КІСІ АҚЫСЫ

 

Поезд разъезге түнгі сағат он екіде жетті. Жолаушылар абыр-сабыр болған кезде соңғы вагон составтан ағытылып, вагондарды бір жолдан екінші жолға жылжытып жүрген тепловозға тіркеліп, вокзалдан алысырақ шеткері жолға апарып қойылды.

Жалғыз вагонды шеткері жолға әкеп ағытқан соң, тепловоз ышқынып алып, дүрсілдеп жүріп кеткенде манадан бергі рельс соғып дүңгірлеген вагон іші тыныштала қалды. Төрт-бес сағат жүрістен кейін мұндай тыныштық адамға алғашында біртүрлі көрінеді.

– Әй, Доскен, – деді шал қырылдаған дауыспен. – Бойды суық алды ғой, отың сөніп қалмасын. – Шал нар үстінде тонын жамылып, басын орамалмен қымтай орап жатқан. Қол созым жердегі нар үстінен жас жігіт тез көтерілді де, сипалап қалақ іздеді. Ортадағы темір пештің аузын ашып, қызарып әлі сөне қоймаған отты көсеп көмір толтырды. Бөлме іші суып кетті. Март айының суық желі терісінен ызғырып, кештен бері соғып тұр. Желдің екпінінен вагон теңселіп те қояды.

– Мына жел ұшыра ма, қайтеді, – деп шал жер түбінен сөйлегендей болды.

– Қарағым ана фонарды жағып қарашы ауыз жақты, арақтар сынбады ма… Қатты соқпа, қозғалғанда ақырын жүр деп қанша айтсаң бола ма, бұл жұрт.

Фонар жағылып, вагон ішіне көмескі жарық түсті. Доскен күпәйкесін жамылып, фонарды алған бойы ауыз жақтағы тиеулі жүктің арасында біраз жүрді.

Бұл разъездерге тамақ, азық-түлік, сатуға арналған жүк таситын сауда мекемесінің вагоны еді. Әлгі шал осы жүктің экспедиторы, жас жігіт оның көмекшісі, жүкші болатын.

Шалдың көзі алақандай, кесек мұрынды, денесі де мығым, дауысы зор. Доскен әскерден биыл келген жас жігіт, шалдың айтқанын екі етпейді.

Бұл вагон таң ата поездардың біріне тіркеліп, ертең разъездерге жүк таратады.

Доскен вагондағы жүкті тексеріп шығып, фонарды сөндірді. Енді жатуға айналғанда, тарсылдап есік қағылды.

– Ай, бұл қайсың, бұл!

– Арақ керек, арақ, – деді сырттағылар. Темір жол жиегіндегі тас-құмдарды сықырлатқан аяқ дыбысы бірнешеу сияқты. Шалды ыза буды.

– Ей, не қылған арақ ол түнгі бірде, кетіңдер аулақ. Сатылмайды, арақ жоқ. Қаңғырған немелер өңшең. Кетіңдер қумаламай.

Сырттағылар айқайлап әлденелер айтқан болады, бірақ естілмейді. Олардың кете қоймағаны шалдың қытығына тиді.

– Апырай, мынау неткен бассыздық. Ай, кетіңдер дедім ғой. Доскен, әперші ана мылтықты, бір-екеуін жайратып салайын, – Шал орнына тұра бастады. Мылтық бас жағында, қабырғада ілулі тұрушы еді.        

Сырттағылар тыныштала қалды. Доскен ұйқылы-ояу екені белгісіз үнсіз, шал ұйқысы келмей тағы біраз жүрді, пеш қатты қызып тұр екен көмір толтырды. Қызуы қайтса вагон тез суыйды. Шал сіріңке жағып сағатына қарады да:

– Сағат бір жарым бопты, – деді. Сосын күңкілдеп кетті. – Бұл неткен, тынышсыз жұрт. Түнімен ұйықтамай арақ іздей ме, осы суықта не әкетіп барады. Түнде арақ сатып, осыны үйір қып жүрген әлгі Әшім. Мұнысын қоймаса біреу басын кесер өзінің де.

Шалдың Әшім деп отырғаны осы вагонның екінші экспедиторы. Ол мына Доскендерден екі-үш жасы үлкен пысық жігіт. Шалдың күдігінде жан бар, өйткені Әшімнің станцияда таныстары өте көп. Кейде ол бұлар сияқты вагонға да қонбайды. Таныстарына түнеп шығып, таңертең келеді. Әшімнің шалды ыза қылатын тағы бір қасиеті саудагерлігі. Қазір мына шалдың орнына Әшім болса, екі сом он тиынның шарабын үш сомға қорықпай сата берер еді. Доскен мен Әшім жастары тетелес болған соң бір-бірінен сыр жасырмайды. Доскен жолыға қалғанда шалдың реніштерін жеткізе жүреді. Әшімнің өз себебі бар.

– Ол шалға не керек. Жасында саудамен жүріп үй салды, қор жинады. Так что, ол бізге болсын демейді. Байдың малын байғұс қызғанғанның кері де.

Доскен кейде мүмкін сауда өмірінің заңы солай шығар деп те ойлайды.  Бұл Әшіммен бірер айдай істес те болды. Олар бір-бірін алмастырып отыратын. Ертең түстен кейін шал станцияға оралған бетте Әшімге вагонды қалған жүгімен өткізіп береді. Содан бұл вагонға бір сөтке Әшім ие.

Әшіммен бірге жүргенде Доскен көп нәрселер көрді. Басты нәрсе – Әшім ақша жасауды біледі. Вагонға түскен тәуір товарларды көтеріңкі бағамен сатып жібереді. Станция басында Әшімнің көз таныстары жеткілікті. Таңертең ерте тұрып, бірер адаммен сөйлессе жұрт қаптап кетеді. Шал ондаймен айналысса келетін адамдары шамалы болады, жасы ұлғайған адам жөнсіздіктен қысылатын да болу керек.

Алда-жалда біреу “бағасы неге қымбат, бұл қалай десе” Әшім:

– Разы болмасаңыз алмаңыз, – дейді. Бар ыңғайсыздық осымен бітеді. Жұрт та разы, Әшім де разы.

Жүктерді аралап ауызғы бөлмеде біраз жүріп, шал орнына қайта жатты. Далада желден басқа дыбыс білінбейді, оқта-текте тепловоздардың ышқығаны, самбырлап бір-бірімен сөйлескен дауыс зорайтқыштар үні естіледі.

– О, ал-ла, – деді шал – тыныштығыңды бере гөр. Қараңғыда уақыт баяу жылжиды, түн бір орнынан қозғалмайтындай. Ертең қайтадан таң атып, тіршілік сол ізімен қайта зымырайтыны анық болса, Доскенге басқаша өзгеріс болуы керек сияқтанады. Жас жігітті мына бір ізді тіршілік мезі еткендей, ертең станцияға келген бетте бір тәулік бос, сырттай оқитын студент болғасын өмірдің бұл ашсам деген жұмбақтары көп сияқтанады. Бірақ сол жұмбақ дегені, қарапайым нәрселер боп шығады. Оған адамдардың көбі өз ыр-қынан тысқары өмір сүріп жүргендей көрінеді. Осындай ойлар билесе Доскеннен ұйқы қашады.

…Түннің бір уағында көзі ілінді.   

 

 

*   *   *

 

Таңсәріде ышқынған тепловоз үнінен оянды. Жер солқ-солқ етіп, темір дөңгелектердің салмағы соққанда өз иығыңа ауырлық түскендей болады.

Доскен ерте тұрып от жақты. Қызарып көкжиектен күн көрінді. Ауада түнгі ызғар бар, жел тыныпты. Кеше станция басында абыр-сабырда көмір ала алмаған. Жаққан оты жөнді қызбаған соң теміржол бойын жағалап тепловоздан тасталған май сүртетін маталарды жинады. Бұл да Доскенге Әшімнің үйреткені. От қыза бере екі жүз қадам жердегі вокзал төңірегінен су әкелді. Көк шәугімді суға толтырып отқа қойды.

Шал әлі тұрған жоқ. Дыбыс шығармай тонын жамылған күйі, көрпесін қымтай түсіп бұйығып қырынан жатыр, орамалмен басын тұмшалап орап алған.

Доскен шалды оятуға қимады, асханадан кілегей, ыстық тамақ әкелу үшін ыдыстарын алып, вагонның сыртынан құлып салады.

Таңғы ауа сарайыңды ашқандай. Доскен перронда келе жатыр. Теміржол жұмысшылары болмаса айналада ешкім көрінбейді. Биыл қар ерте кетті. Тек жаңбыр жиілетіп, қара суық басылмаған.

Доскен асханадан тез оралды. Аспазшылар арасында аққұба, сымбатты келген әдемі қыз бар болатын. Доскенді көргенде ұялып, кетуге тырысады. Жігіт айтармын деген сөздерін бүгін де айта алмады. Қыздың ұялғанын көріп берекесі қашты. Қайтып келе жатып өз ынжықтығына ызаланды. Өткен бір сапарда сол қызбен Әшім кәдімгідей сөйлесті. Тұратын жерін, атын сұрап Доскенге “жақсы қыз, айналдыра беруіңе болады” деген. Кейде Доскеннен “Үміт қалай?” деп сұрап қояды. Доскен не айтсын, қызарақтайды.   

Қилы ойлармен қалай вагонға келгенін білмей қалды, есікті ашты, шал әлі тұрмапты, шәугім ызылдай бастады. Вагон іші қараңғы, ішке жарық түссін деп, бір жағы күннің нұрына жылынғысы келіп Доскен есікті шалқалата ашып қойды. Шалдың қағаздарын жазып толтырды. Күннің қызуы бойына қуат-күш құйғандай. Біресе жаңағы Үмітті ойлап қояды, қайтадан барсам ба дейді іштей.

Шал оянып дыбыстады.

– Ай, Доскен шәугімің тасыды…

Шал киіне бастады, төсегін жинады. Доскен шәугімді шеткері жылжытып, қағаздарын жинауға ауыз жаққа шықты. Есік көзінде, басқыштан шығып ұзын бойлы біреу тұр екен, үстінде жұмысшы киімі, басында көзіне түскен жұқа қалпағы бар. Әдетте келген адамдар вагонның есігін, не қабырғасын тақылдатады, шал болса мынаған ұрсып ары түсіріп жіберер еді. Доскен келушінің бет-бейнесін ажырата алмады.

– Кіруге болмайды, – деді, – түсіңіз.

– Ол кім ай, – деді шал. – Кіргізбе кім болса да…

Доскен бойға сіңген күндегі әдетімен үлкен қателік жасады. Бейтаныс кері бұрыла беріп: – Шарап, Шарап бар ма? – деді.

Доскен есікті жаппақ болды. Бейтаныс  үш сом ақша ұсынған соң, мойнынан суырып бір бөтелке қызыл берді, қалған ақшасын қайтаруға тиын жоқ еді, бұл ойланғанша жігіт жоқ болды.

Вагон бірінші жолға әкелініп, жолаушылар поезына тіркеледі. Поезд станцияда жарты сағаттай тұратын, егер қазір аттанып кетсе екеуіне тамақтану жоқ. Шал тамсанып кілегей жұтты.

– Тамаша екен, – деді.

Тамақтарын ішіп бола бергенде тарсылдап есік қағылды. Доскен күршекті ағытса, жаңағы қалпақты екен, қара күшке салды. Екі қолын қалтасына салған бойы:

– Ақшаны қайтар, – деді.

Доскен мынаның қылығына ызасы кеп, Әшімге ұқсап: – Алмасаң қайтар арақты – дегенше қалпақты мұны итеріп қалды. Алаңсыз тұрған Доскен мөшектегі қанттардың үстіне құлай кетті. Көзді ашып-жұмғанша басына әлгінде өзі сатқан шарап толы бөтелке сарт етті. Бөтелке күл-парша болды, вино иісі аңқып қоя берді. Қалпақты вагоннан секіріп түсіп жоқ болды.

Үстіне сау етіп құйылған сұйықтан есін жиып алды да Доскен мәңгіріп бірауық отырды.

Төр жақта – Мылтық қайда әлгі, – деп байбалам салған шалдың дәрменсіз жүгіргені естілді. Ол бәрін де көріп отырған, Доскен болса басының ауырғанын да, шараптан су болғанын да елеген жоқ, көкірегінде пайда болған алғашқы сезім намыс бой көтерді. Орнынан жылдам тұрып бетін жуды да, перронға шықты, қалпақтыға жігіт боп қарсы тұра алмағанына өкінді. Поезд кеткенше станция басын тегіс арылтып шықты. Сенделіп бос қайтты.

Біреудің желінген ақысы туралы ойлады, қалпақтыға бір жағы-нан разы болды.

Сағат тоғыздан аса поезд орнынан қозғалды. Жігіттің көңілін аулап шал әлде бір әңгімелерді айтып келе жатты.

Доскен манағы шараптың ақшасын шалға берген. Ол енді бәрін ұмытып, өз ақысын жібермей кеткен қалпақтыға разы болды, бірақ бөтелкенің не шалдың, не Әшімнің басына тимегеніне өкінді.


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here