ағарған шаштары қобырайды. Аузында тыным жоқ. Біресе топқа қарап, біресе тергеушіге сөйлеп, біресе Мәкілді жүнше түтетін немедей төніп келіп алақанын жайып жанын салады. Топ ортасында состиып Мәкіл тұр. Айналаға жаутаң-жаутаң қарап қояды. Шу үдеп, ауыл адамдары тойға жиналғандай көп сөз дабырайып көбейген соң, тергеуші жұмыстарын тезірек бітіруге асықты. Үстіне милиция киімін киген ұзын бойлы сымбатты жігіт машинаны от алдырды. Бостандықтан қайтадан еріксіз күйге түскен Мәкіл тергеушіні иек қағуымен кабинаға кірді. Есік сарт жабылып жүре бергенде шу қайта үдеді. Мұрты салбыраған тергеуші терезеден басын қылтитты.

– Тоқта, апасы келе жатыр, – десті жиналғандар. Қолында таяғы бар, ақсаңдаған бүкір қара кемпір әрі-бері сөйлесіп, бұларды түскі тамаққа ертіп апарды.

 

 

*         *         *

 

Есігінің алдында бақша егілген жатаған үйде дастарқан үстіндегі әңгімеде кемпір Мәкілдің шешесімен өмір бойы бірге колхоздың жұмысына жегілген бейнетқорлығын әңгіме етті. Мәкілдің шешесі жағына жақындығы бар еді. Өзінде болмаса да жұртқа болсын дейтін құдайға қараған көлденеңнің көк жібін аттамайтын Момындар әулетін аяп, көз жасын сығып алып отырды. Шәй үстінде үзіп-үзіп әңгіме айтты. Олар да бір-бірімен көп байланыса бермейтін өткен-кеткен жайлар.

– Әкелері ерте қайтқан, бес баламен тұрмыс тауқымет тартып, шешесі де дүниеден ерте өтті. Басқалары жетімбіз деп жасқанбай көкке жабысқан қозыдай болып тірлік қуып кетті. Тұқымдарында ұры жоқ болатын. Тек желкеден тартқан кедейдің кер жалқаулығы әкесінде бар еді. Ал бұған шелек жалатып, құтылып отырған әлгі Ақтымбеттің қос қуы. Арақ ішеді жиылып, карта ойнайды. Қалаға барып пойызда кісі тонайды. Ұйымдасып ұрлық қылады. Қыстай ауылды қан қақсатты. Тәп-тәуір көшке ілесіп жөнімен жүрген Мәкілді де теріс жүріске қосқан солар, ішкізді, жегізді, сосын сен де ұрла деді. – Шоққа көмген шайнекті демдей түсіп, кемпір аузы опырайып сөйлеп отыр. Ыстық сорпа мен жас еттен соң Мәкілдің өңешінен тамақ өтпеді. Уәсила кемпір қисайған көк жаулығын қисық саусақтарымен жөндей түседі. Сөйлеп отыр. – Шәй ішіңдер қарағым. Кім біледі енді. Кім осылай қылғанын. Бәрі Алланың қолында. Алла да әлдіні жақтайды. Нақақтан күйген мұндай бейшараны құтқарып, өздерің көмек етпесеңдер.

Терлеп-тепшіп сүртініп қою шайға қанған тергеуші қозғалақтап кемпірді мақұлдады. Естідің бе дегендей Мәкілге қарады. Дастарқан үсті жент, бауырсақ , сары май, ірімшік, құлақтары бұралған түрлі-түсті тәттілер.

– Осының бәрін түсініп, балаңыз болған жайды түсіндіріп қағаз берсе, өзіне көмек болады. Ана қуларға да тиым. Ел іші тынышталады, – деді тергеуші. Мәкіл терлеп қоя берді.

 

                         

*         *         *

 

Мәкілдің тобырға ілескеніне үшінші ай. Қыстай ауыл қотанынан жолаушы машиналарға мал шығарып, пайда көрді. Ұсталған жоқ. Ауыл қан қақсады. Біреудің жалғыз тайыншасы, енді біреудің жемдеген қойы, соғымға деп семірткен сиыры жоғалды. Түнімен карта ойнап, бұлар күндіз ұйықтайды. Түн баласына қуаныш, той болған үйлерді жағалап, ересек балаларға арақ алдырады. Көпшілікке ілесіп, шақырмаса да кей үйдің дастарқанына кіріп шығады. Түн ортасы ауа, таңға жуық, күндізгі көрген көлденең жатқан іске асар дүниеге тобыр болып келіп, шеңгел салады. Сол күні карта ойнауды білмейтін Мәкіл аузы қышып:

– Әлпейістің үйі екі күннен бері жабық тұр, бүгін де шамдары өшулі – деген.

– Ақыры бос отырсың ғой, торып кел – деп жұмсады олар.

 

 

*    *    *

 

Түн болса көзге түрткісіз. Көкек айының суық түні. Далаға шыққан бетте қол-аяғы мұздап сала берді. Қар еріп жатыр. Аяқ-асты былш-былш батпақ. Ауыл өлі ұйқыда. Мәкіл қора-қораның артымен елден тығылып келе жатып,  шалшық суға сүңгіп тұрды. Иттерді үргізіп, ауылды айналып шықты. Абырой болғанда Әлпейістің үйінде ит жоқ еді. Қорасында туғалы тұрған шаңырақ мүйізді екі сиыр бар екен.

Бұрышта сүйегі адырайып, арық қара тайынша жатыр. Үйді торуылдап, құлпын көріп, есігін тартып, терезелерге қарап, көп жүрді. Мәкіл үйге келгенде ойыншылар ойындарын енді аяқтап, столда үюлі жатқан ақшаны бөлісті. Қайтар жолда жиылып келіп “Деректі әкелген өзіңсің ғой, еңбек сенікі, енді жұмысты тындыруың ғана қалыпты, мына терезеден кір” деп Мәкілді ішке қарай аяғынан көтеріп терезеден түсірген. Бұл қолындағы кішкене қол фонарымен жарық түсірді. Бөлмелерді аралай жүріп, жиюлы дүниелерді астан-кестен ақтарып керекті заттарды жинастыра бастады. Шифонер, құлыптаулы сандық, жиюлы төсек, ыдыс-аяқ қоятын – бәрі ақтарылды. Сатуға жарайды-ау деген бағалы, жарамды дүниелерді қапшыққа салды. Көбі киім-кешек, ұсақ-түйек. Шетелдік магнитофон, сыры кетпеген кішкене телевизор. Бұлар үйден шығып, терезе әйнегін қайта салғанда сындырып алды. Біреу әйт десе жүректері ұшып, тастай қашатындай. Көшенің бұрышында бұларды күзетіп тұрған Қосай Мәкіл елпең-елпең етіп қараңғыда қаттырақ басқанда «ақырын» – деді ентіге сыбырлап. Сол бойы жан-жаққа тарап, екіден, үштен ауылдың тұс-тұсынан тау жақтағы өздеріне белгілі жиналатын үңгірлеріне келіп жетті.

 

                    

*          *          *

 

– Әй, балам – дегенде Мәкіл селк ете түсті. Бұл кезде жұрт тамақтарын ішіп болып кетуге жиналған. – Естіп отырсың ба? Жоқ, ұйықтап отырсың ба? Қарағым, сенің шешеңмен бір есепті адаммын. Анаңның ақ сүтін ақтап адал жолға түсудің орнына, мынадай болдың. Бірінші рет сүрінген шығарсың, мына милиция бала да өз қазағың. Болған жайды айтып, қателеріңді мойындасаң, кінәңнан аршып алады. Соның айтқанын істе. Осы жерге келгенде кемпірдің көңілі босады.

– Құлыным-ау, ұрлық не теңің сенің. Өзіңде барды ұқсата алмай жүріп. Сайтан ғой, сайтан ғой жолдан қаққан. Жүдеусің, ауырмайсың ба,– деп кемпір бата беріп болған соң кіртиген көздерімен Мәкілдің көздеріне үңіле берді. Ақсаңдап көппен бірге далаға шықты. Мәкіл екі қолын артына ұстап, алдыға түсті. Қоштасарда жылап тұрып, Уәлиса кемпір темір тордың есігін ашқан тергеушіге – кабинаңа-ақ отырғызсаң қайтеді, осыны, балам – деді.

– Жоқ, апа болмайды, – деді тергеуші.

– Темір торға кіре беріп, артына бұрылған Мәкіл сұп-сұр еді. Жүрегі езіліп, екі көзінен жас бұршақтай жауып қоя берді. Машина есігі тарс жабылып, жолаушылар түс ауа ауданға баратын жолға түсті.

 

 

*         *         *

 

Жарты айдан соң тергеу бітіп, қалада Мәкілдің соты болды. Ауылға келгенде мойнына алуға уәде еткен істерінен ауданға барған соң қайтадан бас тартқан. Ауыл Мәкілді жазғырып, дүрлігіп шулап жатты. Түйіншегін арқалап, бүкшеңдеп Уәлиса кемпір бір қайран болар ма деп ауданның үлкен бастығына кірген. Бірақ оның да еш көмегі болмады. Қағазын қайтарып алып, ауыл арасында ғана бітіре салатын ұсақ шаруаны сонша дабырайтып, Мәкілді шауып алатындай екі жылға жер аудартып жіберген Бекеннің ұлы Әлпейісті автобустың ішінде ауылға жеткенше жазғырды. Ауылға қайтатын жолаушылар аз еді. Ешкім бұларға қойыңдар, бұларың не демеді.

– Тұқымын тұздай құртам дедің бе, сен де ұрысың, білдірмей ұрлайтын, аяушылығың жоқ безбүйрек, жетімдігін білесің қаңғыртпай қағазыңды қайтарып алсаң қайтетін еді, атам қазақ ұрысын құдайға тапсырып түрмеге де жаппаған, бүлінген түгің жоқ, азын-аулақ дүниеден кедей боп қалдың ба, –деп сөйлеумен болды. Әшейінде жаңбыр жаумай су болып жүретіні Әлпейіс бұл сөздерге шыдамай ашуланып орта жолда автобустан түсіп қалмақшы болды. Көпшілік біздің көзімізше осындай болды деуге ұялып Уәлиса кемпірге басу айтып, әрең қойғызған. Болған істің бар күнәсі өзінің ғана арқасына түскендей қалтырап, кішкентай автобус қара жолдың үстінде ауылға қарай құстай ұшып келе жатыр.                                                        

 


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here