ДЕМАЛЫС

 

Қоңыр демалыс күні кітаптың қызығына түсіп төсекте жатқан. Қоңырау шар етіп, есік ашылар-ашылмастан үй иесі кірді. Қыл ерінінің ұшымен амандасты да жанындағы былғары күртеше киген, құндыз малақайлы жігітке үйді көрсете бастады. Есігі сынып, фанермен жамалған түпкі, аядай бөлмеде екі төсек, беріректе журнал столы, сырты тозған екі кресло, терезе алдында қатарлап жиған кітаптар. Жалаңаш қабырғаның әр тұсында әртіс әйелдердің суреттері. Еденде түсі оңған ескі кілемше.

– Міне, осы бөлме – деді әйел жас жігітке, құндыз бөркінің астынан дудыраған бұйра шашын жинап. Басқасы жетісіп сол ғана қалғандай:

– Терезеде темір қоршау жоқ әрине, деп қосып қойды.

– Ал, мына жақта асхана. Тоңазытқыш Геннадидікі, ыдыс-аяқ, шкаф, стол, табуретка – бәрі бар.

– Бір өкініштісі – деді сосын. – Туалет, ваннамен бірге.

Көптен жөндеу көрмеген ескі үйге көңілі толмағандай айнала қарап тұрған жігіт,–Мұнда кім тұрады? – деп жабық тұрған есікті көрсетті.

– Геннадий, – деді әйел – бірақ ол сендерге бөгет жасамайды. Ептеп ішкенді ұнатады. Сен онымен тіл табысасың ғой…

– Ескілеу үй екен, бірақ тұруға болады. Топсасы босап, тұтқасы үзілген тағы бір есікке көзі түсті, әйел оның ойын түсіне қойғандай.

– Бұл да Геннадийдің бөлмесі. Мұнда уақытша біреу тұрады, бірақ ол да кетеді жаңа жылдан соң.

– Енді не айтсам, – деп қол сөмкесін қолтығына қысып тұрғанда ойына ең басты нәрсе  – ақша түсті. Жігіттің үстіндегі қымбат киімдерге қарап “ақшалы боларсың” деп топшылаған. Ананың пікірін сұрап жатпастан:

– Айына төрт мың, – деп кесті. – Келіскеніміздей. Төлем ақы алдын ала. Жаңа-жыл болса тақап қалды, ақша болса жоқ, сосын пәтерді өткіздік міне, сен неше ай тұрасың? 

 – Тоғыз ай…

Қалампыр еріндері жыбырлап тез-тез есептеп жіберіп – 36 мың сом, –деді. – Бере аласың ба? Сұраулы пішінмен жігіттің жүзіне қарап еді, ештеңені аңғара алмады.

– Мен келіншегіммен ақылдасайын, егер оған ұнаса тұрамыз. Біз түстен кейін келеміз тағы да үйді көруге.

– Ал мынау Қоңыр, – деді әйел ас үйдің есігінде тұрған орта бойлы көзәйнекті жігітті иегімен нұсқап. Біздің туыс, күйеуімнің бауыры. Егер сендер келіссеңдер, ол басқа пәтерге, не біздікіне тез көшіп кетеді…

– Студентсің бе? – деді көзәйнек көмейінен.

– Жоқ ол киоскілердің үстінен қарайды, – деді әйел. Жігіт жымиды.

Пәтер іздеуші қайтып кеткен соң Қалампыр үлкен бір шаруа тындырғандай қалтасынан орамалын шығарып қатты сіңбіріп, креслоға жайғасты.

– Көрдің бе? – деді Қоңырға – өзі жап-жас, ақшасы көп… Ни-то что ты!

Қоңыр үндемеді. Не дейсің, үй Қалампырдікі. Бұл болса қалтасында көк тиыны жоқ аспирант. Ол Қалампырға туыстығын сатып ренжудің пайдасыздығын түсінді. Күйеуі болса ішкіш. Жалғыз ұл студент. Ал Қалампырға тамақ пен киім керек. Дүниенің кең кезінде Қалампыр жыл сайын жаз шыға Қара теңізге кететін көрпе-жастық өрім-өрім, капуста көжеден басқа үйде тағам жоқ, шарабын ішіп, танауы қызарып Далабай жүреді. Арзан қызық қуып әртістің қызы болған соң әртістерше өмір сүріп Қалампыр жүреді. Таңғы бестен тұрып сүрмелеп бет-аузын бояйды. Ыбырсып жатқан үйді жинауға қызын жұмсаса, ол өзіне қарсы шығады. Одан ішіп кеп күйеуі жанжал бастайды…

– Уһ, шаршадым. – деді Қалампыр.

– Шай қояйын ба?

Қалампыр журнал столында конфеттерден аршып біреуін аузына салды. Пальтосын шешіп жеңілденіп отырды. Жаңа жылды үлкен, мол дастарханмен қарсы алуға енді мүмкіндік бар екенін ойлап қуанып қалды.

– Білесің бе, Қоңыр, – деді сосын, – жаңа жылды қарсы алуға ақша жоқ. Енді міне 36 мың сом алсақ жақсылап қарсы аламыз. Сондай ырым бар, жаңа жылды қалай қарсы алсаң бүкіл жыл бойы солай болады…

– Иә, – деп қостап қойды бұл.

– Сен жаңа жылда қайда боласың? – деді Қалампыр жауап тосып.

– Белгісіз. Әлі ойланғам жоқ, мүмкін ауылға барармын.

– Онда бізбен бол. Шарап, шампан аламыз. Ет асамыз…

Осылайша екеуі 36 мың сомға ойша арақ, коньяк, шампан сатып алып отырғанда Геннадий келді.

Күндегідей қызу екен, шашы аппақ, алпыстан асса да иығы тіп-тік.

– О хозяюшка, – деп Қалампырды қолынан сүйді. – Көрінбей кеттің қайда жүрсің?

Ол жабық тұрған бөлмесін ашып, енді-енді жүріп жүрген кішкене ұлдың суретін әкеп Қалампырға тықпалап көрсетті.

– Міне менің балам. Ал білесің бе оның бойы қандай?

– Қайдан білем, – деді Қалампыр көзі алайып.

Геннадий қолын төбеге созып: – Вот – деді, – бір метр тоқсан алты сантиметр.

– Да – ты что?

– Сенбейсің, ә! Ал әкесі қандай, а… Артиллерист, офицер.

– Ой-ой, – деп Қалампыр әуестене қарады.

Қоңыр дастархан жасап, үшеуі шай ішуге отырды. Геннадий пельмен пісірді.

– Мына пельмен, – деді сосын – өте дәмсіз. Жейтін ештеңе болмаған соң еріксіз алдым. Саған да құяйын ба?

– Жо-жоқ  мен арақ ішпеймін, Қалампыр стаканын алып қашты.

– Сто грамм…

– Ни нет… Сам пей Геннадий.

– А ты Коля? Тяпнешь сто грамм…

– Нет Геннадий Яковлевич…

– Все какие-то солидные не пьют… деп күбірлеп Геннадий қырлы стакандағы самогонды сіміріп салды. Әңгіме бастады.

– Білесіңдер ме? – Алдында тұрған пельменнен бір асады.

– Кино үйінде 12 сериялы француз киносын көрсетіп жатыр.

– Бізді кіргізе ме? – деді көрсеқызар Қалампыр.

– Әрине.

– Ақысыз ба?

– Қалай ақысыз. Міне қызық. Неге сені ақысыз кіргізу керек. Әлде сен жұрттан ерекшесің бе? Әдемі көздерің үшін бе? Төле ақшаңды кір сосын қанша кірсең… Пельмен сондай дәмсіз. Менің өзбек досым бар, телевизия операторы. Ал палауды қандай дәмді пісіреді, ах. Фейруз оның аты. Палауды жегенде саусағыңды жалайсың. Бірде ұйғыр жігіті менде көмекші болды қойды жарты-ақ сағатта терісін сыпырып, бөлшектеп тастайтын… Ауыл жайлы кино түсіргенде киіз үйге кірдік. Полигон маңайы. Күздігүні. Суық. Жүктің бұрышында екі бала бүрісіп отыр. Мені таңғалдырғаны сол бұрынғы республика басшысына Қазақстанда жиырма полигон болғаны рас па? – дегенде.

– Солай ма, мен білмейтін едім,  – деп жауап берген.

– Олар халық туралы ештеңе ойламаған. Тек өздерін ойлаған.

Геннадий шабыттанып, орнынан тұрып кетіп, әлдекімді балағаттай бастады. Қалампыр шашалып қалды.

– Геннадий, – деді сосон оны өзіне қаратып.

– Почему материмся-а?

– Геннадий тосылып, көзі жыпылықтап отырып:

– Енді не істейміз? – деді.

– Сен ата болдың, Геннадий. Ақылың қайда? Неге арақ ішесің? – деп Қалампыр оны қажай бастады. Шал бөтелкесін құшақтап бөлмесіне қашты.

Шай ішіліп болған соң Қалампырдың ыдыс жуғанын көріп, Геннадий риза болды.

– Катя молодец. Ал менің кемпірім, кешке дейін телевизор көреді. Ыдыс-аяқ жуу дегенің ол үшін бір қайғы. Үйіп қояды да отырады.

– Сен неге көмектеспейсің?

Геннадий жерге түкіріп, тағы ашуланды.

– Міне мен қазір киінем де, үйге ыдыс жууға барам. Кемпір күндіз-түні телевизор көреді, ал мен ыдыс жуам. Қазір бәрін тастап, міне қазір ыдыс жуам, одан басқа менде түк жұмыс жоқ…

– Ох Геннадий, – деді Қалампыр, – қандай қиын адамсыз.

Ұсақ-түйек шаруамен түс ауды. Бұлар ақшалы жігітті тосамыз ба, жоқ Қоңырдың дүниелерін жинап Қалампырдың үйіне көшіреміз бе деп отырғанда Геннадий – Сен немене мұнда тағы біреуді тұрғызайын деп пе едің? – деді. – Біреуді тұрғыздың, қуып шықтың, – менің бөлмеме кеп тығылды. Екіншісін тұрғыздың, тәртіпті жақсы жігіт, бар ақшасын төлеп жүр. Енді, үшіншісін, онымен қоймай семьясы бар адамды тұрғызам дейсің. Тойымсыз неме… Енді әкелген адамыңды желкелеп шығарам білдің бе?

Бөлме сенікі шығар, бірақ тұрғызбаймын ешкімді. Саған ақша керек болғанда, оларға керегі жоқ па? Ақша керек болса жұмыс істе арамтамақ…

Геннадий ашудан қызара бөртіп, бір жерде отыра алмай, екі бөлменің арасында жүгіріп жүр. Жұдырығын түйіп, қолдарын сермеп-сермеп, тістеніп, ызғарланып қояды. Қалампырдың берекесі кетіп, құты қашты.

– Мынау бәле болды ғой, – деп киініп далаға үріккен көжектей зытып шықты.

Жарты сағаттан соң Геннадий тынышталып, Қоңырға да құйып қойып екеуі шахмат ойнауға кірісті.                                                                              

                              


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here