ҰРЛЫҚ

 

Жұманның әкесі ертерек колхоз кезінде соқамен жер жыртып, өгіз айдаған, бертінде техникаға алғаш сіңісті болған шаруа адамы. Шаруаға қолы да, көңілі де берік болған соң, соғыстан бергі уақыт жақсы тұрмыс көруге тақалған шағында жіңішке аурудан қайтыс болды. Сонда жасы елуден асқан.       

Жұман әкесі сияқты денелі болғанмен, сөзшең, адуын емес, жымиып қана жүретін жұқалау, жұмсақ жігіт боп шықты. Сөз сөйлесе елдің артын тосып, керегін қосады. Бозбала шағында да бірден-бірге секіріп көп жүрген жоқ. Диқан деген қойшының қызын алды. Жұрт көзінен тығыла бермейтін ашық қыздың серік болатынын дәл болжағандай.

Ішкілікке тәуір қарайтын Диқан күйеу баласын әурелеп, мезі де ететін. Анда-санда келгенде, қызының үйіне соқпай өтпейді. Дарылдап көп сөйлесе, тыйып тастайтын Жұман емес, өзінің туған қызы Зиба оны істейтін.

Зиба ауылдағы басқа келіндердей бойын бағып оң жақта отырмады. Сыныма, жағыдайыма деп жұмыс та талғамады. Алғашында қырықтықта, сылақта, сақманда жүріп, бір-екі балалы болған соң нан пісіретін наубайханаға біржола орнығып алды. Күндіз де, түнде де белсеніп істің арасында болады.

Зибаның осы істері енесіне ұнамады. Ел-жұртқа ештеңесін әйгілемей, екінші ұлы үйленгесін ақырын Жұманды бөлек отау шығарып жіберуі де сол еді.

Жұман керексіз болған екем деп ренжіген жоқ, қуанып көше де жөнелген жоқ, разылықпен, келісіммен бөлініп шықты.

Тез байқалған бір өзгешелігі Жұман жастығына қарамай тез тола бастады. Істеп жүрген жұмысы да соншалықты мазалы көрінбейді. Әйтеуір, бір әдеті Жұман жұмысты баппен істейтін. Күйінбейді. Оқалақтап, не біреумен айтысып, тілазарлық жасау онда жоқ. Ойға да, қырға да шығып, төңіректің төрт бұрышын арылтып жүретін шофердың ішінде небір мінездер табылатын.

Ал Жұман болса өзіне де, елге де бәрі жайлы болса деп ойлады.                                                                         

 

 

2

 

Жаз болса қыстаулардағы құрылысшыларға су тасып, қыс болса монша, жылу жүйесіне су тасып, ескі машинамен Жұман басында ауыл төңірегінен көп ұзамады. Меншік үй салғандар, бақшаға арнап су толтырып алатындар болмаса, Жұманға ісі түсетіндер аз.

Бұған қарағанда жүк таситын машинадағылар сыйлырақ. Үй шаруасына да ыңғайлы, отын, шөп, көмір демейсің. Ауыл төңірегінен ұзамай шаруа баласы болып өскен Жұман жұмысы мен семьясынан басқа ештеңеге алаңдамайды.

Жеке үй болып шыққаннан кейін малың, қора-қопсың болғанға не жетсін. Шешесінен алған қара сиыр мен екі ешкі, үш қойды бағу Жұманға қиын тиді. Ұсақ малды атасының малына қосты. Жалғыз сиырды Зиба екеуі кезектеп қарайды. Кейде ол күн ұзын қорада тұрып қалады, не суарылмай, не шөп салынбай жүреді.

Там-тұмдап сөйлей бастаған іркес-тіркес екі бала бақшаға бармаса, оларды бағып Зиба үйде отырса, Жұман қайтер еді, о жағын өзі де айта алмайды.

Өстіп жүргенде ауылға бірнеше жаңа жүк машиналары келіп, біреуі Жұманға да тиді. Жұмысқа беріктігі де себеп болды ма, бұған ешкім таласа да, күндей де қойған жоқ. Бұдан бұрын машина алғандар арғымақ мінгендей қуанып, қалт етіп тоқтай қалса, күтіп жөндеп жатады.

Жұман да машина алған күні жолдастарын шақырып, қонақ етіп, қуаныш қылды. Бұл кез оның өз жұмысын әбден біліп, пысып алған шағы. Жұманға жаңа машинамен бірге сенім де пайда болды.

Алғашқыда жаңа дүниені ауыр жұмысқа салуға қимағандай прораб құрылысқа алып, Жұманды атқосшы сияқты ертіп жүрді. Екеуі жиі-жиі қалаға, облысқа шығып қайтады. Шифер, әйнек, едендік тақтай, шеге сияқты ретті заттар болмаса көп ештеңе тиемейді.

Прораб жаңадан келген, бұл ауылға бұрын белгісіз Құсан деген біреу. Толықша, мығым денелі, әдеміше сары жігіт. Қалтасында ақша мол жүреді. Жұманға ештеңе алғызбайды, тамақ, жатын орын – бәрін өзі реттейді. “Шаршасаң дем ал”, – деп кейде ферма-фермадағы құрылыстарды өзі аралап қайтады.

Жұман үшін Құсан дүниедегі мықты жігіт болып көрінеді. Ән салады, сері. “Ертең, пәленше уақытқа кел”, – деп карта ойынына кететіні бар, ондайда Жұманға “Сыра алып іш, қыдыр”, – деп он сомдықтарды қыстырып жібереді. Мұндай мырзалыққа таң қалмаса Жұманда шара жоқ.

– Ал, Жұман, кел, сен де тартып жібер, – дейді Құсан.

Қашқалақтай бергенді жөн көрмей, осыншалық құрметке ризалық білдірмей болмас деп Жұман Құсанның қолын қақпайтын болды.

– Уай, жарадың, – деп Құсан рақаттанып күледі.

Әрине, Жұман арақты бұрын да ішетін. Бірақ дәмін алып, әбден үйір болғаны осы Құсанмен бірге жүрген уақыты.

Құсан Жұманның үйін көрген соң, жөндеуден өткіздіртті. Жұман мал қорасын мөшердегіден екі есе үлкейтті. Үйдің төңірегіне қоршау орнатты.

Әрине, мұның бәрі бір күнде орнаған жоқ. Ұсақтан бір, іріден екі, оннан тағы жинап тірнектегендік еді.

 

3

    

Совхоз партия ұйымының секретары Айқын деген жас жігіт. Ауданнан қызметкер атасы жіберіпті деп, ауылға келгеннен адамдар тіксініп қарсы алды. Айқынның өз мінезі де тік. Бар ақыл-парасаты тілінің ұшында тұратын жеңіл ауыз. Әдемі киінетін, шешімді, өткір жігіт бір көргенге тәуір әсер де қалдыратын. Бірақ пікір бір көруден емес, қоян-қолтық әрекетте қалыптасады. Сол Айқын бірде Жұманды үйден келіп машинасына салып алды.

– Комсомолда бармысың?

Біреу бірдеңелерді айтып қойды ма деп қуыстанып отырған Жұман:

– Көктемнен бері жасым асып кетті, – деді.

– Мен сені келгеннен бері бақылап жүрмін. Жұмысың жақсы, семьяң бар, давай партияға өт, – деді. Машина ішіндегі әңгіме кабинетте көпке созылған жоқ.

Қыс түскенше бірнеше ай дайындалып жүріп, Жұман партия қатарына өтті. Ауданға бюроға барған бір тракторист, екі шофер, бір құрылысшы түгелдей жиырма бес-отыз шамасындағы жастар болатын.

Соңғы айларда Жұман көп ойланды. Алпысыншы жылдардың басында мектеп бітірді. Әскерде болды. Содан көргені шаруа. Ал осы партия маған не септігін тигізеді деп бір ойлады.

Шешесінен сұрап отырса, әкесі де көп жылдар партия қатарында жүрген. Өз пікірін айқайлап айтатын кәдімгі белсенді болған. Ешкімнің артына тығылып, көлеңке іздемепті.

Жұманның шамалауынша коммунист деген белсенді, озық адам. Ал менің көптен озған нем ерек деп ойласа, кәдімгідей қомсынып қалады. Ауыл ағаларының беделдерін байқап отырса, түгелге жуық коммунист екен. Соған қарағанда мұның да беделі өспек те. Мұнымен бірге өтпек болғандар да, ойы-өрісі жағынан осы Жұман шамалас. Ендеше не қысылғандық.

Сонымен партия қатарына өткен соң да, Жұман бұрынғысындай еркін жүре алмай, көп қиналды. Көңілге сыймайтын бірдеңе істеп қойса, сыртынан белгісіз біреу бақылап тұрғандай қуыстанды.

Сөйтіп жүргенде бір елеулі оқиға болды.

   

4

 

Көктемнің қара суық , су-сел уағында бірнеше күндік ұзақ жолға жеті машина бірге аттанды.

Аспан бұлттан арылмайды. Арагідік тамшылап жауын жауады, арты қарға ұласады. Кешкі қарасуық таңға жуық мұз қататын аязға айналады.

Жүргіншілер жылы киім, тамақ алып, ұзақ жолға сайланып шыққан, басшылары – Құсан, ол бұрынғыша Жұманның машинасына отырды.

Ұзын қара плащын салаңдатып, ескі малақайын тастамайтын Тұрғын дейтін десятник бар. Қырықтың ортасында болса да, өлердей елгезек. Ойындағысын айтып, дауласып, дәлелдеп жүргені. Онысы басшыларға жақпайды. Бұл ауылға Тұрғын шеттен келсе де, өз адамы болып кеткен. Алғаш осы совхоз құрылғанда прораб болып, тұңғыш көшенің қадасын қаққан.

Жол ауыр болды. Былайғы уақытта бес-алты сағаттық жол, облыс орталығына жүргіншілер екі сағаттай кешігіп жетті.

Қалаға кіре берісте тоқтап, Құсан Тұрғынға тапсырмалар берді. Ағаш тиеп қайтатын әлі алты сағаттық Алтай өлкесіне Жұманды ертең ертерек жібермек.

Жұман сол күні түстен кейін Құсанмен бірге дем алып, қонақ үйінде болды. Алыс жолға таңғы төртте аттанған. Ағаш дайындау шаруашылығына Жұман түске таяу жетті. Бөрене, дайын тақтайлар тиелген көліктер кейін қайтуға дайын тұр. Шоферлар мен үш-төрт жүк тиейтін жігіттер вагондарға, машиналарға тиеуге дайындалған жиюлы ағаштардың арасында жүр.

Ұзақ жол мен суық желден мазалары кеткені байқалады. Шала ұйқыдан көздері қызарып кеткен.

Ашуланып, тепсініп Тұрғын келді.

– Қайда жүрсің? Ағатай-ау, сені кеше түнде жібер дегенім қайда Құсанға? Кім жетісіп жүр! Осынша адамды жолда қалдырдың, міне, енді тиейтін кран да жоқ. Екі сағат кім тосып отырады оны, а-й-й, – деп қолын бір сермеді де, жүкшілерді шақырды.

– Әй, тиеңдер кел!

Бойлары суып қалған жүкшілер қайта жұмысқа кірісті. Көмекке шоферлар келді. Бос қарап тұра алмай Тұрғын да араласты.

Тұрғын серілікке, сөзбұйдаға қарсы адам. Көлгірсуды өлердей жек көреді. Ақшатау совхоз боп құрылғандағы алғашқы директормен істес болғандағыдан кейінгі жылдар Тұрғынға жеңіл тимеді. Жаңа директор келісімен бірден орнынан алынды. Сән-салтанатпен келісімпаздыққа көндіге алмай жаңа басшылардың қатесін тура айтты. Сырт көзге мұның өзі шолақ белсендінің байбаламы сияқты. Мұқият қараған адамға адалдық , жігер, іске берілгендік Тұрғынның бойынан асып-төгілетін.

Соңғы жылдары жазғы жұмыстарға шеттен бөтен бригадалар қабылдап, істеген жұмыстан ақы көлемін асырып жазу көбейіп кетті. Тұрғын болса ол өтіріктің талайына қол қоймай, жыртып-жыртып Құсанға қайтарып та берді. Айтысқа да түсті. Бір рет орнынан алынды. Қайтпады. Ендігі жүрісі осы еді.

Жүк тиеп бола бергенде, алай-түлей қар жауды. Апыл-ғұпыл жиналып, іркес-тіркес керуен қайта жол тартты. Сол жүргеннен облыс орталығына бір түнеп, ертеңінде түс ауа жүргіншілер ауылға жетті. Жер езіліп, аспан ауық-ауық бұзылып, суық желден берекесі қашып, қыстан қысылып шыққан ауыл арқасын жазып жадырай алмай, жүдеу көрінді.

Аудан орталығында бөлініп қалған Жұман Құсанды алып, ауылға жеткенде кеш орнады. Рульдегі екі қолының тамырлары адырайып, қара торы өңі күреңітіп, екі аяғы қимылға әрең бағынады. Құсанды үйіне апарысымен, уәде бойынша, он литрлік ыдыстағы сырасын көтеріп, Бөлеужандікіне келген.

Шофер жігіттер үш-төрт күндік ұзақ сапардан оралғанда, осылай бір жиналып бас қосу талайдан қалыптасқан әдеттері еді. Дөрекілеу сөйлейтін Жарқын қызулығына басып, дастарқан басындағы алты-жетеудің бәрінен бұрын тіл қатты.

– Бір машина тақтайды сіңіргендегі әкелгенің бір құты сыра ма?–деп салды.

Үйдегілердің бәрі бір-бірінен сыр жасырмайтын, ал бөтен деген Бөлеужанның келіншегі сөзге жоқ-ты.

– Шөлдеп отырғанда бұл да сусын, – деп Қали ыдысты алды.

Шешініп, жеңілденіп, карта ойнағандардың бір шетінде отырып, шай ішкен Жұман қалжыңның байыбына енді барды.

– Қарағайды қайда сіңірдіңдер? – деді Жарқын. Ол ұрлыққа тәуірлеу қарайтын. Көмір, шөп, жем тасығанда шетінен сата жүретін.

– Е, қайдам, – деді Жұман. – Маған айта ма? Кейін шифер аламыз деп бір қоймаға аударып тастады.

Жұман осы жігіттердің қатты айтқанын да, қалжыңын да, жұмыстағы ауыртпалықты да бірге көтереді. Біреуінің алдынан шыққан емес.

Осылай анда-санда бас қосқанда, бұлар көбіне карта ойнайды. Картаға құмартпайтын Жұман ғана. Соғымнан қалған қызыл турамның азайған шағы. Бөлеужанның әйелі макорон мен картопты көбірек салып, еті аздау қуырдақ жасаған екен. Қарны ашқан азаматтар ештеңе қалдырған жоқ.

Пердесі жабулы төргі үйде балалар ұйықтап жатыр. Ыдыс-аяғын жинастырып Үміт те ұйықтауға кетті. Күбір-күбірмен түн ауды, ауыз үйді түтінге толтырып, ауық-ауық есікті ашып ойыншылар бөлмені желдетіп алды. Бөлеужан үй суымасын деп анда-санда көсеп, пешке көмір салады. Үй іші жылы. Бұлардың ішкіліктері мол екен. Ұйқы жеңіп Жұман енді қайтсам ба деп отырғанда, Сейіт Саматпен ілінісіп, төбелес шықты.

Бөлеужан бір жағында тартқылап жүр. Ақыры соққы жеген Жұман болды. Сейіттің өршеленіп ұрған жұдырығы кеңсірігіне тиіп, көзі тарс жұмылып кетті. Қызыл қан алақанға толды. Бұйра шашы ербиіп Сейіт міңгірледі, есін жиып Жұманды сүйемеледі. Қан тоқтамай Бөлеужан таяу жерден медсестра шақырды.

Жұман содан біраз күн ауруханада жатты. Ішкілік, түнгі төбелес жайы жұртқа тарамай елеусіз ұмыт болды.

          

5

 

Зиба Жұманды балаша күтіп, көп ешқайда жібермейтін болды. Киіне бастаса “Қайда барасың?” – дейді. Жұман қыдыруға жиналса “Отыр, ешқайда бармайсың”, – деп кәдімгідей зекиді. Не үй жұмыстарын айтып, көбейтуге тырысады. Жұман күпәйкесін киіп, шаруамен еріксіз айналысады.

Көктемгі көңілсіз оқиғадан кейін қыр мұрны бір жағына қисайып бітті. Зиба қанша сұрап, кінәліні іздегенмен Жұман: “Ой, онда нең бар”, – деп ештеңе айтпады. Атасы көріп:

– Мына дене, мына қарумен мұрыныңды бұздырып… – деп кәдімгідей намыстанды. Жұман болса үлкен қолдарымен шашын қайырмалап отырып:

– Төбелескенім жоқ, байқаусыз болды, ойын үстінде, – деп жалтаруға кіріседі.

Жаз шыға Жұманның бауыры семьясымен фермаға көшті. Алты бөлмелі кең үйде шешесі екі қызымен, малмен жалғыз қалды. Енді Жұман тағы да екіжақты болды.

Кейде совхоздың ескі клубында партия жиналысы өтеді. Айқын келгелі әр жиналыс жалынмен, өзара сынмен, құлшыныспен қызу жүреді. Бригадирлер, ферма басшылары, трактористер қаптың аузын ағытып жібергендей қызу сөйлейді. Бірақ көп жылдар әдетке айналып кеткен, сөзбұйда, кінәні іздеу, тұралатын кінәліні соғу сияқты қылықтар жиналысты жиналыс емес, жауап берушілер мен сынаушылар, жауап алушылар лагеріне бөліп жібергендей болады. Жиналыс қанша әсерлі өтсе де жұрт, бәрібір айтылған сөз сол күйі қалады дейтін. Жұман да сол көп сөздерге илана бермейді.

Тіпті сол айтқан сөздердің көбіне Айқын да сене бермейді. “Өтірік болу керек, – дейтін ол, – алдамасаң  күн көру жоқ”. Жұман бұл сөздерді Айқынның өз аузынан естіген.

Бір жағынан Айқынды жақтап сөз сөйлейін, көмек қылайын десе, сөз бар да әрекет жоқ онда. Рас, адамдарды құлшындырады, сендіреді, ары қарай ше? Іс қалай, не тынды? Адамдар істеп жатыр, беріп жатыр, жасап жатыр, өздері ше? Иә, біз көбіне өзімізді елемейміз. Осы Жұман бірге істейтін Әлсер деген жігіттің күзде үйінде бір тал отын жоқ екенін көрді. Ақ таң кетіп, түн жамыла келеді. Жалқаулық емес, жұмыс барысында бала-шағаны ұмыту. Сол Әлсер өз семьясына қарауға уақыты жоқ. Үйдің айналасы жалаңаш, мал асырауға қыры жоқ, жұмыс, жұмыс деп тікбақайға айналуға болар ма?

Иә, Жұман қарсы. Айқайға, науқаншылдық пен сөзбұйдаға қарсы. Ол сөзге араласқан емес. Кейде өз ойын айтқысы да келеді, жеткізе алмаудан ұялады. Кейде өз ойларынан кәдімгідей қуыстанады, қателесуден қорқады.

Жаз бойы шөпші, құрылысшыларға тамақ тасып Жұман соңғы уақытта тағы бір құпия өмірлерді аша түскендей.

Күз бастала Жұман тағы да сәтсіздікке душар болды.

 

 

6

 

Тамақ тасу Жұманға жеңіл тиді. Машинаның үстінде нан салатын үлкен жәшік бар, соның ішінде қант, томат, макарон, вермишель – бәрі де табылады.

Есебін жүргізіп, таратып отыратын Бейімқұл. Бұл өзі аты жер-көкке тараған қызық пенде. Дөңес мұрны сәл көтеріңкі ерніне жымдаса біткен, адамға көз тоқтатып қарамайтын, қушық жауырынды, қозы қарны бар, ақ шашты адам. Ертеректе, соғыстан кейінгі жылдары, ферма бастығы болған. Содан есепшілігі бар талай құйтырқыны меңгерген. Тері, жүн, ет жинайтын агент те болды.

Бейімқұл тірі жанның бетіне келмейді. Қарсы шығып дауласқандар болса тайқып кетеді, не естімегенсіп елемейді. Бейімқұлға сен сондайсың дейтін кім табыла қояр. Бір ұлы ауданда дәрігер, екінші ұлы мен бауыры ауылда ферма меңгеріп, басшылық қызметтерде жүр. Ортасындағы жалғыз шалды кімнің түртпегіне бере қояды.

Бейімқұлға балалары ренжісе бір-ақ ісіне ренжиді. Үн-түнсіз жүріп, ішкені қызыл арақ.

Сол Бейімқұлмен жұмыс істеу Жұманға қызық сияқты. Кейде қолы ашылып, жаман былғары сөмкеге арзан қызыл арақты салып жүреді. Онысын өзі ұмытып та кетеді. Бейімқұлдың қасында жүргенде Жұманның көңілі тоқ. Бір айда ақшасына екі қойды алғызып сойды. Документте ол шөпшілердің атына жазылған. Оған кім қарап, тексеріп жатыр.

Жайлау-жайлауда бір-біріне 30-50 шақырым жатқан шөпшілерді аралап, түнделетіп қайтар жолда 20-30 бау шөп тией салу Бейімқұлдың әдеті. Жұман қой деп айта алмайды. Өз қолымен тиесе де Жұман бұл іске жауап беретін Бейімқұл деп ойлайды.

Жаз айларындағы ең жауапты жұмыс пішен дайындау. Жайлаудағы сай-саланы, жазық-адырларды қуалап жаздай тыным алмаса да пішеншілер соңғы жылдары жоспар орындай алмайтын.

Бірнеше жылғы қуаңшылық бар, оның үстіне мал басы ұдайы өседі. Соңғы он-он бес жылда совхоз тұрғындары да екі еседей көбейді. Тау етегінде қаз-қатар тізілген көшелері бар үлкен ауылдың өзінен бір ферманың малы шығады.

Бұның бәрі Жұманның баяғыда-ақ есептеген нәрселері. Сөйтіп жүріп Жұман аздап ұрлыққа үйренді.

         

 

 

 

7

 

Күз. Сентябрь айының аяқ кезі. Ауыл шалдары шалғымен шөбін шауып, үйіп алған. Бейімқұл сияқтылар қысқа дайын. Түнделетіп әкелген алпыс баудан өзге Жұманның қорасында түк жоқ. Қысты ойласа, таза тұрған шешесінің қорасын ойласа, көңілі күп болады.

Жұмаға қараған айсыз бір түні, Жұман қасына үш жігіт ертіп, жорыққа аттанды. Бұл мезгілде ферма басшылары ұйықтамайтын. Түнгі жүріске сақ, әккі болған Жұман да жиырма бес шақырым жерді елеусіз жолмен жарықсыз өтті.

Ағара қоймаған өлкенің шөбінен дыбыссыз жүріп сықап тиеп алды. Шөп тиеуші жігіттерге еліктеп бар өнерін салды, төгіле тиеді. Бастырық салып, арқан тартқаннан кейін көгалда төртеуі отырып сусын ішіп, жолға шықты.

 Жұманның жүрген жолы неше жылдан бері ұмыт болған, шөп өсе бастаған тау ішіндегі   ескі жол.                                                  

Ферма орталығы көрінетін бір терең сайдан өткенде, ауыл жақтан машина жарығы шықты. Жұман қатты састы. Тым құрмаса үлкен жолға шыға алмағанына өкінді. Онда мына шөпті қайдан алғанын ешкім білмес еді, өзім шаптым десе де кім біле қояр.

Жұман машинаны кейінгі сайға бұрды. Машинаны қалың қараған мен ұшқар өскен жартастың қалқасына апарды да, тау басына жаяу шықты.

Түн. Соққан жел. Манағы жарық суға батқандай жоғалған. Әлдеқайдан машина дауысы естіледі. Төмендегі жолда бақылап көп отырды. Фермаға қарай бір жеңіл машина өтті. Сіріңке жағып, сағатына қараса түнгі бірден кеткен екен. Енді кешеуілдетуге болмайтынын ойлап Жұмаш қайта рульге отырды.

– Әй, қорқақтамай тура айдашы, – деп қояды әскерден келген балдызы.

Жұман күлді. Машина ұзын сайда шайқалып, әрең келеді. Бұл жолы Жұманның жолы болмады. Ол үлкен жолға қосылатын тұстағы айналмада ферма бастығына кез болды.

 

 

*   *   *

 

Соңғы күндері Жұман қатты жүдеді. Шөп тиелген машина сол күйі бірнеше күн гаражда тұрды. Жұман орнынан алынып, басқа жұмысқа жіберілді.

Кеңсеге баруға Жұманның беті шыдамады. Шақыртып алдыра алмаған соң, машинасымен Айқын өзі келді. Жүдеп, түңіліп кеткен Жұманды көрген соң басылып қалды.

– Жарайды, Жұман, болар іс болды. Соттан да, партиядан да шығудан аман қалдың. Бірақ жеке басыңды қараймыз әлі, – деді.

Екі күннен соң Жұман атасының аулына көмекші шопан болып аттанып кетті.


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here